Қоғам 28 Қаңтар, 2025

Оксфордқа шақырту алды

55 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шы­ғыс­тану факультеті қытайтану кафедрасының жас ғалымы Арыс­танбек Ақылбай Оксфорд универ­ситетіне танылған студент ретінде қабылданды.

Жас ғалым Ұлыбританиядағы Оксфорд жаһандық және ай­мақтық зерттеулер мектебінде «Аймақтану» мамандығында оқымақ. Оқуды аяқтағаннан кейін Арыстанбек Оксфорд университетінің қауымдастырылған түлегі мәртебесін алады. Бұған дейін Гарвардқа (АҚШ) шақырту алып, ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеген болатын.

Қытайтану кафедрасынан басталған ғылыми сапар оны Оксфорд университетіне жетелеп әкелді. Шымкент қаласындағы №40 мектеп-гимназияны «Алтын белгімен» бітірген Арыстанбек ҚазҰУ-ға оқуға түсіп, шығыстану факультетінде білім ала жүріп, қытай тілін жетік меңгерді, ғылымға деген қызығушылығын шыңдады. Осы қабілеттерінің арқасында Қытай үкіметінің толық грантын жеңіп алып, Шанхай халықаралық зерттеулер университетінде білімін жалғастырды. Шанхайда оқыған жылдары Қытайды ғана емес, Азия-Тынық мұхиты аймағының өзекті мәселелерін зерттеумен айналысты. Бұл сапар оған аймақ елдерінің мәдениеті мен саясатын терең түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзияда өт­кен ха­лықаралық конференцияларға қатысты.

Магистрлік диссертациясын ағылшын тілінде қорғап, елге оралған Арыстанбек өз мансабын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде бастады. Халықаралық ынтымақтастық пен жастар саясаты саласында жұмыс істей жүріп, елдегі маңызды жобаларды үйлестірді. Ғылыми жұмысқа деген ынтасы оны ҚазҰУ-ға қайта әкелді. Уни­верситетте шығыстану саласынан дәріс оқып, Азия елдерінің жаһандық үдеріске әсерін зерттеді.