Қала көшелерінің бойында, бұзылған үйлердің қабырғасында, өзен жағалауларында «түсініксіз һәм түсінікті» жазуларды көзіңіз шалды ма? Тарихи орындар, мәдени ошақтар, тау-тас, жартастардағы алабажақ жазуларды көргенде еліміздегі вандализмнің расында өршіп бара жатқанын байқауға болады.
Өз атын өзі қабырғаларға әдемілеп жазып кететін «өнерді» әлем граффити деп атайды. Қазір біздің елде сол граффити дерті асқынып, қоғамдық орындарды шимай-шатпаққа толтырып жатқан жоқ па? Жер әлемді «алабажақ туындыларға» толтырған «граффитишілерге» қалай шектеу қою керек? Рұқсатсыз граффити сызуды вандализмге балауға бола ма? Қабырғаға түрлі жазуларды жазып кететіндерді заң аясында жауапкершілікке тарту үшін не істемек керек?
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты тақырыпта сөйлеп, вандализмнің теріс салдарына тоқталды.
2024 жылдың мамыр айында «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасы қабылданды. Сол заң аясында вандализмге қатысты жауапкершілік қатайды. Жаңа заң талабына сәйкес қоғамдық санаға кері әсер ететін жазулар жазып, суреттер салып немесе өзге де әрекеттер жасаған азаматтар 50-ден 160 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу, 160 сағаттан 600 сағатқа дейін қара жұмысқа жегу жазаларына кесу көзделген. Тіпті сот вандализм әрекеті үшін күдіктіні 40 тәулікке дейін қамауға алуға құқылы.
Граффити – біздің күнделікті лексиконымызда жоқ сөз. Десе де, аталған сөздің түп-төркіні «графтио» сөзінен, яғни «тырнау, қашау» деген ұғымнан шығады. Тарихи анықтамалықтар бұл үрдістің бастауын римдік жерасты мазарларындағы жазулары мен «Помпеи граффитиінен» бастапты. Ал мұсылман әлеміне түріктің суретшісі Ара Гулер әкеліпті-міс. Ол 1956 жылы Ыстанбұлдың бір ғимаратының қабырғасына «Аллаһ» деген сөзді қашап жазыпты. Ғалымдар граффитиді «көше сурет өнері» деп бағалаған.
Көшеге граффити жазу 1960 жылдары Нью-Йоркте қарқынды дамыған. Сол бір жылдары граффити сызғыш Деметривстің (жасырын аты ТАКІ) Манхэттеннің жерасты өткелдері мен қабырғаларына жазған туындыларына толып кеткен. Ол туындыларында өзі тұратын үйдің мекенжайын жазудан бастаған. Сол кездің өзінде Деметривстің туындыларына қарсылық таныту басталыпты. Десе де, мұнан кейін граффити тарихына арналған кітаптар жазылып, тіпті «Стиль» атты деректі фильм түсірілген. Мұны көрген жастар өздері тұратын қалаларға қолтаңбаларын қалдыру мақсатында іздене бастайды. Бұл, біріншіден, заманауи мода, екіншіден, танымалдыққа жеткізер төте жол секілді көрінеді оларға. Осы төте жол әлемдегі вандализм дертінің асқынуына әкелген.
Әрине, заманауи мода да өзгереді. Граффити салу Еуропа мен Америкаға таң болудан қалған кезде ғана Ресейде қозғалыс пайда болды. Яғни батыста қабырға мен кереге қалмаған соң, граффити сызу КСРО-ның табалдырығын аттады. Бұл 80-жылдардың шамасы болатын. Бар болғаны он жылдың ішінде граффити жазуды меңгерген жүздеген камандалар шықты. Олардың ішінде Moby Crew, BFG Team, Uptown Moscow Crew, Depict Crew, SPP Crew, STC, GZ Crew «Solid Line» секілділері әлемге танылып үлгерді. Бір кездері бор мен көмірмен сызылатын жазбалардың техникалық мүмкіншілігі де арта түсті. Ал Қазақстанға қабырғаларды шимайлағыштар 90-жылдары келген.
Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елі вандализмнің бұл түрімен заң аясында күреседі. Мәселен, әлемдегі тәртіп пен заң салтанат құрған елдердің бірі – Сингапур. Бұл мемлекет граффитиге қатаң тыйым салып, заң бұзғандарға айыппұл салады. Сонымен қатар вандализммен бірнеше мәрте істі болғандардың түрмеге қамалуы немесе таяқпен жазалануы мүмкін. Біріккен Араб Әмірліктері граффитиді исламдық құндылықтар мен заңдарға қайшы әрекет санап, заң бұзғандарды ауыр жазалайды. Қытай елінде саяси немесе үкіметке қарсы бағытталған граффити үшін ауыр жазалар қарастырылған. Түрікменстанда, Иран, Қатар секілді мемлекеттерде қоғамдық орындарға граффити салу заңсыз болып саналады. Яғни граффитиге әр елдің мәдениеті мен заңдарына байланысты шектеулер қойылғанын байқауға болады. Ал бізде ше?
Өткен жылдары бір топ белсенді ерікті Көкшетаудағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін алабажақ жазулардан тазалап шықты. Бурабайдың табиғи тамашасы «Жұмбақтас» пен «Кемпіртас» жартасындағы жазуларды көргенде жүрегің ауырады. Еліміздегі тарихи-мәдени мекендерге сурет салып, атын жазып кететіндер Бурабаймен шектелмейді. Өз атын барлық жерге қашайтындар туралы деректер «Тамғалы тас», «Шарын», «Көлсай» секілді барлық өңірде бар. Тіпті Ақмола облысы Ерейментау ауданының Өлеңті ауылы аумағындағы Көбейтұздың ортасына көлікпен кіріп, тұзын ұрлау, Маңғыстау облысында да тарихи шатқалды бүлдірген бұзақылардың әрекеті секілді вандализм түрлерін бір мақала аясында айтып тауысу мүмкін емес. Мұның сыртында граффитишілер қарапайым тұрғын үйлердегі жеделсатыларды да бүлдіріп, жол белгілері мен тақтайшаларға дейін алабажақ жазу жазып кететіні баршаға аян.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы журналистер күніндегі сөзінде де тарихи-мәдени мұраларға зиян келтіру, ескерткіштерді қорлау сияқты келеңсіз әрекеттерді заңмен ғана жазаланып қоймай, қоғам тарапынан да айыпталуға тиіс екенін мәлімдеген еді. Демек біз Президент айтқандай кез келген жерге граффити сызып кететіндерді қоғам тарапынан айыпталуға тиіс келеңсіз әрекет деп тануымыз керек. Вандализмнің бұл түрінің заң аясында жазалануына бәріміз мүдделі болуға тиіспіз.