АТЫРАУ. 18 маусым. Атыраудың тумасы, Ресейде тұратын атақты режиссер, сонымен бірге, продюссер Тимур Бекмамбетов туған жеріне келіп, әкесі Нұруахитке орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Түнгі шолғыншы» фильмімен кеңінен танымал болған Тимур Бекмамбетов туған жеріне бұдан он жыл бұрын келген екен. Содан кейін Атырауға келу сапары әкесі Нұруахитке орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатымен тұспа-тұс келді. Оның әкесі энергетика саласында абыройлы еңбек еткен. Балалық шағын Жайық жағасында өткізген, осында мектеп бітірген Тимур Бекмамбетовтің айтуынша, ол қазір шетелдік MGM киностудиясының «Бен-Гур» аталатын ірі жобасындағы жұмысын жалғастыруда.
«Бұл 2000 жылдық тарихы бар өте көне хикая. Оның сценариі Лью Уоллестің кеңінен танымал болған «Бен-Гур» классикалық романының желісімен жазылған. Хикая сюжетінде ағайынды жігіттер туралы баяндалады. Негізгі түйін – кек пен кешірім жайлы. Хикаяда Морган Фримен, Джек Хьюстон секілді актерлер ойнайды», – деді атақты режиссер «Ақжайық» газетіне берген сұхбатында.
Сонымен қатар, бұған дейін Тимур Бекмамбетов негізін қалаған халықаралық «Astana» экшн-фильмдер кинофестивалінде Қазақстан тарихына негізделген бірлескен жобалар жөнінде де әңгімелеп берді. Оның айтуынша, сценарийлер фестивалі өткен. Бірақ, онда Қазақстан тарихына қатысты емес, ғарыш туралы үздік сценарий таңдалыпты. Сөйтіп, американдық Брайан Миллердің сценариі негізінде «Apollo 18» фильмін түсіруге 5 млн. доллар жұмсалған. Кейін фильмнен 25,2 млн. АҚШ доллары көлеміне табыс түскен.
Тимур Бекмамбетов бұдан былай туған жеріне жиі келуге бекініп отыр. Ол мұны жасының ұлғайғанымен, сондай-ақ, туған жердің тартып тұратындығымен түсіндіреді.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: azh.kz.