• RUB:
    5.16
  • USD:
    530.24
  • EUR:
    543.97
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:55

Келген жыл кімді қуантты?

25 рет
көрсетілді

Әр жаңа жыл кірген сайын елді ең бірінші толғандыратын мәселе – әлеуметтік саладағы өзгерістер. Инфляция мен бағаның шарықтауымен қатар, биыл жалақы, жәрдемақы, зейнетақы да біршама өскені байқалады. Біз бұл жазбамызда биыл өсетін жалақы жағдайына аз-кем шолу жасамақпыз.

20 пайыздық өсім сақталады

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігінің 6 қаң­тардағы мәліметіне сәйкес, биыл азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 20% өсетін болды.

«Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында биыл азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жала­қы­сын орташа есеппен 20% ке­зең-кезеңімен арттыру жалғас­тырылады. Осылайша, 2022–2025 жылдар аралығында азамат­тық қызметшілердің жекелеген санат­тарының жалақысы екі есе ұлғая­ды», делінген мәлімдемеде.

Бұл қатарда бухгалтерлер, эко­но­мистер, заңгерлер, мұрағат­­шы­лар, кітапханашылар, мұра­жай­тан­у­шылар, орманшылар, тех­ни­­калық персонал, тағы бас­қа да жұмыс істейтін 600 мыңға жуық азаматтық қызметші­нің жал­ақы­­сы жаңа жылдан бастап өсті.

Сонымен қатар Үкімет 2025 жылы мына мамандардың жалақы­сын көтеруді көздеп отыр: ішкі істер орган­да­ры­ның медицина қыз­мет­кер­лері, таби­ғатты қор­ғау және арнаулы мекеме жұ­мыс­шылары, арнау­лы әлеуметтік қызме­т­тер көр­сету орталықтарының медицина қыз­­меткерлері, азаматтық қыз­мет­ші­лер­дің жекелеген санаттары, қазы­налық кәсіп­орын жұмыс­шы­лары; мектепке дейінгі білім беру ұйым­да­рының педагогтері, мек­тепке дейінгі мемлекеттік білім беру ұйым­да­ры­ның, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі мем­ле­кеттік білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлері, жергілікті атқа­ру­шы органдардың денсаулық сақтау ұйым­дарының жұмысшылары, мем­ле­кеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының медицина қыз­мет­кер­лері. Ресми мәліметке сүйен­сек, әсіресе әр саладағы медицина қызмет­кер­­ле­рі­нің жалақысы біршама өсетіні бай­қа­лады.

 

Білім саласында да ілгерілеу бар

Өткен жылы Президент оқыту­шылар мен ға­лымдардың жалақысын көтеруді тап­­сы­рып, студенттермен қатар еліміздің бі­лім беру жүйесінде педагог та басты тұл­­ға­ға айналуға тиіс екенін атап айтқан еді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында елде жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жыл­дарға арналған тұжы­рым­дамасына жо­ғары білім беру сапасын, ғылыми зерт­теулердің нәтижелілігін арттыруға бағыт­талған өзгерістер енгі­зілді. Айталық, был­тыр жоғары оқу орын­дарының про­фессор-оқытушылар құра­мының жа­лақы мөлшері 160,7 мың теңге­ден 350 мың теңгеге дейін, ұлттық жоға­ры оқу оры­н­дарында 228,8 мың теңге­ден 400 мың теңгеге дейін өскен еді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ғылыми ұйым­дар қызметкерлерінің лауа­зым­дық жа­лақысы 18%, 2024 жылғы қаңтардан баст­ап – 18%, 2025 жылғы қаңтардан бас­тап – 17% ұлғайтылды.

Бұған қоса «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық акті­леріне ғылым және білім беру мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көзделген нормалар шеңберінде ғылыми атақтардың болуына қатысты ғылыми қызметкерлерге қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Мем­лекет басшысы былтыр 6 мамырда қол қойған Заңға енгізілген түзетулердің бірін­ші блогі педагогтер мен ғылыми қыз­мет­керлердің материалдық жағ­дайын жақсартуға бағытталған. Атап айт­қанда, белгілі бір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтер үшін ай сайын­ төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғай­тылды. Мәселен, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі, қауым­дас­тырылған профессор (доцент) атағы үшін 25 АЕК (92 300 теңге), ғылым докторы, қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 42 АЕК (155 064 теңге), философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кан­дидаты, ғылым докторы дәрежесі, про­фессор ғылыми атағы үшін 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Ғылыми дәрежелері мен атақ­­тары үшін осындай ай сайынғы қо­сым­ша ақы негізгі жұмыс орнында ғы­­лы­ми зерттеу жұмыстарын жүргі­зе­тін ғы­лыми қызметкерлерге де бел­гі­лен­ді. Ал 40 жас­қа толмаған дарынды жас ға­лым­дарға жоғары және (немесе) жо­ға­ры оқу ор­нынан кейінгі білім беру ұйы­мы­­ның эн­дау­мент-қорының инвес­ти­ция­л­ық кіріс қа­ра­жатынан стипендия алу құ­қ­ығы берілді.

Қысқаша қайырғанда, білім сала­сындағы 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен өсірілген жалақы көлемі биыл 100 пайызға жетіп отыр.

 

Қолға тиетіні қанша?

Жалақы жыл сайын өседі, әйткен­мен «ол неге бірден қомақты болып қол­ға тимейді?» деген сауал қара­пайым жұмысшыларды үнемі тол­ған­ды­рып отырады. Мәселен, 2025 жылы ай­лық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты жалақыдан ұста­ла­тын салық пен міндетті төлемдер мөл­ше­­рін алып тастағанда «қолға тиетін» ең­бек­ақы сәл көтерілуі мүмкін.

Жалақыдан қандай жарналар ұс­та­­­лады, жалақыдан салық қалай ұс­та­лады дегенге тоқталайық. Кейбір жұ­мыс­­шылардың еңбек шартында жұ­мыс берушілер «қолға тиетін» жа­ла­қы­ны, яғни жеке табыс салығын (ЖТС), жарналарды ұстағаннан кейінгі қаражатты бірден белгілей алады. Бұл ретте оларға міндетті төлемдер мөлшерінің өзгеруіне қарамастан, келісілген жалақы төленеді.

2025 жылы АЕК 6,5 пайыз өсіп, 3 932 теңге болды. Осыған байланыс­ты жеке табыс салығының мөлшері азайып, жалақы аздап өсуге тиіс. Бұл қалай есептеледі? Елімізде жалақыдан бірнеше міндетті төлем ұста­ла­ды. Міндетті зейнетақы жарнасына (МЗЖ) жалақының 10 пайызы, міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыруға (МӘМС) жалақының 2 пайызы, жеке табыс салығына (ЖТС) жалақыдан шеге­­рім­дерді алып тастағаннан кейін қал­­ған қаражаттың 10 пайызы ұста­лады. Барлығы – 22 пайыз. МЖС ұс­та­латын ең жоғары жалақы айына 50 ең тө­мен­гі жалақыға (ЕТЖ) тең. 2025 жылы ең төменгі жалақы 85 000 теңге деңгейінде сақта­латындықтан, бұл қаражат 4,25 миллион теңгеден аспайды. МӘМС-ке жарна ұсталатын ең жоға­ры жалақы 10 ең төменгі жалақыға неме­се 850 000 теңгеге тең. Алайда маман­дар бұл жарна бойынша шекті ең тө­менгі жалақы да 50-ге дейін артуы мүм­кін екенін айтады.

Жалақыдан жоғарыда аталған мін­дет­ті төлемдерді алып тастағаннан кейін ғана ЖТС есептеледі. Оның ішін­де міндетті жарналар мен шеге­рімдер алынады. Салық салынатын табыстан 14 АЕК мөлшерінде стандартты шеге­рім қол­данылады. Алынған қаражаттан 10 пайыз ЖТС ұсталады. 2024 жылы стан­дартты шегерім мөлшері 51 688 тең­ге болса, 2025 жылы 55 048 теңгеге жетті. Бұл айырмашылық елдегі жалақы­ға қалай әсер ететініне бір мысал кел­тірейік. Мәселен, 2024 жылғы жалақы 300 000 теңге болды делік. Мін­дет­ті жарналар: 30 000 теңге (МЗЖ) + 6 000 теңге (МӘМС). Салық салынатын табыс: 212 312 теңге (300 000 – 36 000 – 51 688).­ ЖТС: 21 231,2 теңге. «Қолға тие­тін» жалақы – 242 768,8 теңге. Ал 2025 жылы міндетті жарналар: 30 000 теңге (МЗЖ) + 6 000 теңге (МӘМС). Салық салынатын табыс: 208 952 теңге (300 000 – 36 000 – 55 048). ЖТС: 20 895,2 теңге. «Қолға тиетін» жалақы – 243 104,8 теңге. Осындай аздаған өсу былтырғымен салыстырғанда артық болады.

Қорыта айтқанда, инфляция мен баға өскенімен, жалақы мен әлеуметтік төлем­­дердің де көлемін ұлғайтып отыру – мем­лекеттің әлеуметтік міндет­те­­ме­­лерінің бірі. Бұл баланс бұзыла қоймауға тиіс.