Жекпе-жек 21 Ақпан, 2025

Жұманның жарқын жеңісі

41 рет
көрсетілді

Жалаң жұдырықпен күш сынасудан Алматыда өткен «Nomad Fighting Championship» 12 турнирінде Жұман Жұмабеков жарқын жеңіске қол жеткізіп, жанкүйерлерін қуантты.

Аралас жекпе-жек пен кә­сіпқой боксты қатар алып жүр­ген қазақтың қайсар ұлы Расул Мырзаевпен айқасты. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. «Қара жолбарыс» деген бүркеншік есіммен танылған Дағыстанның тумасы жауынгерлік самбодан әлем чемпионы, панкратионнан Әлем кубогінің иегері, жекпе-жектің сан алуан түрінен көп­те­ген дү­бір­лі до­да­­­ның жеңімпазы. ­2009–2016 жылдар аралығын­да 17 мәрте окта­­­гонға шыққан Р.Мирзаев бар­лық бәсекеде же­ңіске жетті. Қарсыласының денін айқын ба­сым­дықпен ұтты.

Расул 2013, 2014 жылдары елімізге келіп, Ержан Естанов­пен күш сынасты. Бұл кездесудің екеуінде де дағыстандық жеңіс­ке жетті. 2020 жылдың көк­темін­де Алматы төрінде жалауы жел­біреген АСА турнирін­де Арман Оспа­нов («Сұңқар») оны жерге жығып алып, ауыр соққылардың асты­на алды. «Қара жолбарыстың» ш­а­ра­сыз күйін көрген төреші дереу жекпе-жекті тоқтатты. Кейін­нен сол бәсекеде Расулдың жағы сын­ға­ны белгілі болды.

Арада бес жыл өткеннен кейін Мирзаев Алатау баурайына қайта ат басын бұрды. «Найза» промоушені ұйымдастырған жарыста Ж.Жұмабековпен жұды­рық­тасты. Қандасымыз оның еркін көсілуіне еш мүм­кіндік берген жоқ. Екінші раундта Жұманның жойқын соққысы қарсыласына дәл тиді, Расул тәлтіректеп қалды. Сол мезетте оған тағы бірнеше соққы жұм­сап үлгерді. Мирзаев­тың қорғану­ға шамасы келмеді. Дағыстан өкілі­нің әлі де ес жия алмай тұр­ға­нын байқа­ған төреші араға түсті. Осы­лайша, Алматыдағы айқас Ж.Жұмабеков­тің айқын жеңісімен аяқталды.