
Талғат Мұсабаев – кәсіби тәжірибесі мол белгілі әнші. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен осы жоғары оқу орнында аспирантураны тамамдаған ол өз шеберлігін Италияда Мирелла Френи мен Паоло Кони сынды танымал коучтердің жетекшілігімен өткен тағылымдамаларда жетілдірген.
«Театрдың опера труппасын басқару мен үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік. Оның жоғары кәсібилігін сақтай отырып, көрермендерді жаңа қойылымдармен қуантуды жалғастыра беруі үшін бар күш-жігерімді саламын. Бізді алда көптеген қызықты жобалар күтеді», деп атап өтті Талғат Мұсабаев.
Жаңа басшының сөзінше, жуырда жүзеге асырылатын жобалар ретінде Қазақстан қалаларына гастрольдік сапарға шығу, «Опералия» халықаралық фестиваліне қатысу және жас әртістерге арналған шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған.