• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2015

Жемқорлыққа қарсы күрес шаралары талқыланды

344 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лықованың төрайым­ды­ғымен облыстардың, Астана мен Ал­ма­ты қалаларының және өңірлік сыбай­лас жемқорлыққа қарсы комиссия мүшелерінің қатысуымен онлайн ре­жімінде Президент жанындағы Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес мәсе­лелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда квазимемлекеттік сек­тор­дағы, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қор­ғау саласындағы сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып отырған шаралар, сонымен қатар, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өңірлік жоспарларды іске асыру барысы талқыланды. Және де сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктің тиімді болуы елі­міздің әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі бойынша мемлекеттің стратегиялық тапсырмасын, бес институттық реформаны орындауға бағытталған «Ұлт жоспары – 100 нақты қа­дамды» жүзеге асырудың бірден-бір шарты болып табы­ла­тындығы айтылды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың өткен жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басым бағыттардың бірі болып белгіленгендігін атай отырып, Мемлекеттік хатшы қолданыстағы ұйымдастырушылық-құқықтық те­тіктер осы сектордың есептілігін, бағыныстылығын және шешім қабылдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуі қажеттігіне тоқ­талды. Оның айтуы бойынша, бұл кездейсоқ емес, себебі, мем­ле­кеттік холдингтер мен ұлттық ком­паниялардың сатып алулар көлемі бюджеттік құрылымдардың сатып алулар көлемінен асып түседі. Сонымен қатар, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау саласында сыбайлас жемқорлық тудыратын тауашаларды жою да маңызды бағыттардың бірі, деді Гүлшара Әбдіқалықова. Ол атап өткендей, бірлескен күш-жігермен осы жердегі көкейкесті проблемаларды шешу, мүдделі органдар мен табиғи монополиялар субъектілері қызметінің, соның ішінде тарифті белгілеу мәселелерінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Атырау және Оңтүстік Қа­зақ­стан облыстары әкімдерінің жұмыс қорытындыларын қарау барысында жергілікті атқару­шы органдардың назары бюджет қаражатын жұмсауды бақы­лау бойынша пәрменді шаралар қабылдауға, халыққа мемле­кет­тік қызмет көрсетудің элек­трон­дық пішімін мейлінше кеңінен қол­дануға және азаматтық сектор­дың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға аударылды. Сондай-ақ, отырыс бары­сында Бас прокурор Асхат Дауыл­баевтың, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Қайрат Қожам­жаровтың, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің жә­не де басқа лауазым иелерінің баян­дамалары тыңдалып, жиын қоры­тындысы бойынша комиссия мемлекеттік органдар мен ұйым­дарға қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетік­терді жетілдіруге байланыс­ты ұсынымдар әзірледі. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».