• RUB:
    5.12
  • USD:
    524.75
  • EUR:
    540.6
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:32

Атаулы көмекті алатындар азайды

19 рет
көрсетілді

Өңірде мемлекеттің атаулы демеу қаржысымен күн көріп отырған отбасылар жыл өткен сайын азайып келеді. Мәселен, 2023 жылы облыс көлемінде АӘК алатын 3 964 отбасы немесе 17 160 адам тіркелсе, өткен жылдың аяғында бұл көрсеткіш 40,5 пайызға дейін кеміді.

Атаулы әлеуметтік көмек 2019 жылдан бері жан басына шақ­қандағы табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға беріліп келеді. Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсете отырып, тұрмы­сын түзеп, еңсе көтеріп ел қатарына қосылып кетуіне ықпал етуді көздейді.

Жұмыспен қамтамасыз ету­ді үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының мә­лі­метінше, бүгінде облыста жалпы саны 10247 адам тұратын 2356 отбасы АӘК алады. Басқарма басшысының орынбасары Максим Устиновтің айтуынша, аталған көмек отбасы­ның немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты шартты, шартсыз болып екі түрге бөлінеді. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетсіз, табысы төмен адамдарға, отбасыларға ай сайынғы төлем түрінде беріліп тұрады. Шартты ақшалай көмек еңбекке қабілетті жалғызілікті адамдарға, сондай-ақ мұқтаж отбасыларға беріледі. Соңғы аталған АӘК түрін алатын азамат­тың жұмысқа орналасуына жергілік­ті әкімдік жәрдемдеседі. Осындай кешенді көмек шараларының нәти­жесінде, өткен жылы АӘК алатын 1687 отбасы еңбекке белсенді араласып, тұрмысын түзеп алған.

«Былтыр еңбекке қабілетті 2299 АӘК алушының ішінде 1445 адам­ның бізге жүгінген кезде өз жұмы­сы болды. 680 адам кісі күтімімен отырды. 174 азамат жұмысымыз жоқ деп келді. Әлеуметтік келісім-шарт нәтижесінде 530 адам белсен­ді еңбекке тартылды. Оның 85,3 па­йызы, яғни 452-сі тұрақты жұмыс­қа орналасты», дейді М.Устинов.

Сала министрлігі биылдан бас­тап учаскелік комиссиялардың жұмысын цифрландыруды жос­парлап отыр. Қазір комиссия АӘК тағайындамас бұрын алдымен от­басының материалдық жағдайын бағалап алып, ол мәліметтерді қа­ғазға хаттайды. Оған біраз уақыт кетеді. Бұл үдерісті автоматтанды­рып, оңайлату мақсатында қаңтар айынан бастап «FSM Social» мо­бильді қосымшасы іске қосылмақ. Ко­миссия мүшелері осы қосымша арқылы отбасы туралы мәліметтерді енгізіп, қорытып, оны комиссия­ның басқа мүшелеріне қол қойдыру­ға жібере алады.

Сонымен қатар қаңтардың бірінен бастап алдын ала келісім бойынша АӘК алуға үміткер аза­маттың банктегі есепшоты, ипо­те­калық несиеге жатпайтын банк­­тік борыштарының бар-жоғы тек­серіледі.

«Азаматтар АӘК алуға өтініш берген кезде жоғарыда аталған жо­баға қатысуға келісімін білдіріп, қолын қояды. Одан кейін отбасы­ның кәмелетке толған мүшелері­не 1414 нөмірінен СМС хабарлама келеді. Оған бір жұмыс күні ішін­де жауап берілу керек. Бұл деректер өтініш беруші келісім бергенде ғана мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы жиналады», дейді М.Устинов.

 

Қостанай облысы