Оныншы қаңтар күні «Қызылорда-Астана» бағытындағы ұшақ бортында денсаулығы күрт нашарлаған жолаушыға алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалған Астана медицина университетінің 7- курс студенті, қызылордалық Дінмұхаммед Бектұрғанды осы оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова министрліктің «Құрмет грамотасымен» марапаттаған болатын. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев оның ата-анасы Нұрболат және Ғалия Нұрсейітовтермен кездесті.
Облыс басшысы Дінмұхаммедтің жас болса да, шұғыл әрі батыл әрекет жасағанына ризашылығын білдіріп, баласына жақсы тәлім-тәрбие берген ата-анасына алғысын жеткізді. Кездесуде өңір басшысы оқуын әрі қарай үш жылдық резидентурада жалғастыруды жоспарлаған Дінмұхаммед Бектұрғанның оқу ақысын төлеуге қолдау білдіретінін айтты.
«Дінмұхамед медициналық көмекке мұқтаж азаматқа дер кезінде алғашқы жәрдем көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Оның уақыт оздырмай қабылдаған шешімі, сауатты іс-қимылы өзі сияқты медицина мамандығында білім алатын жастарға үлгі-өнеге болды. Бұл арқылы Дінмұхамед өз мамандығын жақсы меңгергенін ғана емес, ата-анасынан, ұстаздарынан, аға буын әріптестерінен тағылымды тәрбие алғанын көрсетті. Біз осындай азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіп, ерлік ісін өскелең ұрпаққа үлгі етіп насихаттауымыз қажет. Өз мамандығын жетік білуге талпынған, үздік оқитын, патриот азаматты тәрбиелеп өсірген сіздерге және ұстаздарға барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан зор ризашылығымды білдіремін», деді Н.Нәлібаев.