• RUB:
    5.16
  • USD:
    530.24
  • EUR:
    543.97
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:58

Жүйкені жұқартқан желі жаңартылып жатыр

58 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мұнайлы өңірге келген сапарында электр жарығының жиі сөнетініне назар аударып, «Атырау жарық» АҚ-ның жұмысын сынға алған болатын. «Атырау облысындағы тағы бір өзекті мәселе – электр желісінің тозуы. Оның 40 пайызға жуығы ескірген. Соңғы жылдары аймақта электр қуаты жүйесі дұрыс істемейтін болды. Өңірдегі энергия тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. Облыста өзінің электр стансасын пайдаланып отырған кәсіпорындар бар. Бірақ олардың мүмкіндігі шексіз емес. Өнеркәсіп орындары дамып, халық саны көбейген сайын қуат көзіне деген сұраныс артады. Атырау облысының электр энергиясы жүйесін түгел жаңғырту жұмыстарын бастау қажет», деді Президент.

Бұл тапсырма берілгелі бері де 3 жыл өтті. Осы кезеңде тұрғындар жүйкесіне тиген электр желі­сіндегі түйткілді оң шешу барысында не істелді? «Атырау жарық» АҚ президентінің орынбасары Қуанышбек Жұмиевтің айтуынша, өткен жылы Атырау қаласындағы қосалқы стансада электр сымдарын, Жылыой ауданын­дағы екі электрбекеттің нысандарын ауыс­тыру көзделген. Алайда көктемгі табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты құрылыс уақытша тоқтатылған.

«Су тасқынының беті қайт­қан соң жұмыс қайта жанданды. Маусым айында Атырау қаласындағы Ақжар елді мекені мен «Алмагүл» шағын ауданындағы қосалқы стансалар, Жылыой ауданының Жаңақаратон кентіндегі энер­гетикалық нысанның құрылғысы ауыстырылды. Енді облыстық әкімдікпен арадағы келісім­шартқа байланысты апаттық жағдайдағы 1409 бағананы жаңар­ту қолға алынып жатыр», деді Қ.Жұмиев.

Қалалық электр жүйелері­нің бас инженері Нұржан Жұма­баевтың пікі­рі­не сүйенсек, шаһардағы «Нұрсая», «Жер­ұйық» шағын аудандарында электр желісінің жиі істен шығатыны байқалады. Бұл келеңсіздікті жою мақсатында 32 шақырым электр желісін жаңарту жоспар­ланған. Осы кезге дейін «Нұрсая» шағын ауданындағы 20 шақырымды құрайтын жерасты электр желісі жаңар­тылған.

«Қазір аталған шағын аудан­дағы 60-қа жуық көпқабатты үй мен «Тұлпар», «Бола­шақ», «Сұңқар» тұрғын үй кешен­дері­нің жерасты кабелі ауыстырылды. Соң­ғы жылдары «Нұрсая» шағын ауданы тұр­ғын­дарынан жарық мәселесіне қатыс­ты шағым көп түседі. Оған себеп, 16 жыл бұрын қолданысқа берілген тұрғын үйлер­дің электр кабелі ескірген. Осыған бай­ланысты авариялық жағдайда кабельге жал­ға­натын муфталар шамадан тыс көбейген. Нақтырақ айтқанда, жерасты электр кабеліне жалғанған муфта саны нор­ма­тивтен асып кетіп отыр. Соның салдарынан электр энергиясы нашарлап, тұр­ғындардың шағымдануына әкеліп соқ­тырды. Бұл мәселенің себебін зерделей келе, жер­асты электр желісін полиэтиленмен қап­талған өзін-өзі оқшаулағыш замануи ка­бельге ауыстырдық», деп мәлімдеді Н.Жұмабаев.

Нәтижесінде, қазір «Нұрсая» шағын ауданы тұрғындарынан 109 байланыс орталығына жарық мәселесіне қатысты түсетін шағым саны 4 есеге азайып отыр. Айталық, мамыр-қыркүйек айларының аралы­ғында аталған орталыққа 2169 шағым түскен. Ал соңғы 3 айдағы шағым саны – 559.

Электр желісі тек Атырау қаласында ғана емес, аудандарда да тозған. Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы инженерлік инфра­құрылымды дамыту бөлімінің бас маманы Әділет Бақтығалиев­тің айтуынша, Исатай ауда­нын­да орналасқан Томан аулын­дағы электр желісі тозғаны анықталыпты. Мұн­дай түйткіл ауыл тұрғындарының ренішін тудыр­ған.

«Бұл мәселе оң шешімін тапты деуге болады. Қазір ауылдағы электр желісі қайта жаңғыртылып, Х.Ерғалиев аулындағы №83 «Новобогат» 110/10 кВт қосалқы трансформаторынан 30 шақырым электр желісі тартылып жатыр. «Айком Ltd» ЖШС қосалқы стансаға ұяшық қойылып, электр жабдықтарын орнатуды жүргізіп жатыр. Тұрғындарға уақытша кернеу осы айдың аяғында пайдалануға беріледі. Бұл жұмысты толықтай іске қосу жыл соңына жоспарланып отыр», деді Ә.Бақтығалиев.

Атырау облысының энер­гетикалық кешені баспасөз қыз­метінің мәліметіне сүйенсек, «Атырау жарық» АҚ 32 трансформаторды жаңасына ауыстырған. Мәселен, Жылыой мен Мақат ауданының әрқайсысында осындай 6 трансформатор орнатылған. Атырау қаласы мен Қызылқоға ауданына – 4, Махамбет, Исатай, Индер, Құрманғазы аудандарына 3 трансформатордан бөлінген.

«2024-2029 жылдар ара­лы­ғында «Ынта­лан­дыру» жобасына сәйкес тұрғындарды сапалы, әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету жос­пар­ланған еді. Осыған орай электр энергиясын жеткізуші кәсіп­орын балансындағы 742,058 ша­қы­рым әуе, 1,745 шақырым кабель желісіне, 14 қосалқы стан­саға, 76 транформаторға күрделі жөн­деу жүргізілді. Бұған қоса, электр тарататын бекеттер де жөн­делді. Енді алдағы жылы 473,271 шақырымға жуық әуе, 1,215 шақырым кабель желісіне, 9 қосалқы станса мен 66 транс­форматорға, таратушы бекеттерге күрделі жөндеу жүргізу жос­парланып отыр», деп хабарла­ды кешеннің баспасөз хатшысы Эльвира Рахымжанқызы.

Атырау қалалық тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Олжас Хасановтың айтуынша, бөлім балансында 548 трансформатор бар. Биыл электр кернеуін реттейтін 30 трансформатор жаңартылған.

«Трансформаторларды жыл сайын жаңарту кезең-кезеңі­мен жүргізіліп келеді. Электр энергиясымен жабдықтаушы кәсіпорынмен екіжақты келісім аясында ұзындығы 32 шақырым жерасты желісі ауыс­тырылуға тиіс. Осы кезге дейін жос­пар­лан­ған жұмыстың 70 пайызы атқарылды. Енді «Жұлдыз», «Жұлдыз-3», «Водников» ша­­­ғын аудандары мен Б.Аман­шин, Б.Құл­ма­нов көшелерін­дегі, Қ.Сәтбаев даң­ғы­лын­да­ғы электр желісін ауыстырамыз», дейді О.Хасанов.

Мұнайлы өңірдің Ресей Федера­ция­сымен шекарада орналасқан Құрманғазы ауда­нындағы ауылдарда да электр желісін жаңарту қолға алынып отыр. Аудан әкім­дігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, 17 ауылдық округте 1445 жарық шамы, 1100 бағана мен 3 трансформатор орна­тылған. Электр энергиясына жет­кізетін 26400 метр электр желісі ауыстырылған.

«Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдар­ла­масы аясында Сүйіндік, Жаңаталап, Сафон, Мақаш, Көптоғай, Бөкей хан ауыл­дары толықтай жарықтандырыл­ды. Тұр­ғындар саны көп Ақкөл аулында 54 шақырым электр же­лісі тартылып, көшелерге жа­рық шамы орнатылды. Бұл ауыл­дағы қосалқы стансаның құ­рылысы да жақында аяқталады. Қазір ауылда 605 электр бағанасы орнатылып, 23 шақырым кабель, әуе желісі тартылды», деді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Гүлхат Хамза.

Индер ауданында да осындай игі істер қолға алынып жатыр. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 ауыл­дық округте 54 бағана мен 995 заманауи led шамы орнатылыпты. Жаңадан 2 мың метр электр желісі жүргізілген. Нәтижесінде, Өрлік, Бөдене, Көктоғай ауылдарында, Елтай ауылдық округіне қарас­ты Аққала, Жарсуат округіндегі Құрылыс, Қызылжар, Ақтан елді мекенінде көше жарығы мәсе­лесі толықтай шешімін тапқан. Енді биыл Көктоғай аулындағы 14 көшеге заманауи ақылды шамдар орнатуды жос­парланып отыр. Жарсуат аулына led шамдары, Индербор кентіне 20-ға жуық бағана орнатылады.

 

Атырау облысы