Инвестиция 21 Ақпан, 2025

Инвестиция тарту – әкім мен министрдің басты міндеті

48 рет
көрсетілді

Премьер-министр Мемлекет басшысының еліміздің экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын қарау жөнінде кеңес өткізді.

Басты мақсат – ірі инвестициялық жоба­ларды іске асыруды жеделдету және елі­міздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді шешу, сондай-ақ инвестициялық саясаттың тиімділігін арттыру, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және капитал тарту жұмыстарын жандандыру үшін ықтимал шараларды қарастыру.

Сыртқы істер министрлігі, «Kazakh Invest» компаниясы басшылығының жұмыс қарқыны және инвестициялық қызмет динамикасына әсер еткен факторларды талдау бойынша ақпараты тыңдалды. 2024 жылы Қазақстанда 1,85 трлн теңгеге 230 ин­вес­тиция­лық жоба пайдалануға берілді. Ин­ве­с­­ти­циялық штабтың жұмысы бір жыл ішін­­де жалпы құны 50 млрд доллардан асатын жо­ба­лар бойынша инвесторлардың 115 проб­ле­малық мәселесін жоюға мүмкіндік берді.

Ынтымақтастық пен белсенді инвес­тиция­лау кезеңіне өтудің нақты перс­пек­ти­валары бойынша келіссөздер жүр­гізу үшін сала көшбасшысы – үздік 10 ком­пания анықталды. Осылайша, жұмыс эко­номиканың қажеттіліктерін, өңір­лер­дің бәсекелестік артықшылықтарын және басқа факторларды ескере отырып, «инвестицияларға тапсырыс беру» қағи­даты арқылы қайта құрылады.

Мысалы, Қытайдың ірі агроөнеркә­сіп­тік компанияларымен нәтижелі жұ­мыс жүргізілді. «Fufeng Group» жақын арада Жамбыл облысында 350 млн долларға жүгеріні терең өңдеу арқылы натрий глутама­тын өндіретін зауыт құрылысын бастауды жос­парлап отыр. «Dalian Hesheng Holding Group» биыл жазда Ақмола облысында бидайды терең өңдеу кешені шеңберінде 650 млн долларға құрылыс-монтаждау жұмыстарына кіріседі. Барлық компаниямен жобаларды «жайластыру» бойынша белсенді жұмыс жалғасуда, яғни инфрақұрылымға қол жеткізу және әкім­шілік мәселелерді жедел шешуді қосқанда, қолайлы жағдайлар жасау.

Бұдан басқа, агроөнеркәсіптік кешенді, энергетиканы, өнеркәсіпті, құрылыс материалдарын өндіруді және басқаларын қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларын қамтитын 12 млрд доллар инвес­ти­циялардың жалпы көлемі бар 20 страте­гиялық жоба айқындалды.

Сондай-ақ жұмыс сапарлары, кездесулер мен басқа да іс-шаралар аясында жүзеге асыру туралы уағдаластықтар жасалған жобаларға назар аударылды. Премьер-министр іске асыру мерзімдері шегерілген инвестициялық жобаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Алматы, Ақтөбе, Аты­рау, Жамбыл облыстары мен Астана, Шымкент қалаларының әкімдері және денсау­лық сақтау, сауда министрлері баяндама жасады.

«Бүгінде әкімдіктер тарапынан инвестиция тарту бойынша қабылданып жатқан шаралары өңірлердің әлеуетін ашып көрсетпейді, экономикалық әлеует жет­кілікті пайдаланылмай отыр. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар жергілікті өзін-өзі бас­қару вер­тикалының барлық деңгейінде, оның ішінде аудан әкімдері деңгейінде де жүргізілуі тиіс», деп тапсырды Премьер-министр.

Жобаларды іске асыруды мониторингі­леу мен бақылауды күшейтудің пәрменді тетігі бүгінде 1 159 жоба туралы деректер қамтылған жаңа Ұлттық цифрлық инвес­тициялық платформа болады. Деректер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе толтырылып, жергілікті жерлерде әкімдіктер тексереді.

Сонымен қатар кеңес барысында мем­лекеттік органдар жұмысының тиімділігіне әсер ететін және шара қолдануды талап ететін бірқатар түйткілді мәселе атап өтілді. Олардың қатарында инфрақұрылымның тап­шылығы мен жедел қамтамасыз етіл­меуі, күрделі әкімшілік рәсімдер мен рұқ­сат берудегі кідірістер, жер телімдерін берудің ұзақ мерзімдері бар. Аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

«Президент Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында инвестиция тарту басы артық бюро­кратиядан арылып, жедел ведомство­ара­лық үйлестіруді талап ететін аса маңыз­ды жұмыс екенін айтты. Мемлекеттік орган­­дар, әсіресе әкімдіктер жобаның іске асыры­лу барысын «тікелей» бақылауы керек. Әкім­дер мен министрлер инвести­ция тарту­мен күн­делікті айналысып, бүгінгі­нің басты міндеті – инвесторлар­дың мәселелерін же­дел шешуі қажет», деп атап өтті О.Бектенов.

Бұл бағыттағы жұмыстар – Премьер-министрдің ерекше бақылауында.