Үкімет 18 Қаңтар, 2025

Таңбалау үдерісінің тынысы ашылды

68 рет
көрсетілді

Елімізде дәріханалар мен медициналық ұйымдар арқылы 12 млн таңбаланған дәрілік зат сатылды.

Үкіметте дәрілік заттарды таңбалау әрі қозғалысын бақылау жүйесі жұмысының аралық нәтижелері қарастырылды. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүй­сенованың төрағалығымен өткен кеңес­ке Денсаулық сақтау министрлігі, «СҚ Фар­мация», «Қазақтелеком» компания­ларының өкілдері қатысты.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың келтірген дерегінше, жүйе енгізілгелі бері елдегі емдеу мекемелері 16,5 млн, ал дәріханалар 21,5 млн-нан аса таңбаланған дәрілік заттарды қабылдаған. Сонымен қатар шамамен 12 млн дәрі қаптамасын сатқан.

Айта кету керек, дәрілік заттарды таңбалау және бақылау жүйесі елімізде өндірілген немесе сырттан әкелінген әрбір дәрі-дәрмектің айналымнан толық алып тастағанға дейінгі қозғалысын онлайн режімінде қашықтан бақылауға мүмкіндік береді.

– Басты мақсат – азаматтарды қауіпсіз әрі сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Ашық бақылау контрафактілі дәрілердің айналымға түсуіне жол бермейді және Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті әкімдіктерге емдеу мекемелерінің дәрілік заттармен қамтылу деңгейін бақылауға жағдай жасайды. Сондай-ақ дәрі-дәрмек­тің мақсатты қолданылуын қадағалау­ға мүмкіндік беретінін атап өткім келеді. Сондықтан бұл тетікті мейлінше пайдалана отырып, қажет болған жағдайда тиісті шараларды қабылдау қажет, – деп тапсырды Т.Дүйсенова.