• RUB:
    5.17
  • USD:
    528.52
  • EUR:
    539.14
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

«Емілден Есілге дейін...»: Жаңа кітап оқырманға жол тартты

26 рет
көрсетілді

Бүгін «Отандастар» қорының қабырғасында журналист Жұлдыз Жұмақанның «Емілден Есілге дейін...» атты кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға белгілі ақын-жазушылар, сондай-ақ автордың жақындары мен әріптестері қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Іс-шараны тізгіндеген журналист Нәзір Сүлеймен бұл кітаптың арқалайтын жүгі соншалықты бір қанды-трагедия болмаса да, әр буынның басына түскен салмағының осы кітапқа арқау болғанын атап өтті.

«Осында келгелі бері Жұлдыз бүгін қоғамда жыраулардың жоқшысы болып, әділеттің адвокаты болып бәріміздің жұмысымызды шауып алып жүр. Міне, бүгін кітабының таныстырылымы өтіп жатыр. Жалпы, кітап дегеніміз өзі бір керемет қазына ғой. Бұл қазына тек Жұлдыздың ғана қазынасы емес, автордың басындағы азын-аулақ тәжі сияқты көрініп тұрғанымен бұл халықтың қазынасы. Сондықтан мына кітабы халқына игілікті болсын. Көптің алдында осындай ғибратты кітап жазып шыққанына ішім жылып, көңілім риза болып қалды», деді алғаш сөз алған филолог, 40 жыл білім саласында қызмет еткен ардагер ұстаз Пәрменбек Жұмабайұлы.

Аталмыш туынды әрбір қандастың басынан өткен, болмаса атамекеніне сағына оралған азаматтардың сан-қилы тағдырына толы. Сондай-ақ кітапта қайшылық екі тағдыр сөз етілген. Бірі, әжесінің туған топырағына оралуы және екінші буынның туған топырағын тастап атамекенге қоныс аударған алуан түрлі тағдыр тарқатылып жазылған. 

«Кешегі күні кітап қолыма тиген сәтте ғана арқамнан бір үлкен жүк түскенін сездім. Шынымен де жазу бөлек, қолыңа қағазды ұстап оқу бөлек екен. Өзім де оқып шығып, жазып шыққаныма таңқалдым және сол сәттерді еске алып қағаз бетіне түсіру оңай да, қиын да болды деп айтпаймын. Бірақ оқыған кезде қайтадан сол өзімнің 11 жастағы бала бейнем көз алдыма елестеді», дейді кітап авторы Жұлдыз Жұмақан. 

Өз кезегін­де таныстырылымға келген қонақтар кітаптың жақсы жазылғанын алға тартып, жинақ­­қа жоғары баға беріп өтті. Аталған жинақ ірі кітап дүкен­дерін­де сатылымға түсіп, қы­зығушылық танытушы оқырман шоғыры да қалың болары сөзсіз.