Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті 2018 жылы таратылған «Сырдария аудандық туберкулезге қарсы диспансері» МКК-ның есеп-шотындағы 8 200 000 теңге қаржыны алдау жолымен жымқырған Б.Расилов есімді азаматты анықтады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның былтыр қыркүйек айында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның Астана қаласындағы филиалынан МКК басшылары атынан жалған сенімхат дайындап, «әрекетсіздік мәртебесін есептен алу туралы» және «пайдаланушыны «Online bank» жүйесіне қосу туралы» банктік құжаттардың нысандарын ұсына отырып, банк филиалының автокассаларынан ақшалай қаражатты алғаны анықталды.
Қазір күдіктіге қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен кінәлі деп танылып, оны мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында материалды жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 4 жыл мерзімге айыра отырып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Тергеп тексеру барысында мемлекетке келтірілген залал толық өндірілді.