• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2010

ЕЛБАСЫ ҚОЛЫНАН СЫЙЛЫҚ АЛҒАН КҮН

477 рет
көрсетілді

Ертіс өзені жағалауында керіле көсілген келбетті Кереку өңірі әсем қала – облыс орталығымен де мақтана алады. Бұл күндері “Жол картасы” бағдарламасы бойынша қала көшелерін көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. Орталық алаңда бірінен соң бірі сап түзеген ақшаңқан көліктер де қаздай тізіліп тұра қалыпты. Өздеріне берілетін мұндай тамаша сыйлықты алуға келген білім беру, денсаулық сақтау салалары қызметкерлерімен қатар, құқық қорғау органдарының өкілдері де айрықша қуаныш құшағында. Облысқа жасаған екі күндік сапары аясында өндіріс майталмандары – металлургтерге сәттілік пен табыс тілеп қоштасқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев, бұдан кейін кеше, түске қарай облыс орталығындағы алаңда әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. – Үлкен істер жүзеге асырылып жатқан сіздердің өндірісті өңірле­рі­ңізге келгеніме қуаныштымын. Кеше, өздеріңіз білесіздер, элек­тро­лиз зауытының екінші кезегін іске қостым. Зауытта 2 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Облыс бойынша индустриялық бағдарламаны орын­дау жөнінде көп шаруалар жа­са­луда. Осы жартыжылдықта 12 жаңа өндіріс орны іске қосылмақшы. Бұ­дан 8 мың адам жұмыс орындарын табатын болады. Халықтың әл-ауқа­ты көтеріледі. Кейінгі тоғыз жылдың ішінде облыста өндіріс саласы 4,5 есе өссе, ауыл шаруа­шы­лығы 4 есе өсіп, осындай жетіс­тік­тердің барлығы тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес болып қосылуда. Әлеуметтік шаралар қа­та­рында денсаулық сақтау,білім беру салалары бойынша арнайы бағдарламалар жасалып жатыр. Мек­тептер, ауруханалар салу, олар­ды жөндеу – барлығы да мем­ле­кеттің қолдауымен жүзеге асыры­лу­да. Биылғы жылдың сәуір айы­нын бастап дәрігерлер мен мұға­лім­дердің жалақылары 25 пайызға көтерілді. Сіздер үшін үлкен қуа­ныш, мұғалімдер мен дәрігерлер деген сөз – әр отбасына жасаған мемлекеттің көмегі. Құқық қорғау органдары да өздерінің міндеттерін абыроймен орындауда. Бұл үшін де техникалық көмек әрдайым керек. Бүгін, міне, сіздермен осы бір сал­танатты жағдайда кездесіп тұрмыз. Арнайы көліктер интернаттарға, құқық қорғау орындарына, ауру­ха­налар мен мектептерге беріледі. Құтты болсын! – деді Елбасы өзінің құттықтау сөзінде. Күні кеше ғана еліміздің ден­сау­лық сақтау саласының қызмет­кер­лері мен құқық қорғаушылары өздерінің төл мерекелерін атап өткені белгілі. Осы орайда Елбасы әр сала қызметкерлерінің өкілдерін ортаға шақырып, көліктердің кілттерін тапсырды. Олардың қата­рында Саян Мұқанов, Гүлмира Шұ­ғабаева, Есжан Қанафияұлы, Ирина Мищенко, Мақсат Қобжа­нов, Бауыржан Үмбетов, Елена Щер­бина, Марғұлан Зубаиров сынды әр сала өкілдері – мұғалім­дер, дәрігерлер, балаларды өз өмі­рін қатерге тігіп, өрт ішінен аман алып қалған Б.Үмбетов сияқты бүгінгі күннің батырлары да бар. Дәрігер И.Мищенко өз әріптес­тері­нің бірыңғай денсаулық сақтау жүйе­сінің жаңа бағыты бойынша атқарып жатқан жұмыстарына орай алдағы уақытта тынымсыз еңбек күтіп тұрғанын айтып өтті. Бар­лы­ғы кеуделеріне қолдарын қойып, өз­дерінің ел алдындағы қызмет­те­рін бағалап келген мәртебелі Ел­ба­сына шын жүректен ыстық ықы­лас, алғыстарын білдіріп жатты. Кілтті табыстаған салтанатты рә­сімнен соң Президент қуаныш иелерін құттықтап, қызметте ың­ғайлы жаңа көліктерді аралап көріп шықты. Күнмен шағылысып жар­қы­рап тұрған 77 автокөліктің 57-сі облыстағы ішкі істер органдарына, 10-ы облыс орталығы мен Екі­бастұз, Ақсу қалаларындағы жедел медициналық жәрдем көрсету стан­саларына, ал, қалған 10-ы облыс­тың жетім балаларға арналған мек­теп-интернат мекемелеріне, оның ішінде құлақтары естімейтін және нашар еститін балаларға арналған №1 арнайы коррекциялық мек­тепке, облыстық арнайы мектеп-интернатқа, облыс орталығындағы ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған №2 мектеп-интернатқа, Павлодар ауданы Мичурин ауылы отбасылық үлгідегі балалар үйіне, Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатына, Екібастұз қаласындағы “Үміт” балалар үйіне және Ақсу қаласы мен Қашыр ауда­нындағы балалар мен жасөс­пірімдерге арналған мектеп және мек­тепке дейінгі оқыту мен тәр­биелеу түріндегі кешенді балалар үйлеріне берілді. Дәрігерлер мен мұғалімдерге және полиция өкілдеріне көлік­тер­дің кілтін табыстап, оларды қуа­ныш­қа бөлеген Президентті бұдан кейін кішкентай бөбектер күтіп тұр­ды. Осы жуырда ғана метал­лург­тер өз жұмысшы-қызметкерлеріне арнап жаңа үй, олардың балалары­на арнап жаңа балабақша салғызып берді. “Қазақстан Алюминийі” ак­ционерлік қоғамының жұмысшы­ла­ры мен қызметкерлері үшін бұ­дан артық қандай қуаныш болсын. Зауыт басшылығы Елбасының би­ылғы Жолдауында айтылған мектеп жасына дейінгі балдырғандарды оқыту мен тәрбиелеуді қамтамасыз етуді жақсартуға бағытталған “Ба­лапан” арнайы бағдарламасын осылай орындай бастады. Өндіріс орнына жақын орналасқан 240 орындық балабақша бір жылдың ішінде салынды. Ол толықтай жаңа заман талаптарына сай жабдық­талды. Шет тілдерін үйрету және компьютерлік сауаттылыққа баулу, дене шынықтыру және музыка әлемі залдары сияқты арнайы кабинеттер жүйесі бар. Мемлекет басшысы бүлдір­шін­дерге сыйлықтар тарту етті. Олар да қаз-қатар тұра қалып, тақпақтар оқи бастады. Мұнда келетін кіш­кентайлар орыс және қазақ тілде­рін­де оқып-үйреніп, тәрбие алады. Зауыт басшысы Алмас Ибраги­мов­тің ұсынысымен тек зауыт жұмыс­шыларының ғана емес, осы аудан көлемінде тұратын қала тұрғын­дарының балалары үшін де бала­бақ­ша есігі ашық. Облыс әкімі Ба­қытжан Сағынтаевтың айтуынша, биылғы жылдың соңына қарай өңірде 19 балабақша қайтадан қал­пына келтіріліп, жалпы білім беретін мектептер жанынан 83 шағын орталықтар ашылады. Тағы бір қуанышты жағдай, осы балабақша жанынан 125 пәтерлі он қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Зауыт басшылығы осымен екінші рет өз жұмысшылары мен қызметкерлеріне жарқыраған, жаңа пәтерлер салып беріп отыр. Алып корпорация қабылдаған 2023 жылға дейінгі әлеуметтік бағдарламалар аясында балабақшалар, тұрғын үйлер, басқа да әлеуметтік-тұрмыс­тық нысандар салу жүйесі жос­парланған. Бұл мақсатқа корпора­ция 45 миллион АҚШ долларын жұмсауды қарастырған көрінеді. Балабақшадан шыққан соң Нұрсұлтан Әбішұлы өзін күтіп тұр­ған осы жердегі жаңа үйден пәтер алған тұрғындармен жүздесті. Мұ­ғалім Дария Әбікенова мен зауыт қызметкері Әлібек Байбазаров Елбасына үлкен алғыстарын біл­дір­ді. Көңілдері жадыраңқы тұрғындар үйлерінің алдынан Мемлекет басшысын “Сау болыңыз, Сізге әр­қашан амандық тілейміз, Сіз біздің Президентімізсіз”, деп риясыз ыстық көңілмен шығарып салды. Фарида БЫҚАЙ, ПАВЛОДАР. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.