Хакім Абайдың “Қара сөздерімен” енді тәжік бауырларымыз да танысатын болды. Жақында “Панднома” деген атпен жарық көрген кітаптың тұсаукесері Душанбе қаласындағы Журналистер Одағы үйінде өтіп, оған тәжік елінің зиялы қауымы, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Кітапты тәжік тіліне аудару және бастырып шығару – бұл Тәжікстандағы Қазақстан елшілігі мен Тәжікстан Журналистер Одағының және “Тәжікстан-Қазақстан” достық қоғамының бірлесіп ұйымдастырған жобасы.
Жинақты оқырман қауымға таныстыра келе Тәжікстандағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Әбутәліп Ахметов Абайдың шығармашылық мұрасы шет тілдерге бірнеше мәрте аударылғанын атап өте келе кітаптың Тәжікстан жоғарғы оқу орындары мен ұлттық кітапханасына сыйға тартылатынын да жеткізді. Ал осы жинақтың жарыққа шығуы Тәжікстанның Мәдениет министрі Абдугаффар Абдужаббаровтың пікірінше, екі елдің өзара достық байланысын, ынтымақтастығын бұрынғыдан да жақындата түспек.
Тұсаукесерде сөз алған аудармашы, публицист, абайтанушы Фатхулло Азизов бұл кітаптың арқауы – адамгершілік тақырыбы екенін атап өтіп, жаңа кітаптың ішінен біраз үзінділер оқыды. Ол осы қара сөздерді аудару барысында бірқатар үзінділерін жергілікті басылымдарға жариялаған екен. Тәжік бауырлар бірден қызығушылық танытыпты.
Сондай-ақ Тәжікстан-Ресей университетінің профессоры Әбдусаттар Нұралиев өз сөзінде Абайдың шығармаларының тәжіктің классикалық шығармаларына жақындығын тілге тиек етті.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.