Ауылдағы ағайынның ырысын еселеуді мақсат тұтқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының сапалы орындалуын Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында айрықша атап өтті. Бұл әсте тегін емес. Ауылдың өркендеуі, елдің дамуына серпін беретіні белгілі. Ал бағдарлама негізінде қолға алынған «Тауарлық несие» жобасы қарапайым адамдардың кәсіп бастауына жол ашты.
Бір жылда елімізде 75 мектеп жабылыпты. Бұл 75 ауылдың тағдыры қыл үстінде дегенді білдіреді. «Тауарлық несие» осындай «дерттің» тамырына балта шапса игі. Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, жоба Ақтөбе облысында кеңінен қолданысқа ене бастады.
«Бір ғана Ақтөбе облысында кейінгі үш жылда 17 мың адам ауылдан көшіп кеткен. Солардың 10 пайызы Алматыға, 10 пайызы Астанаға, тағы 10 пайызы шетелдерге қоныс аударды десек, қалған 70 пайызы қайда барады? Әрине, аудан, облыс орталығына келіп орналасады. Оның бәріне жұмыс орны керек. Баспанадан бастап барлық инфрақұрылымдық жағдайды жасап беру ләзім. Бұл ауқымды шаруа үлкен қаржыны қажет етеді. 17 мыңның 1 мыңын ғана үймен толық қамтамасыз етсек, шағын бір аудан пайда болады. Ал ауылдағы дайын медициналық амбулатория мен мектеп, балабақша тағы басқа инфрақұрылымдық нысандар қаңырап бос қалып, ақырында қирап құлайды. Сөйтіп, ол жерге жұмсалған қыруар қаражат ысырап болады», дейді.
Айтуынша «Тауарлық несие» жобасы осындай ахуалды болдырмаудың амалы ретінде қолға алынды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілген 2,5 пайыздық несие тұрғындардың жаппай жұмыспен қамтылуына мүмкіндік тудыра алмады. Себебі жеңілдетілген несиені алу үшін де адамның қолында бірқатар тиісті құжат болуы керек. Ауыл халқының 90-95 пайызы түрлі несиеге байланған. Сондықтан тұрғындардың 70-80 пайызы бағдарламаға қатыса алмай қалды. Осы жағдайлар ескеріліп, ешқандай кепілсіз және пайызсыз «Тауарлық несие» жобасы енгізілді», дейді Ералы Тоғжанов.
Тауарлық несие әуелде мал басымен берілді. Ауылдағы ірі кәсіпкер-фермерлер жергілікті азаматпен өзара келісіп, оған 5 немесе 10 бас мал береді. Кәсіпкер көзсіз тәуекелге ұрынбауы үшін мемлекеттік кепіл ретінде келісімшартқа сол ауылдың әкімі үшінші жақ болып қол қояды. Бұл облыс әкімінің негіздемесі үшін қажет. Табиғи апат туындаса кәсіпкер шығынын мемлекет қайтарады.
«Тауарлық несиеге қол жеткізген адам облыс пен аудан әкімін алдауы, әйтпесе олардан ұялмауы мүмкін. Бірақ бір ауылда тұратын әкімнен ештеңені жасыра алмайды. Ауыл адамдары бір-бірін жақсы біледі. Құда-жекжат, нағашы-жиен, көрші-қолаң дегендей ілік-шатысы тағы бар. Сондықтан бұл қайырымды несиеге кім лайықты, кім бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруға қабілетті екенін ауыл әкімі мен сондағы қоғамдық кеңес мүшелері анықтай алады», деді Үкімет басшысының кеңесшісі.
Келісімшарт 5 немесе 7 жылға жасалады. Оған қол қоятын шақта облыс әкімдігінің өкілі де қатысып, болған жайдың бәрін құжатпен рәсімдейді. Малды кімге беруін фермер мен әкім ғана емес, ауылдағы қоғамдық кеңеспен кеңесе отырып шешеді. Сөйтіп, «Тауарлық несиеге» берілген мал бәрінің жауапкершілігінде, бақылауында болады. Келісім бойынша түгел буаз мал жылдың бастапқы үш айында берілуі ықтимал. Онда 10 мал көктем шыға 20 малға айналады. Бірінші жыл – демалыс, несие төленбейді. Бір буаз ірі қара мал орта есеппен 450 мың теңге тұрса, бір сәтте ешқандай кепілсіз және пайызсыз 4,5 млн теңге ақша қораға кірген болып саналады. Оны дұрыс бағып-қақса, қара күзде ақшаға шаққандағы мал 7-8 млн теңгеге жетпек. Келесі жылдан несиені 3-4 бастан қайтара бастайды. Қазіргі күнде кейбір фермерлер мен алушы тарап бұрынғыдан да тиімді келісімге келіп, несиені сауылған сүтпен де қайтарып жатқан көрінеді.
«Жоба сәтті басталды. Ешқандай келеңсіздік болған жоқ. Бәрі риза. Біз бұл тәжірибені елдің басқа аймақтарына да таратып жатырмыз. Бірақ мұны депутаттар емес, мемлекеттік органдар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жасауы керек», дейді «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев.
Бір алаңдатарлығы «Тауарлық несиеге» әлі күнге тұрақты ереже-тәртіп орнықпаған. Бұл туралы сұрағымызға «Ауыл» партиясы Ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Жұманов жауап берді.
«Біріншіден, тауарлық несиеге анықтама беру қажет. Менің ойымша, еліміздің қолданыстағы заңнамаларында тауарлық несие туралы ұғым жоқ. Мәселен, Ресейдің Азаматтық кодексінде тауарлық несие туралы – «тараптар бір-біріне айқындалған заттарды беру міндетін көздейтін шарт (тауарлық несие шарты) жасасуы мүмкін» делінген. Жалпақ тілмен айтқанда, бірінші тарап екінші тарапқа белгілі бір затты белгіленген мерзімге қолдануға/пайдалануға беріп, белгіленген мерзімде бекітілген шартқа сәйкес сол затты қосымша құнымен қоса қайтарып алуына болады. Ал біздің елде мұндай әрекеттер азаматтық-құқықтық шарт арқылы реттеледі», дейді.
Мемлекеттік маңызы зор жобаның орындалуы Премьер-министрдің жіті қадағалауында. Жобаны барлық деңгейдегі әкімдер, жергілікті билік өкілдері де аса жауапкершілікпен қабылдап отыр.