АҚТАУ. 18 маусым. Каспий теңізінде заңсыз балық аулаған дағыстандықтар ұсталды. Олардың біріне шекарашылардың қайықтың моторына атқан оғы тиіп, жарақатанды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Каспий теңізіндегі шекараны күзетіп жүрген Шекара қызметінің сарбаздары кезекті барлау кезінде заңсыз балық аулап жүрген браконьерлерді анықтады. «Тоқта!» деген бұйрыққа моторлы қайыққа мінген үш адам құлақ аспаған күйі Ресей территориясы жаққа қашып, бой тасаламақ болыпты. Оларды тоқтату мақсатында шекарашылар қайықтың моторына қарай оқ атқан. Нәтижесінде су көлігінің екі қозғалтқышы істен шығып, сондай-ақ, браконьерлердің бірі жарақаттанады. Шекарашылардың айтуынша, ол Ресейдің Дағыстан Республикасының азаматы екен.
Мойын тұсынан жараланған браконьер дереу Ақтау қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілген. «Қазіргі жағдайы бірқалыпты, өміріне қауіп жоқ», – дейді дәрігерлер.
Ал заң бұзушылардың қайығын тексеру барысында 12 қап ау, 4 бөшке жанармай және 3 ұялы телефон тәркіленді.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек, сурет: egemen.kz.