Жарылыс «сыйы» ма, жаратылысы солай ма?
Таяуда Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылынан қара қасқырдың бой көрсеткені жөнінде құлағдар болған едік. Тұрқы бөлек аңды үңгірінің жанында фототұзаққа іліндіргендер де бар. Алайда, түн ішінде түсірілгендіктен қасқыр бейнесі анық емес. Астанадан келген Абзал Қанапиянов есімді азамат пен оның қасындағы шопан құрған фототұзақтан соң әлгі жыртқыш апанын тастап кетіп, қайта бой көрсетпепті. Айтуларынша, үйірлестерінен түсі де, тұрқы да бөлек дала тағысының ұзындығы 2,5 метр, салмағы 130 кило тартады. Сырына үңілгендер аталған аңды Семей полигонының зардабынан, яки радиациядан пайда болған мутант-қасқыр дейді. Тіпті, күндіз апанында жатады, түнде ғана жортады екен деген сөз де бар.
Осы орайда Қайнар ауылының әкімі Сағынғали Қапақовпен хабарластық. Ол мұндай әңгіменің ауыл арасында ертеден айтылып келе жатқанын жеткізді. Қайнар ауылының тұрғыны, 74 жастағы ақсақал Жеңісбек Әміржанов жарты ғасырдан астам қасқыр аулаған кәнігі аңшы. Ауыл әкімінің жөн сілтеуімен қариямен әңгімелестік.
– Мен мектеп жасынан бастап аңшылықпен шұғылдандым. Әсіресе, қасқырды көп ауладым. Кішкене балаларды апанға кіргізіп, бөлтірігін де алдық. Кеңес кезінде бөлтірікті – 30, қасқырды 50 сомға қабылдаушы еді. Біздің ауылда Ыбырайым деген тері жинайтын ақсақал болды. Оған қасқырдың терісін өткізіп, оқ-дәрі алатынбыз. Ерте кезде Жаңғызтау деген жерде бір қара қасқыр атып алдым. Бір топ бөрінің ортасында жүрген ерекше қасқырды көргім келіп, әдейілеп қарауылға іліктірген едім. Терісін Ыбырайымға сұр қасқырмен бірге өткіздім. Ол қара қасқырды ертеректе үлкендердің «қорқау қасқыр» атағанын, құны жоғары болатынын айтты. Бірақ терісін алмады. Үйде ілулі тұратын қара қасқырды кейін жақын ағайынымыздың бірі қолқалап сұрап алды. Кітапта өз атауы бар екен. Тері жинаушы ағамыз атауын айтқан еді, есімде қалмапты, – деді Жекен аңшы.
Ұзақ жыл комбайнда механизатор болып істеген Жекен қария жас кезінде, яғни алпысыншы жылдардың орта шенінде қара қасқырды тірідей де ұстапты. Ит-құс малға шауып маза бермеген соң жайлауға жақын маңдағы егістік басында жүрген жас механизатор көпшілікті қалың шілікті қоршауға жұмылдырады. Жауынды күні дала бөрісі шілікті паналайды. Жан-жақтан қаумалап, қиқулап тықсырған кезде шілік арасынан сытыла қашқан қара қасқырды мотоциклмен қуалап жүріп қағып өтеді де тірідей ұстап алады. Түс әлетінде төрт аяғы буылған тірі тағыны комбайншылар ортасына алып келеді. Еңгезердей ерекше бөріні егістік басына келе қалған кеңшар директорына байлапты.
– Былтыр Қайнар ауылының маңындағы Шоқан атты қыстақта тағы да қара қасқыр кез болды. Өзі дөкей екен. Серіктерімнің қасқыр екеніне анық көздері жетпеген соң далаға тастап кеттік. Қара қасқырды одан кейін көрмедім. Жалпы, оның қылшығының ұшы ғана қара түсті. Жүнін сипағанда астыңғы жағы көк сұр болып тұрады. Алыстан қарағанда қап-қара болып көрінетіні сол. Өте ірі болады. Терісін сұр қасқырмен қатар ілгенде жерге дейін сүйретіліп жатады. Кездейсоқ кездесіп қалатын тағыны біреулер орманның қасқыры дейді. Сірә, бір жақтан ауып келетін болуы керек. Итпен шатыс па деген де ой келді. Онда аса ірі болмауы керек еді. Ал полигоннан пайда болды деген бос сөз. Бұл – табиғаттың тартуы. Өйткені, үйірдің ішінде қызыл қасқырдың да жүргенін көрдік, – деді қарт аңшы.
Жалпы, қара қасқыр Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 1960 жылға дейін болған екен. Одан кейін жойылып кеткен көрінеді. Баян-Өлгей аймақтық тарихи-өлкетану мұражайында аталған аңның терісі сақталған. Осыдан бір-екі жыл бұрын Катонқарағай ұлттық-табиғи паркінің саяткер-биологы Нұрлан Қарабаевпен әңгімелескенімізде, Алтайдағы аңшылардың да қара қасқыр аулағанын жеткізген. Бірақ мамандар Алтайдағы қара қасқырдың итпен шатыс тұқым екенін анықтаған. Ал Қайнарда жортқан қара қасқырдың ядролық жарылыс зардабынан пайда болғаны, әлде жаратылыстың тартуы екені әзірше беймәлім.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.