• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2010

Таумыш Нұрышұлы ЖҰМАҒАЛИЕВ

1283 рет
көрсетілді

Ел экономикасының тірегіне айналған мұнай саласы ауыр қазаға душар болды. Атырау өңірінің абыз ақсақалы, республикамыздың мұнай-газ өндірісін ұйымдастырушылардың бірі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Атырау облысының Құрметті азаматы Таумыш Нұрышұлы Жұмағалиев 92 жасқа қараған шағында дүние салды. Таумыш Жұмағалиев 1918 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Қызылқоға ауданы, Көздіқара ауылында дүниеге келген. Орта мектепте білім алғаннан кейін 1938 жылы Гурьев мұнай техникумын бітіріп, Доссор, Ескене мұнай кәсіпшіліктерінде техник-геолог болып еңбек жолын бастады. 1945 жылы Қазақ тау-кен инсти­туты­ның геологиялық барлау факуль­тетін аяқтады. Қазақ КСР Ғылым ака­де­миясының Геологиялық ғылымдар инс­титутында ғылыми қызметкер болды. 1945-1968 жылдар аралығында Мұнай институтында кіші ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, сектор, зерт­хана, бөлім меңгерушісі, дирек­тор­дың орынбасары қызметтерін абырой­мен атқарды. 1968-1972 жылдарда Батыс Қазақ­стан геологиялық басқармасының бастығы, Гурьевтік ірілендірілген аймақтық мұнай-газ барлау экспедиция бастығы болды. Осы жылдар аралығында Шығыс Жетібай, Шағырлы-Шөмішті, Доға, Арыстанов, Гран, Октябрьск, Қара­құдық сынды кен орындары барланды. Таумыш Нұрышұлы Қазақтың мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының директоры болып қызмет еткен 1972-1985 жылдары Каспий бойы ойпатының тұзасты қабаттарын геологиялық барлау, Индер ауданы табиғи қорларын кешенді түрде игеру жұмыстары кеңінен қанат жайды. 1985 жылы еңбек демалысына шыққан ол еңбек жолын 2001 жылға дейін жалғастырды. 1985-1989 жылдары ҚМГБҒЗИ геология бөлімінің меңгерушісі, ал 1990-1996 жылдары аға ғылыми қызметкері болып істеді. Таумыш Жұмағалиев мұнай-газ, геология саласындағы ғылымның да­муына да белсене араласты. 1955 жылы геология-минерология ғылым­дарының кандидаты ғылыми атағы берілді. Таумыш Нұрышұлы өңірде жаңа мұнай-газ иірімдерін анықтау, иірімдерді иге­рудегі кәсіпшіліктерді тиімді пайдалану, Кас­пий маңы ойпатының гео­логиялық құ­рылымын жете анықтау сала­сында зор еңбек сіңірді. Атырау-Ембі мұнай қорын анықтау жөніндегі 5 монография, 140-тан астам ғылыми еңбектер жазып, жариялады. Ғалымның бастамасымен 1976 жылы Қазақтың мұнай-геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтында, кейін Атырау экспедициясы болып қайта жасақталған тәжірибе-әдістемелік партия дүниеге келді. 1978 жылы Жаңажол ойпатының шығыс жақ бүйірінен мұнай көзі, 1979 жылы солтүстікте Қарашығанақ газкон­денсат кен орны ашылды. Таумыш Нұрышұлының ғылыми дәлелдемелерімен жоғары сапалы мұнай қорлары бар Мартыши, Қамысты, Жаңаталап және Гран кен орындары ашылып, олардың негізінде мұнай-газ шығарумен айналысатын “Жайықмұнай” басқармасы құрылды. Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің 100 жыл­дық мерейтойына арналған “Мұнай және газ геология терминдерінің” орысша-ағыл­шын­­ша-қазақша түсіндірме сөздігін жасақ­та­ды. 2001 жылы оған Атырау мұнай және газ институтының “Құрметті про­фессоры” атағы берілді. 62 жылдан астам жұмыс істеген ғалым, ұлағатты ұстаздан тәлім алған шәкірттер қазіргі таңда Қазақстанның “қара алтын” қазынасын игеруге өз үлестерін қосып жүр. Өлкеміздің мұнай өндірісін дамытуға елеулі үлес қосқан Таумыш Нұрышұлы Жұмағалиевтің ел алдындағы еңбегі де лайықты бағасын алды. Ол “Халықтар достығы”, “Құрмет”, “Парасат” ордендерімен, көптеген медальдар және Құрмет грамоталарымен марапатталуымен қатар “Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы”, “Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты”, “Атырау облысының Құрметті азаматы” құрметті атақтарын да иеленді. Республикамызға белгілі мұнайшы-геолог, облысымыздың экономика, өндіріс саласының дамуына елеулі үлес қосқан азамат Таумыш Жұмағалиевтің жарқын бейнесі оны білетіндердің есінде әрдайым сақталады. Б.Рысқалиев, Ж.Дүйсенғалиев, С.Аман­­ғалиев, М.Исмұратов, О.Кө­ше­ков, Е.Тасқынбаев, М.Са­ғын­баев, А.Айбаров, І.Баймұқанов. ГЕОЛОГПЕН ҚОШТАСУ Республикамыздың геология-барлау саласының ардагері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Атырау облысының құр­метті азаматы, геология-минералогия ғы­лымының кандидаты, аса қадірлейтін аға буын жолдасымыз Жұмағалиев Тау­мыш Нұрышұлының бұл өмірден өткен­дігі туралы қайғылы хабар келіп, бәрім­із­дің қабырғамызды қайыстырды. Сонау соғыс жылдарының алдындағы алғашқы жетістіктерден бастап бүгінгі күнге дейінгі республикамыздағы ізденіс-барлау жұмыстарының біртұтас дәуірі ол кісінің есімімен тікелей байланысты болып келеді. 1938 жылы еңбектегі жолын Доссор және Ескенедегі мұнай кәсіп­шілігінің геолог қызметінен бастаған ол Қазақстанның геологиялық барлау ірі кәсіпорындарының басшысына дейін көтеріле білді. Сонау 1947 жылы қазақтың атақты ұлы Қаныш Имантайұлы Сәт­баевтың қолынан тікелей алған жол­да­мамен келген ол 1985 жылға дейін, ара­сында аз ғана үзіліспен (1968-1972 жыл­дардағы Батыс Қазақстандық геологиялық басқармасын және Қазақ КСР Геология министрлігінің Гурьевтік ірілендірілген аймақтық мұнай барлау экспедициясын басқарып отырған кезінде), КазНИГРИ ғылыми институтында қызмет атқара отырып, қатардағы ғылыми қызмет­керден, ғылыми хатшы, зертхана мең­ге­ру­шісінен директордың орынбасарына дейінгі даму сатыларына көтерілді. 1972 жылдан бастап 1985 жылға дейін құрметті демалысқа кеткенше институттың директоры лауазымында қызмет атқарды. Институт Таумыш Нұрышұлы басқарып отырған жылдары жұмысын жемісті, әрі мол жетістіктермен жүргізді. Атқарған қызметінде ол өзін жұмысына жауапкер­шілікпен қарайтын, геология-барлау үдерісінің дарынды маманы және ұйымдастырушысы ретінде көрсете білді. Институттағы осы бір кезеңде, оның басшылығымен және тікелей қатысуымен Батыс Қазақстанның мұнай-газ байлық­тарын анықтау жөніндегі үлкен кешенді ізденістер жүргізілді. Осы жылдар Каспий ойпатының тұзды шөгінділерінің астына жүргізілген геологиялық барлау жұмыс­тарының бірден күшейгендігімен сипат­талады. Сонымен қатар, институтта Индер ауданының табиғи ресурстарын кешенді меңгеруге байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар қарқынды түрде іске аса бастады. Жоғарыда айтылған ғылыми ізденістердің арқасында 1978 және 1979 жылдары геологиялық барлау жұмыстары өз нәтижесін бере бастап, Каспий ойпатының шығыс ернеуінде Жаңажол мұнай кен орны және солтүстік ернеуінде алпауыт мұнайгазконденсатты Қарашы­ғанақ кен орындары ашылды. Ол КСРО мұнай-газ картасын, Қазақ КСР мұнай-газ болжамдық картасын, Каспий ойпатының мұнай-газ провин­ция­ларының карталарын құра­с­ты­ру­шылардың және аймақтық редак­торлар­дың бірі болып көп іс тындырды. Ол 150-ден астам ғылыми еңбектердің және баяндамалардың авторы және серіктес авторы болды. Оның еңбектерінің арасынан 1970 жылы шыққан және көптеген жылдарға барлық геолог-барлау­шылардың құнды құралына айналған “Каспий ойпатының батыс бөлігінің геологиясы және мұнай-газ перспек­тивалары” атты кітабын атап өткен жөн. 1976 және 1980 жылдары бір топ қызметкерлер, соның ішінде Таумыш Нұрышұлы бұрғылау технологиясы бағытында жасаған зерттеу жұмыстары үшін Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сый­лығының лауреаты болды, ал 1980 жылы Бозашы түбегінің мұнай кен орындарын ашқаны үшін “Халықтар достығы” орденімен марапатталған. Тіпті құрметті демалыста бола тұрып, ол кісі институтта ғылыми қызметкер ретінде жұмысын жалғастырып, жылдар бойы жинаған тәжірибесін жас маман­дарға үйретіп, конференциялар мен жиналыстарға қатысып, бұқаралық ақпа­рат құралдарында мақалалары мен баянда­маларын жазып өмірін белсенді жалғастырды. Республикалық және облыс­тық газеттерде ол кісінің 120-дан астам мұнай-газ саласының дамуы тура­лы, Атырау аймағының тарихы туралы, қазақ тілі және мәдениет ескерткіштері туралы мақалалары жарық көрген. 1998 жылы “ӨЛКЕ” баспасында таңдамалы мақалаларының жинағы “Тұнғиығы тұңған сыр” атты кітап болып жарық көрді, ал 2002 жылы – Қазақстан тари­хында бірінші болып “Мұнай және газ геологиясының орыс-ағылшын-қазақ терминологиялық түсіндірме сөздігі” шықты. Жаңа кадрлар даярлау және тәрбиелеу саласындағы еңбегі үшін Таумыш Нұрышұлына 2001 жылы Атырау мұнай және газ институтының құрметті профессоры атағы беріліп, осы инс­ти­тут­тың бір аудиториясы ол кісінің есімімен аталды. Таумыш Нұрышұлының осы еңбектерінің маңыздылығын ескеріп, 1999 жылы “Құрмет” орденімен мара­пат­талса,  2007 жылы “Аты­рау облы­сының құрметті азаматы” атағы берілді. Осындай ірі тұлғаның ортамыздан кеткені біз үшін үлкен қайғы. Біз, қызмет жолындағы әріптестері, ол кісіні мәңгі өшпейтін жарқын елестермен еске алып отырамыз! Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Воцалевский Э.С. – геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қ.И.Сәтбаев атындағы геоло­гия ғылымдары институтының бас ғылыми маманы – Алматы. Камалов С.М. – геология-минера­ло­гия ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазгазжобалау институтының директоры – Орал. Бөлекбаев З.Е. – геология-минерало­гия ғылымдарының кандидаты, Фалькон компаниясының бас геологы - Ақтөбе. Марченко О.Н. – геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Казкормұнай компаниясының бас директорының кеңесшісі - Орал. Қуандықов Б.М. – геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан өнеркәсібінің еңбек сіңірген маманы, Меридиан Петролеум компаниясының президенті - Алматы. Ақшолақов У.А. – геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Н.Ә.Марабаев атындағы “Мұнайшы” қоғамдық қорының құрылтайшысы - Алматы. Турков О.С. – геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Смарт Инжиниринг компаниясының бас геологы - Алматы. Ескожа Б.А. – геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазмұнайгаз БӨ мекемесінің бас геологы - Астана. Қуантаев Н.Е. – геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, ФИОК компаниясының вице-президенті - Алматы. Тасқынбаев К.М. – геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, ҚазНИГРИ институтының директоры - Атырау. ОЛ ТАЗАЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ ЕДІ Мен Таумыш ағаммен 11 жылдың үстінде жұмыстас болдым. Тәкең біздерді сол жылдардың ішінде көптеген заттарға үйретіп, ғылым саласындағы ізденіс жасау, ол жұмыстарды басқару жөніндегі өзінің мол тәжірибесімен қашан да бөлісіп отыратын-ды. Таумыш Нұрышұлындай қағаз жазуға, орысша-қазақша тілдерде бірдей ғылыми шығармаларды ең жоғары деңгейде жарыққа шығару қабілеті бар адамды мен көрген жоқпын. Және біздерден де сондай деңгейлікті талап ететін еді. Таумыш ағадан алған сабақтар біздер үшін өмірлік қазына болып келеді. Сол себептен мен өзімді бұл кісінің шәкіртімін деп есептеймін. Таумыш аға тек қана ғылыми жұмыстармен шұғылданып қойған адам емес. Ол жас кездерінде кәсіпшіліктерде бас геолог болып істеген болса, 1968-1972 жылдары Қазақ КСР Геология министрлігі Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының бастығы қызметін атқарған. Сол кезде бұл кісінің басқаруымен бір бөлек кен орындар ашылды. Тәкеңнің артында өшпес із қалды. Әріптестері арасында сыйлы, қадірлі, қарапайымдылығымен танылумен қатар, ұжымда, қоғамда, мемлекет алдында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Оның куәсі – ағамыздың көптеген мемлекеттік наградалармен және медальдармен марапатталуы. Ұзақбай ҚАРАБАЛИН, Қазақ Мұнай және газ институтының директоры. ҚАНЫШ АҒАНЫҢ КӨЗІНДЕЙ ЕДІ Таумыш аға – қазақ мұнай-газ саласына ерекше еңбек сіңірген бірегей мұнайшы. Ол Атыраудағы мұнай технику­мы­н бітірген тұңғыш түлектердің бірі еді. Алғашқы еңбек жолын 1938 жылы Доссор мұнай кәсіпшілігінде бастап, содан бергі кезеңде ел эко­но­ми­касының жетекші саласы –мұнай-газ өнеркәсібінің өркен­де­уіне үздіксіз үлес қосты. Әсіресе, отандық геологияның кең ауқымда өркен жаюына елеулі еңбек етті. Оны қазақ ғы­лымының абызы – Қаныш аға Сәтбаевтың көзіндей көруші едік. Ғұлама ғалымнан алған тәлімін кейінгі жастарға үйретуден еш жалыққан жоқ. Ел экономикасын, соның ішінде мұнай-газ өнеркәсібін өркендетудің ғылыми негізін қалауға атсалысты. Өзінің ғылыми жаңалықтарымен жаңа кен орын­дарындағы сапалы мұнай қор­ларын анықтауға белсене араласты. Осы орайда Батыс Қазақстан геоло­гиялық басқар­масын басқар­ған жылдары Шығыс Жетібай, Доңға, Арыс­танов, Гран, Октябрьск секілді жаңа кен орындарына барлау жасалды. Геологиялық жұмыс­тарды қарқынды жүргізу үшін тың бастамаларымен де танылып еді. Таумыш ағаның бас­та­масымен 1976 жылы Қа­зақтың мұнай-геоло­гиялық барлау ғылыми-зерттеу институт­ын­да, кейіннен Атырау экспедициясы болып қайта жасақталған тә­жіри­белік-әдісте­мелік партия құрылды. Осыдан кейін Жаңажолда, Мартыши мен Қамыстыда, Гран мен Жаңаталапта мол мұнай қорлары, Қарашы­ғанақта газ конденсаты ашылды. Таумыш аға Жұмағалиевтің ғы­лыми ізденістері, шәкірт тәрбие­леудегі ұстаздық ұлағаты, отандық мұнай-газ өнеркәсібін дамытудағы 62 жылдық еңбек жолы – өнеге. Оның өмірі –шежіре. Саланы дамытудағы ерен еңбегі лайықты бағаланып, бірнеше орденге, Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Батыс аймақтағы кен орында­ры­ның толыққанды игерілуін қалайтын, әсіресе, Тайсойған ала­ңы­нан мұнай алудың эко­но­микалық тиімділігін көбірек айтушы еді. Бұл туралы кезінде “Егемен Қазақстан” газетінде мә­селе көтерді. Біртуар ғалым Қ­аныш Сәтбаевтың ғылыми тұжырымда­маларын жинақтап, насихаттаудан жалықпайтын. Ембі мұнайшылары Таумыш ағаны құрмет тұтатын, ақыл-кеңесін тың­дауға асығатын. Соңғы бір жыл­дың ішінде ембілік мұнай­шылар Таумыш ағамен бірнеше рет кездесті, оның ұла­ғатты әңгімелерін тыңдады. Артына мол мұра – 5 монография, 140-тан астам ғылыми еңбектер, бірнеше кітаптар жазып қалдырған Таумыш Нұрышұлы Жұмағалиевтің жарқын бейнесі мен отандық мұнай-газ өнеркәсібін өркендетудегі ерен еңбегі Ембі мұнайшыларының жадында әрдайым сақталады. Ізтұрған БАЙМҰХАНОВ, “Ембімұнайгаз” өндірістік  филиалының директоры. ҚОШ БОЛ, АСЫЛ АҒА “Жетіппін жүре-жүре қыр басына, Жол екен таусылмайтын бір ғасырға”, – деп Жамбыл бабамыз айтқандай, Атырау елінің ардақты, абзал азаматы Тәкеңнің – Таумыш Нұрышұлы Жұмағалиевтің ұзақ өмірінің өлшемі ғасырға жақын. Тәкеңді де ХХ ғасырдың құрдасы деп есептеуге болады. Ол өмір жолын әлемге аты шыққан, қазіргі Қазақстанның жер байлығының картасын жасаған ел Ғылым академиясының бірінші Президенті Қаныш Сәтбаевтан тәрбие мен бата алып бастаған. Табиғатына біткен ақыл-ой, парасат пен табандылық ол қай жерде жүрсе де өзінің орнын тауып, туған жерде адал қызмет етті. Атырау елінің белгілі мұнай­шылары Сафи Өтебаев, Жол­дасқали Досмұхамбетов, Нәрен Имашев сияқты азаматтармен бір мезгілде қоян-қолтық қызмет атқарып, облыс экономикасының дамуына үлес қосты. Осындай еңбегі үшін Тәкеңе “Атырау облысының Құрметті азаматы” деген атақ берілді. Ол тек қана геолог емес, белгілі ғалым болды. Бірнеше ғылыми еңбектің авторы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, орден, медальдармен марапат­талған, атақтардың иегері. Міне, бүгін сол дәуірдің соңғы “ғасыр куәсі” ортамыздан кетіп жатыр. Қимас аға, абзал ақсақалымыз, Тәке, қош бол, қош бол! Алдыңнан жарылқасын. Жатқан жерің жайлы – жұмақта, иманың жолдасың болсын. Есен ТАСҚЫНБАЕВ, еңбек ардагері. МҰНАЙШЫ ДА, ҚАЛАМГЕР ДЕ ЕДІ Осы таяуда ғана дерлік, Тәу­кең­нің үлкен басын кішірейтіп маған телефон соғып, хабарласқаны бар. Мән-жайы былай екен. Осыдан он жылдай бұрын “Атырау ақша­мы” атты апталық газетте мұнай­шы-ғалым Таумыш Жұмағалиевтің жетекшілігімен жарық көрген көлемді еңбек – мұнай және газ геоло­гиясы терминдерінің түсін­дірме сөздігіне біздің шолу-рецензиялық мақала шыққан екен. Аталған түсіндірме сөздік шағын ғана таралыммен шығып, тіпті саттыққа да түспеген, демеуші табылып жатса қайта басылғаны дұрыс болар еді, ал аталған шолу-рецензия бәлкім осыған қозғау болар ма еді дегенге саяды. Айтсын айтпасын, қалай да таңырқамассыз. Тоқсаннан асқан шағында тек қана еңбек, тек қана жазу, ой толғау жалғасып жатса?! Және осының алдында ғана ауруханада ем-дом алып шыққан бойы болатын (көңілін сұрап, барып та кеткенмін). Мұны жөні бөлек, ерекше құбылыс дегеніміз дұрыс. Өйткені, иманды болғыр Тәукеңнің өмір бойы дерлік тағы бір дағдылы ісі шығармашылық сала деп танылып үлгерілген. Негізгі оқуы да, алған мамандығы да, істеген қызметі де өндіріс, мұнай өндірісі, геология, демек техникалық сала бола тұра әлгі айтқан қаламгерлік қасиеті қатар жүріп келсе ше? Талай шығар­машылық еңбектерін жария­лады, солардың бірі “Тұңғиығы толған сыр” атты көлемді зерттеу жинағын атап кетелік. Мақалалары әртүрлі басылымдарда үздіксіз шығып келді. Биылғы жылдың өзінде облыстық “Атырау” газетінде таби­ғатты қорғау мәселесі төңірегінде проблемалық мақаласы жарық көрді. (Тағы да тоқсан жас ойға орала береді, осындайда). Аса терең білімді, тура мағы­насындағы ғұлама, әсіресе қазақ тілінің сөздік қорын жете білетін әуел бастан Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов сынды ғұламалардың шығармаларымен сусындап өскен Тәукең өзі де өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамай, артына жеткілікті мұра, лайықты із қалдырса, бұған қалайша кейінгіге үлкен өнеге деп қарамасқа. Алдыңда ағаң болған қандай жақсы деп мақтана қарап жүруші едік, көбіміз. Енді, не шара, жаның пейіште шалқысын дейміз де Тәукеңе. Теңдік ЖАУЫРҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі. ШӘКІРТТЕРІ МОЛ ҰСТАЗ 1970 жылдардың аяғында Каспий бойы ойпатының шығысында Жаңажол мұнай көзі, ал солтүстігінде Қарашығанақ газконденсат кен орындары ашылды. Осы аты аталған кен орындарының мұнайы мен газконден­саттарының қасиеті мен құрамын зерттеу өте қиындыққа соқтырды. Себебі олар жерасты қабатында өте жоғары қысым мен температурада сақталған және де құрамдарында өте көп мөлшерде күкіртті сутегі бар. Осындай жоғары қысым мен температурада сақталған мұнай мен газконденсатты әдейі жабдықталған қондырғыда зерттеу керек болатын. Сол жылдары Таумыш Нұрышұлы ағамыз өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен КазНИГРИ-ге, бүкіл Кеңестер Одағында алғашқылардың бірі болып “Альстон-Атлантик” және “Сермип” француз фирмасының қондырғыларын алдыртты. Сол қондырғыларда алғаш рет терең жер қойнауының мұнайы мен газконденсаттың физика-химиялық қасиеттері мен құрамы анықталды. Алынған параметрлер кейін Қарашығанақ және Жаңажол кен орындарының қорын есептеуге және сол кен орындарының технологиялық (схемасы) жүйесін жасауға пайдаланды. Осындай үлкен кен орындарының қорын есептеуге институттың көптеген ғалымдары өз үлестерін қосты. Солардың ішінде Таумыш ағаның әріптес інілері Анатолий Иванович Шаховой, Эдгард Славомирович Воцалевский, Тамерлан Измайлович Бадоев, Қармыс Қабдолұлы Дүйсенғалиев, т.б. бар. Ғылыми-өндірістік салада қызмет еткен жылдары көптеген шәкірттер дайындап, оларға өзінің әдістерін үйретті. Атап айтқанда, Ұзақбай Қарабалин (т.ғ.д.), Бақтықожа Ізмұхамбетов (т.ғ.д.), Марат Байзақов, Мансия Бабашева, Қосан Тасқынбаев, Нұрлы Әйтиева, Фарухат Қуанышев, Зинолла Досмұханов, олардың бәрі ғылым кандидаттары, қазір әр салада өздерінің жұмыстарын жүргізуде. Атырау жерінен қанат қағып, халқымыздың құрметіне бөленген “Азамат” деген аты үлкен әріппен жазылатын тұлғалардың бірі ретінде біз Сізді мақтанышпен еске аламыз, еңбегіңіз зор құрметке лайық деп есептейміз. Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болғай. Қош бол, Таумыш аға! Бір топ шәкірттері.