Алматыда Республикалық қан орталығы мен Қазақстан Донорлар қауымдастығының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік донор күніне орай “Адамзатқа жаңа қан керек” девизімен үлкен шара өтті.
Бүкіл ағзадағы зат алмасу жүйесін реттеп отыратын қанның атқаратын рөлі орасан зор. Өйткені, онсыз адамның өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан да, әлемде ақысыз қан өткізетін донорлар қашанда үлкен құрметке ие. Олардың қаны ең таза, әрі қауіпсіз деп есептеледі. Алайда, дүние жүзі халқының басым бөлігі осындай қауіпсіз қанға қол жеткізуге мүмкіндіктері болмай отыр. Мәселен, жыл сайын 81 миллонға жуық донор қан тапсырса, оның 39 пайызы жаңадан өркендеп, дамып келе жатқан мемлекеттер көрінеді.
ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросының мәліметі бойынша, жыл сайын жүктілік және босану кезінде 500 мыңға жуық әйел өмірмен қоштасады екен. Ал егер 2 сағаттың ішінде көмек көрсетілмесе, көп мөлшерде қан жоғалтқан денсаулығы жақсы әйелден де айырылып қалу да оп-оңай. Демек, қауіпсіз қанға толық қол жеткізер болсақ, қаншама ананың өмірін сақтауға мүмкіндік туар еді. Міне, осы мәселені әріден ойлаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, халықаралық Қызыл крест және Қызыл ай қоғамы федерациясы, халықаралық қан донорлығы мен халықаралық қан құю ұйымдары бірігіп, қанның АВО топ жүйесін алғаш ашқан ғалым, Нобель сыйлығының иегері Карл Ландштейнердің туған күніне орай 14 маусымды Дүниежүзілік донор күні деп белгілеп, шешім қабылдаған. Содан бері жыл сайын әртүрлі девизде аталып өтілетін шараға ерікті донорлар өз үлестерін қосуды дәстүрге айналдырған.
Бүгінгі жағдайға келсек, Қазақстанда 1990 жылдан бері донор саны 2,5 есе төмендеп кеткен. 2008 жылғы көрсеткіш бойынша 1000 адамға шаққанда 17 донордан, 2009 жылы 18-ден келген. Ал ДДҰ-ның көрсеткіші 45 пайыз болса, АҚШ-та – 109,9, Данияда – 67,2, Германияда – 52,6, Ресейде – 25, Ұлыбританияда – 42,5, Францияда – 38, Иранда – 21,2. Қазақстанда донорлықтың азайып, құрылымының өзгеруі – еліміздегі әлеуметтік экономикалық жағдайдың төмендеуі және донорлықты ұйымдастыруды алдын ала жүйелі түрде жоспарламауға байланысты. Сондықтан да донорлықтың төмен көрсеткіші қанның түрлі компоненттерінің жетіспеушілігіне әкеліп соқты. Қан орталықтарын толық компьютерлендіру мәселелері жеткілікті шешілмеді. Ал бұл трансфузиялық терапияда адамдарды қауіпсіз, сапалы қанмен қамсыздандыруда маңызы зор. Қан қызметіндегі біріккен информациялық жүйенің республика көлемінде болмауы да өз салдарын тигізуде.
Қан өткізудің ағзаға да пайдасы зор. Алматыдағы республикалық қан орталығына күніне 50-60 адам қан тапсыруға келеді. Донор күні мұнда келушілердің саны 200-ге жетіп жығылды. Олар өткізетін қан науқастарға жеткілікті. Дегенмен, ақ қан, гемофилия сияқты дерттерге қарсы қымбат дәрі-дәрмек жасауға әзірше қанның қоры жеткіліксіз болып тұр.
Қан түйіршіктері бізге жеткілікті. Бірақ, қан препараттарын шығару үшін еліміз бойынша донорлардың санын көбейту қажет болып отыр, – дейді Қазақстан Донорлар қауымдастығының президенті Г.Сәрсенбина. – Республикада мың адамға шаққанда 18 адам донор, ал дүниежүзілік стандарттар бойынша, мың адамның елуі донор болуы тиіс. Сонда ғана қан және қан препараттарына деген мұқтажды толығымен өтей аламыз. Бізде қан тапсырғандардың еңбек демалысына бір күн қосылады. Және түскі ас ішуге есепті көрсеткіштің шегі төленеді. Ол шамамен 350 теңге.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.