• RUB:
    5.16
  • USD:
    526.81
  • EUR:
    542.72
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Көлде жүзген қос аққудай...

260 рет
көрсетілді

Былтырғы көктемде Құлсары қаласын Жем өзенінің арнасынан асқан тасқын су басқан еді. Сол кезде талай тұрғынның үйі су астында қалды.

Тасқын судан зардап шеккендердің қата­рында Асқар Толыбаев та бар. Ол Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында өмірге келген. Осы шаһарда еңбек жолын бастап, отбасын құрған. Әйелі Амангүл Қале­новамен бірге 1 ұл, 1 қыз тәр­бие­леп, кіндік кескен мекенінде әлі де тұрып жатыр.

«Әйелім екеуміз «Теңіз» кен орнында вахталық тәсілмен жұмыс істейміз. Жұмыс істейтін компанияларымыз бөлек бол­ғанымен, вахтаға бір мезгілде барамыз. Су тасқынынан 5 күн өткен соң үйімізге келдік. Аула­ның ішінде тереңдігі тізеге жа­қын су тұрды. Тасқын су үй мен сарайдың да, гараждың да іші­не кірген. Мұны көріп, ішіміз «өртеніп-ақ» кетті. Бұл адамды күйзеліске түсіретін жайт ғой. Бірақ Жем өзенінің тасығанына не істей аласың? Оған кімді кінә­лайсың?», дейді А.Толыбаев.

Тасқын су басқан үйін көріп, абдырап жүргенде інісі телефон шалыпты. Ахуалдан хабардар болған соң «Енді не істеп жүрсіңдер?» деп сұрады.

«Мұндайда не айтарыңды білмейсің. Әйелім екеуміз аула­ға шығып, тасқын суды кешіп жүрміз. Сол сәтте үйлену тойларында көп айтылатын мына бір тілек есіме түсе кетті. Біздің тойымызда да айтылғанын ұмыт­қан жоқпын. «Үйленіп жат­қан кезде қос аққудай көлде қатар жүзіңдер деп еді. Міне, сол тілек 34 жылдан кейін қабыл болып, бір-бірімізді жетектеп, қос ақ­қудай көлде жүрміз» деп, әзіл-шыны аралас бейнежазба түсірдім. Оны інімнің сұрағына жауап ретінде жіберген едім», дейді ол.

Кейін сол жазба әлеуметтік желіге жүктеліп, көпшілікке таралған. Желі қолданушылары ерлі-зайыптыларға жылы пікір­лерін білдірді.

«Су басқан үйімізге сарапшылар мен бағалаушыларды шақырдық. Мамандар сараптау, бағалау қорытындысын шығарды. Соған сәйкес өтемақы қаржысын алдық. Кейбір тұр­ғындар өзге қалаларға қоныс аударып жатты. Ал біз кіндік қанымыз тамған мекеніміз – Құлсары қаласынан кеткіміз келмеді. Оның үстіне талай қуанышымызды атап өткен үйімізді қимадық. Сөй­тіп, мем­лекеттің қолдауы­мен үйі­мізге күрделі жөндеу жұ­мы­сын жүргіздік. Мамандардың қорытындысына байланысты гараж бен жазғы сарайымызды бұзып тастадық. Қазір сол ыстық ұямызда тұрып жатырмыз», дейді А.Толыбаев.

Жаңа жыл қарсаңында ерлі-зайыптыларды «Қызық Times» жобасына шақырды. Жобаны ұйымдастырушылар «Қос аққу» атанған Асқар Толыбаев пен Аман­гүл Қаленоваға «Жыл жұ­бы» аталымын, Дубайда дема­луға жолдама тапсырды.

«Дәл бұлай елге танымал бо­ламыз деп ойламап едік. Су кешіп жүргендегі жазба таны­малдылық үшін емес, сол кездегі басымыздағы жағдайды көрсету үшін түсірілген еді. Дубайда демалуға әлі жинала қойған жоқпыз. Вахталық жұмысқа бара жатырмыз. Дем­алысты кейін ойластыратын болармыз», дейді А.Толыбаев.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар