Мәзірде ДДҰ-ның қант пен тұзды азайту бойынша ұсыныстары ескерілген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жетекші бейінді сарапшылармен бірлесіп білім беру ұйымдарына арнап әзірлеген «Үлгілік перспективалық мәзір» – қауіпсіз, теңдестірілген және ғылыми негізделген, балалардың физиологиялық қажеттіліктері мен калориясын ескере отырып жасалған, онда жас ерекшелік санаттары, маусымдылығы, сондай-ақ ас блогы жоқ мектептердегі балалардың тамақтануы ескерілген.
Мәзірде ДДҰ-ның семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да аурулардың даму қаупін азайту үшін қант пен тұзды азайту бойынша ұсыныстары ескерілген. Мысалы, балалар тәулік бойы болатын ұйымдар үшін қант мөлшері 6-10 жас ерекшелік тобында – 55 г-нан 15 г-ға дейін, 11-14 жас ерекшелік тобында – 70 г-нан 21 г-ға дейін, яғни 3,3-3,6 есе азайды. Тұз 6-10 жас ерекшелік тобында – 15 г-нан 3 г-ға дейін, 11-14 жас ерекшелік тобында – 15 г-нан 4,5 г-ға дейін, яғни 3,3-5 есе азайды.
Негізгі мәзірге ет, балық, көкөніс тағамдары, жаңа піскен көкөністен жасалған салаттар және қант мөлшері аз сусындар кіреді.
Балалардың өсуі мен дамуы, сондай-ақ аурулардың алдын алу үшін рационға майы аз сүт, пробиотиктері бар сүт қышқылы өнімдері кіреді, оған қоса көкөніс пен жеміс-жидек көлемі арттырылған.