АСТАНА. 6 ақпан. Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының есеп беру-сайлау отырысы өткізіліп, оның қорытындысында Темірхан Досмұхамбетов бір ауыздан федерация президенті болып сайланды. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хбарлады.
Темірхан Досмұхамбетов – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Ұлттық Олимпиялық комитетінің президенті. Енді ол жаңа қоғамдық жұмысын осы міндеттеріне қосып атқаратын болады.
Ал аталмыш федерацияның бұрынғы президенті Александр Машкевич осы қоғамдық ұйымның құрметті президенті болып сайланды. Еске сала кетейік, Машкевич мырза осынау олимпиялық спорт түрінің федерациясын ол алғаш құрылған кезден басқарып келді.
Отырыста сондай-ақ федерацияның вице-президенті әрі бас хатшысы болып белгілі спорт функционері Питер Бергман сайланды. Оның аты біздің көптеген танымал спортыларымыз турасындағы фильмдердің продюсері әрі сценарисі ретінде де белгілі.
Дамир Қожамқұл.
Дерек, фото: Egemen.kz.