• RUB:
    5.17
  • USD:
    529.7
  • EUR:
    545.96
Басты сайтқа өту
Құқық Бүгін, 08:40

Жүгенсіз жүргізуші – қоғамға қауіп

29 рет
көрсетілді

Жолдағы жауапсыздықтың салдарынан жыл сайын мыңдаған адам қазаға ұшырайды. Жол-көлік апаты елімізде жиі болатыны, оның салдарынан өлім-жітім де көп екені үнемі айтылып, оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған түрлі іс-қимылдар қолға алынғанымен, қаралы статистиканың азаяр түрі жоқ.

Айтқызбай келер апаттың себебі – сан алуан. Жол жүру ережесін елемеу, жүргізуші куәлігіне заңсыз қол жеткізу, мас күйде көлік тізгіндеу, жылдамдық шегін шамадан асыру деп тізбелей беруге болады. Жол жүру ережесін білмей көлік тізгіндеудің соңы өкінішті жағдайға әкелетінін ескерсек, көлік тізгіндеуге құқық беретін куәлікке ие болу оңай олжаға айналмағаны абзал. Бұл тұрғыда талап барынша күшейтілгенімен, жымысқы әрекетін жүзеге асырып жатқандар жоқ емес. Кейінгі 5 жылда 60 мың жүргізуші куәлігі сатылған. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпарат. Сарапшылардың пікірінше, талаптың күшеюі құжаттың қара нарықтағы бағасын аспандатқаны болмаса, көп дүние өзгере қоймаған.

Ел аумағындағы көлік жүр­гізу құқығына ие азаматтардың саны 5 млн 800 мыңнан асады. Әр жыл сайын шамамен 120 мың аза­мат жүргізу құқығына ие бола­ды. Кейінгі жылдардың беде­рінде көлік жүргізу куәлігін алу талаптары біршама қатаңдатылған ­еді. Дәлірек айтқанда, былтырдан ­бастап көлік тізгініне отыруға ниетті азаматтар міндетті түрде арнайы мектепте даярлықтан өтіп, одан кейін ғана емтихан тапсыруға жіберілетін болған.

Есте болса, 2016 жылдан бас­тап ел тұрғындарының жүр­гізуші куәлігін автомектептерде оқымай-ақ, өздігінен дайын­далып алуына мүмкіндік беріл­ген еді. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып емтихан сұ­рақтарынан сүрінбей өткен талапкер жүргізуші куәлігін кедергісіз ала алатын. 2019 жылдан бастап барлық жұмыс толықтай дерлік ХҚО құзырына өтті. Дегенмен жол апаттарының жиілеуі, жем­қорлық фактілерінің көбеюі мә­се­леге қайта қарауға мәжбүр қылды. Сенат пен Мәжіліс мін­берінде, Үкімет отырысының үй­лестіру кеңесінде талай мәр­те талқыланған тақырып жүр­гізуші куәлігін беру құқын қайта­дан ІІМ құзырына өткізген еді. Министрлік мамандарының зерт­теп-зерделеуімен содан бері қол­даныстағы заңнамаға 120-дан аса өзгеріс енгізілген. Бұлардың дені – заман сұранысына сай жүйені оңтайландыру мен жетілдіру жұмыстары.

Ел аумағында күні бүгін 20 кә­сіби бірлестік пен 700 автомектеп жұмыс істейді. Олардың жұмысын қадағалау мақсатында министрлік «Автомектеп» деп аталған арнайы ақпараттық жүйені іске қосқан. Жүйенің көмегімен авто­мектептердің материалдық-техникалық әлеуетін, онда сабақ беретін мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау, жұмыс сапасын бақылау мүмкін болып отыр.

– Елде жүргізуші куәлігін заң­сыз саудалағандар мен сатып алушылармен күрес жүргізі­ліп-ақ жатыр. Талап та күшейді, тәртіп те барынша қатаңдатылды. Дегенмен біздікілер оның да орайын тауып жатыр. Өкінішке қарай, бұл жүгенсіздікті түбегей­лі тойтара алмай отырмыз. Бұл – тікелей адам өміріне, қоғам қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сондықтан оған «бармақ басты, көз қысты» қарауға болмайтыны Президент Жолдауында да айтылды. Өкініштісі сол, көлік апаты өрімдей балалардың да өмірін жалмап жатыр. Былтыр елімізде балаларға қатысты 3,5 мыңнан аса жол апаты тіркелген болса, салдарынан 200-ге жуық кәмелетке толмаған бала қаза тауып, 4 мыңнан астамы түрлі деңгейде жарақат алған. Қазір ақпарат құралдарынан жол апатына қатысты ақпараттарды күн­де көзіміз шалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірер жыл бұрын Ішкі істер министрлігі­нің кеңейтілген алқа отырысында «Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкін­дігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. Біз бұл проблеманы көп­тің алдында Парламентте де, Үкіметте де талқыладық. Алайда мәселе шешілмеген күйі қа­лып отыр», деген еді. Мұның бір ұшы жүргізуші куәлігін қалай болса, солай алғандар мен адам тағдырына қатысты мәселені саудаға айналдырғандарға тиеді. Қателіктің бәрін жол сапасына жаба бермей, жағдайға сергек қарайтын кез келді, – дейді қоғам белсендісі Арман Заманбеков.

Жоғарыда айтып өткеніміз­дей, жантүршігер жағдайға алып келетін көлік апаттары­ның негізгі себептері – көлік тізгінін кәмелетке толмағандар­ға немесе көлік басқару құқы жоқ басқа адамдарға беру, жыл­дамдықты шамадан тыс арттыру, мас күйде көлік тізгіндеу, жол жүру қағидаларын бұзу, жүргізуші назарының бөлінуі, жол сапасының сын көтермеуі секілді бірнеше фактор.

Президент былтырғы Жол­дауында жол апаттары туралы айта отырып, жергілікті және республикалық жолдардың инфрақұрылымын жақсарту жа­йына тоқталған еді. Ойдым жолдан қашамын деп от басып жатқандар қаншама? Жолдар­дың жүктемеге төтеп бере ал­мауы, жаяу жүргіншілер жолағы мен тиісті белгілердің дұрыс құ­рылмауы, кейбір аймақтардағы сапасы сын көтермейтін немесе тым тар жолдар, сондай-ақ түнгі уақыттарда тасжол жиегінде жа­йылатын қараусыз мал қайғылы оқиғалардың орын алуына әкеліп соқтырады. Кейбір аймақтарда әлі күнге дейін аудан орталықтарына баратын күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Ал шалғайдағы елді мекендердің жайы айтпаса да түсінікті.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің былтырғы есебіне сәйкес, ел аумағында жол апаттары ең көп орын алатын өңірлердің көш басында Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстары аталған. Одан кейін – Түркістан облысы мен Астана қаласы. Жол апат­та­ры­ның көп бөлігі халықара­лық, республикалық маңызы бар тасжолдарда болады. Ұлы­тау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының тас жолдарында да адам өлімінің дең­гейі жоғары. Әсіресе, күзгі-қыс­қы маусымдағы жол қолайсыз­ды­ғы жағдайлары күшейгенде апат жиілей түседі. Деректерге көз жүгіртсек, қайғылы оқиғаларда ережені елемеудің үлесі басым. Мас күйде көлік жүргізу қылмысы да түбегейлі тыйылмай тұр.

Сарапшы Елназар Ахметбек, тозығы жеткен техника жолдағы көлік апаттарына жиі себеп болады деген пікірде. Оның айтуынша, ел тұрғындары тізгіндеген көліктердің жартысына жуығы 20 жылдан асқан.

– Ескі көліктердің заманауи қауіпсіздік жүйесі жоқ. Тех­никалық байқаудан амалын тауып өтіп жүр. Сандық көр­сеткішпен алсақ, бұл – 3 млн көлік. Дамыған елдерде мұндай көліктердің жүруіне мүлде рұқ­сат бермейді. Әлбетте, жұрт­тың бәрі жарқыратып жаңа көлік міне алмасы тағы анық. Өйт­кені жаңа көлік бағасы шарықтап тұр. Көптеген оқиға адами фактор­дан, азаматтардың салғырттығы мен жауапкершілігінің төмендігі­нен белең алады. Жүргізушілер­дің жауапкершілігін оятып, түр­лі келеңсіздіктердің алдын алу үшін заңды барынша күшейту керек. Кейінгі жылдары мопед, электрлі-сомакат, скутер секіл­ді микромобильдер санының артуы да мәселені ушықтырып отыр, – дейді Е.Ахметбек.

 

АЛМАТЫ