Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Имре Ласлоцкимен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қабиболла Жақыпов елшіні Қазақстан-Венгрия қарым-қатынасының өркендеуіне қосқан үлесіне ризашылық білдіріп, осы жылдары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық серіктестікке жеткенін атап өтті.
Жүздесу барысында Қазақстан бүгінде Венгрия үшін ТМД елдері ішіндегі төртінші ірі сауда серіктесі екендігі айтылды. Экономикалық ынтымақтастыққа «Қазақстан-Венгрия» Іскерлік кеңесі мен индустрия және инновация бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы ықпал етуде.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, парламентаралық өзара байланыс белсенді бола түскен.
Имре Ласлоцки Қазақстанмен достық қатынастардың одан әрі өркендей беруінің маңызына тоқталып, өзінің дипломатиялық миссиясы аяқталғанымен, Қазақстан халқының досы болып қала беретінін мәлімдеді.