Жансарай Кеше

Қашағанын өнердің құрықтаған...

29 рет
көрсетілді

Ұлттық бейнелеу өнерінің тарихы тым әріден басталады. Бірақ оның даму кезеңі өткен ғасыр­­дың 20-30 жылдарынан жалғасты. Оған алғаш Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев секілді айтулы­ тұл­ға­лар түрен салды. Олар бей­не­леу өнерін кәсіби деңгейге көтерді. Мек­теп қалып­тас­тыр­ды. Осыдан бастап, қазақ қыл­қалам ше­бер­­лерінің үлкен шоғыры өр­тең­ге өскен шөп­тей қаулап шық­ты. Соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейнелеу өнеріне келіп, айшықты із қалдырған Қазақ­стан­­ның халық суретшісі Мол­дах­­мет Кенбаевтың шоқ­тығы биік. Оның туындыларында­ ұлт­­тың бекзат болмысы, дар­қан даланың кеңдігі шынайы көркемделген.

Он төртінші перзент

Қарт Торғай төсінде дүние есігін ашқан болашақ кескіндемеші жасынан тағдырдың түрлі теперішін көрді. Ол көпбалалы отбасында он төртінші сәби болып, өмірге келген. Бұл өте қиыншылыққа толы жылдар еді. Кеңес өкіметі ел ішіндегі байлардың барлық мал-мүлкін тәркілеп, түрмеге қамады. Жер аударды. Бұған дейін емін-еркін тіршілік кешкен қауымды күштеп ұжымдастырды. Соның салдарынан ел аштыққа ұрынды. Әсіресе осы зобалаңға Арқа жұрты қатты ұшырады. Қаншама әулет аштықтан бас сауғалап, жан-жаққа үдере босты. Бұл зұлмат Кенбаевтар отбасын да айналып өтпеді. Суретшінің ұлы Алпамыстың айтуынша, оның төрт бауыры аштықтан көз жұмған. Сөйтіп, ата-анасы қалған балаларын ертіп, Алматыға қоныс аударады. Бұған тікелей Әліби Жангелдин ықпал жасаған. Өйткені қылқалам иесінің әкесі Сыздық Жангелдинмен ауылдас. Бір жағынан, жақын ағайыны. Әлекең бұл әулетке көп қамқорлық көрсеткен. Көрнекті қайраткер Алматының маңайындағы ауыл­дардың бірінен жан-жақтан босып келген­дердің басын қосып, шаруашылық ұйым­дастырады. Оған Молдахметтің әкесі Сыз­дық төрағалыққа сайланды. Бірақ бұл қыз­метті ұзақ атқара алмаған. Оның себебі бар.

«Әңгіме үстінде»

Белгілі қаламгер Сапабек Әсіп Кен­баевтың суреткерлік әлемі туралы жазған деректі хикаятында кейіпкеріміздің өмі­ріне байланысты бір оқиғаны баяндайды. Бірде әлі мектеп жасына толмаған Мол­дахмет әкесімен еріп, қаладағы базарға барады. Әкесі оған бір тоқаш пен бір тілім қарбыз сатып алып беріп, өзі біреулермен әлденені қызу сөйлесіп, арбадан ұзап кетеді. Осы кезде екі-үш ересек жеткіншек мұның қасына келіп, арлы-берлі секіріп, оны ойынға айналдырады. Сәлден кейін ол соларға еріп, көше жағалап кетеді. Сол кеткеннен ізім-қайым жоғалады. Әкесі зар қағып, баласын іздейді. Еш жерден таба алмайды. Осы оқиға ата-анасын қатты күйретіп кетті. Әкесі өкініштен ішқұса болып, ауруға шалдықты. Адасқан бала қаңғыбастар қатарына барып қосылады. Олар мұны ұсақ-түйек ұрлыққа үйретеді. Содан күн суытып, қар түскенде бір сарайдың бұрышында бүрісіп отырған жерінен оны милиционерлер ұстап алып, балалар үйіне тапсырған. Осы­лай Молдахмет Кенбаев балалар үйін­де тәрбиеленді. Он жылдан аса уақыт өткеннен кейін ғана туғандарымен қайта қауышқан. Бұл жағдай саңлақ суретшінің балалық шағына терең із қалдырды. Жан-дүниесін мұңға батырды. Ширатты. Өмірге көзқарасын өзгертті.

Кескіндемешінің алғашқы жұмыс­тарының бірі 1940 жылы Алматыда жа­рық көрген «Ғажайып бақ гүлдері» атты ұжымдық балалар жинағына енген. Мұнда талапты өрен самсаған зауыт құбырын, электр бағанын, зулаған машиналар мен көпқабатты үйлерді, қысқасы, сол кездегі жаңа заман бейнесін бедерлеген. 1941 жылы бала күнінен армандаған Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түсті. Сөйтіп, бейнелеу өнеріне біржола бет бұрды. Кескіндеме, мүсіндеме, графиканың қыр-сырын үйренді. Алайда бірінші курстан кейін еңбек армиясына алынып, екі жыл тылда жұмыс істеді. 1944 жылы білім ордасына қайта оралып, оқуын жалғастырды. Кәсібилігін шыңдады. Қа­ла­лық, республикалық байқауларға қатысып, көрмелерге еңбектері қойылды. Аға буын суретшілермен араласты. Әбілхан Қастеевпен жақын сыйласып, оның үлгі-өнегесін алды. Бірде қылқалам шебері КСРО Суретшілер одағының Мәскеу түбіндегі шығармашылық үйіне Молдахмет Кенбаевты өзімен бірге алып кетеді. Мұнда Қастеев көптеген белгілі суретшілермен кездеседі. Әңгімелеседі. Сонда оған жас Кенбаев аудармашылық қызмет көрсеткен. Осы сапар кейіпкеріміздің талабын ұштап, талантын ашты. Мәскеудегі әйгілі В.И.Суриков атындағы мемлекеттік көркемсурет институтына оқуға түсті. Мұнда ол көрнекті кескіндемеші В.П.Ре­шетниковтің шеберханасында білім алды.

 

Ұлттық нақыш ұшқындары

Көктемде біздің ауылда бәйшешек қаулап өседі. Ақ дейсіз бе, сары дейсіз бе, қызыл дейсіз бе – түр-түрі кездеседі. Құдды жерге түрлі-түсті кілем төсеп тастағандай. Кен­баев картиналарын көргенде, осы бәй­шешектер бірден көз алдыма келеді. Өйт­кені оның шығармашылығының негізгі өзегі – дала. Онда дала көрінісі сан түрлі бояуға толы. Бір жағынан, дала – қазақтың жаны. Рух­ты көтереді.

Бірегей суретші ә дегеннен бейнелеу өнеріне өз сүрлеуімен келді. Оның студент кезіндегі «Шопан әні», «Сүйінші», «Әліби Жангелдиннің отряды» атты еңбектері­нен-ақ қолтаңбасы қалыптасқан. «Шопан әні» – автордың үздік дүниесінің бірі. Бұл эпикалық сипатқа ие туынды. Картинадағы бояулардың түсі де бөлек. Шашыраңқылық жоқ. Жылылық шашады. Бір жағынан, шопан тіршілігі қарапайым секілді көрінеді. Шын мәнінде, олай емес. Табиғаттың түрлі тосын құбылысымен бетпе-бет келетін оның әр күні, кейде ерлікке тән. Соны суретші барынша тұспалмен жеткізген. Түйе мінген шопан бейнесінде өзін осы даланың иесімін деген асқақтық бар. Сонымен бірге ерке самалымен тербеген даланың келбеті қандай әсем. Айшықты. Осының бәрі туындының өн бойында ұнамды үйлесім тапқан.

«Қашағанды құрықтау»

Қылқалам шеберінің шығармашы­лығында «Ә.Жангелдиннің отряды» атты еңбегінің де өз тарихы бар. Бала күнінен ел таныған қайраткердің қамқорлығын көрген суретші оның портретін салуға талай мәрте оқталған. Бірақ бәрі де көңілінен сәтті шыға қоймады. Мәскеудегі жоғары оқу орнының соңғы курсында жетекшісімен ақылдасып, дипломдық жұмысына Жангелдиннің өмір жолын арқау еткен сериялық суреттер салуға кірісті. Алдымен ол Әлекең жүрген жолмен сапарға шығады. Ел көреді. Ақтөбенің Шалқарына ат ізін салады. Оны танитын адамдармен жүздеседі. Сөйтіп, тамаша туынды өмірге келді. Бұл жұмысын ұстазы В.Решетников жоғары бағалаған.

Бір ерекшелігі, кескіндемешінің кез келген туындысы ұлттық нақышқа бай. Әсіресе оны «Сабан той», «Әңгіме үстінде» және «Тұскиіз» триптихы атты бояуы қанық жұмыстарынан анық көресіз. Мәселен, «Киіз басу» картинасында халқымыздың ғажа­йып этнографиясын көркем бейнелеген. Қазір ешкім бұрынғыдай киіз бас­пайды. Оны білетін апа-әжелеріміздің де қатары селдіреді. Біз осы киіз басуды көрген ұрпақтың соңғысы болармыз. Мұнда көк майса үстінде білегін түріп, киіз басқан әжелердің қимылы қандай әсем! Сондай шынайы. Арғы жағында көк­жиекпен ұштасқан тау. Оның етегінде қой жайып жүрген шопанға сүзіліп қарап тұрған сымбатты бойжеткен. Осы көрі­ністің бәрі көзіңізге жылы ұшырайды. Көңі­лі­ңізді нәзік сезімге бөлейді.

Жуырда дүние салған суретші, өнер­танушы Байтұрсын Өмірбек көзі тірісінде Кенбаевтың Еуропаның бейнелеу өнерін меңгеріп, оған өзінше ұлттық өрнек қосқан үлкен дарын иесі екенін айтқан еді.

«Молдахмет Кенбаев – Қазақстанның халық суретшісі атанған санаулылардың бірі. Ол бейнелеу өнеріне Қанапия Телжанов, Сабыр Мәмбеев, Гүлфайрус Ысмайылова секілді дарынды сурет­шілермен қатар келіп, солармен қанат­тасып еңбек етті. Бұл қыл­қалам шеберлері Алматыдағы көр­кем­сурет училищесінде оқыды. Сол жылдары осы сала мамандарын оқытуға көп көңіл бөлін­беді. Шынын айтсақ, жан-жақты білім беруге талпыныс болмады. Психология, фило­софия секілді ой-сананы дамытатын пәндер оқы­тылмады. Бірақ олар өз таланттарымен топ жарды.

Молдахмет ағамен жақын араластым. Өте қарапайым болатын. Ол белгілі кес­кіндемеші ғана емес, монументтік өнермен де айналысты. Алматы қонақүйіндегі «Еңлік-Кебек» мозаикасын ерекше айтар едім. Жалпы, Молдекең өз буынындағы дарынды суретшілердің бірі болды. Оның «Қашағанды құрықтау» туындысы кескіндеме жанрының үздік үлгісі. Осындай бірнеше картинасы бар. Жет­пісінші жыл­дардың соңында сол кездегі Алматы мем­лекеттік театр және көркемсурет инс­ти­тутында проректор болып істедім. Мол­дах­мет аға да осында қызмет етті. Шәкірт тәр­биеледі. Сонда онымен жақын араласып, ағалы-інілі сыйласып едік», деп еске алған болатын Байтұрсын ағамыз.

 

Мұхаң тамсанған туынды

Біртуар суретші пейзаж жанрында да өнімді еңбек етті. Оның «Алматының төңі­регі», «Суат басында», «Қыстауда», «Тау бөктерінде», «Жайлаудағы таң» жұмыстары осы жанрдың деңгейін көтерді.

Әсіресе суретшінің Құрманғазы бабамызды бейнелеген «Сарыарқа» туынды­сының жөні бөлек. Бұған автор біраз күш жұмсаған. Ұлы күйші туралы поэ­ма жазған ақын Хамит Ерғалиевпен әңгі­мелеседі. Тұлға өмірімен жақын танысты. Академик Ахмет Жұбановтан құнды деректер алған. Картинада кейіпкер кескіні қоңыр, сары, қызғылт түстерімен ашылған. Айтпақшы, осы еңбегімен автор 1959 жылы республикалық суретшілер байқауында бірінші орын алды.

«Киіз басу»

Шындығында, Кенбаев шығар­мала­­рында поэтикалық сарын басым. Еркін­дік, кеңдік бар. Қылқалам шебері туын­дыларының көркемдігі бірінен-бірі өтеді. Техникасы керемет. Алайда әрбір сурет­кердің есімін жұртшылыққа танытқан бір шығармасы болады. Мол­дахмет Кенбаевтың сондай дүниесі – «Қашағанды құрықтау» еңбегі. Мұны автор 1961 жылы салған. Міне, содан бері алпыс жылдан аса уақыт өтті. Бірақ оның құндылығы жыл өткен сайын арта түсті. Классика деп осындай дүниені айтатын болар. Мұнда да көз алдыңызға таныс сурет келеді. Сайын дала. Көкжиекпен ұштасқан тау. Алайда картинадағы дала бейнесі батып бара жатқан күн сәулесімен арайланып тұр. Дала төсінде шашасына шаң жұқпаған ақ боз ат желдей есіп барады. Оны кесе көлденең қолдарына ұзын құрық пен арқан ұстаған екі салт атты қуып келеді.Суретші осындағы көріністі ақ, қызыл, көк, сары бояулармен тамаша бедерлеген. Картинаға жанды қозғалыс береді. Қысқасы, автор бұған жылқы мінезді қазақтың бар болмысын сыйдырған. Бір жағынан, мұнда қашаған жылқыны бейнелеу арқылы кеңес билігінің құрсауындағы халқымыздың азат­тықты аңсаған арманы бар. Соны бояу тілімен астарлап жеткізген.

Қылқалам шеберінің осы туындысына ұлы Мұхаң тәнті болған. Оны Молдахмет ағамыз бір естелігінде баяндайды.

«Бір күні шеберханама Мұхтар Әуезов пен Орал Таңсықбаев келді. Сонда Мұхаң мені алғаш рет Орал ағамен таныстырды. Өте мейірімді адам екен. Мен «Қашағанды құрықтау» картинасын салып жатқан едім. Екеуі соның тұсына келіп, ойланып қалды. Жүрегім аузыма сыймай, дүрсілдеп барады. Бір мезетте Мұхаң: «Пәлі, Орал, мінез деп мынаны айт. Молдахмет сенің аттарың асау ғой өзі. Осындай кеңістік керек бізге. Көкірегіміз ашылып сала берді ғой», деп Орал ағаға қарады. Ол кісі болса үнсіз жымиып, жылы шырай білдірді».

Қызық болғанда, суретшінің осы жұ­мысын Алматыдағы республикалық көр­меге қоюға алмаған. Кейін оны Мәс­кеудегі атақты Третьяков галереясы аттай қалап, сатып алды. Сөз орайы келгесін айтайық, Молдахмет Кенбаев Третьяков галереясына картинасы қойылған бірінші қазақ суретшісі. Бұдан басқа оның бірқатар еңбегі Шығыс халықтары өнерінің мемлекеттік мұражайы мен Ә.Қастеев атын­дағы өнер музейінде сақталған.

 

Монументтің мойындалған шебері

Бұл сала – елімізде кенжелеп дамыды. Соған алғаш із салғанның бірі – Молдахмет Кенбаев. Өнер иесінің осы саладағы ал­ғашқы тәжірибесі Алматыдағы қазақ драма театры ғимаратынан басталды. Осы ны­сан маңдайшасының жобасын әзірледі. Кейін белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Николай Цивчин­ский­­мен бірлесіп, Алматыдағы бірнеше көп­қабат­ты тұрғын үйді безендірді. Сол кез­дегі Мәскеудегі «Қа­зақстан» кинотеатры ғимаратын әсемдеді.

Әсіресе кәсіби екі маманның қазақтың көне эпос жырлары негізінде жасаған жұмыстары көпшілік көңілінен шықты. Оның дені мозаика бейнесінде іске асты. Кейбіреуін кескінді гипстің бетіне ойып салды. Айталық, «Алматы» қонақүйінің кіре берісіндегі мозаикалық панноның колориттік сюжеті қандай көркем! Қонақүй қабырғасының ұзына бойына созылған панно «Еңлік-Кебек» эпосындағы көріністерді бедерлеген. Мұндағы батырлар жекпе-жегі, бір-бірін сүйген жастардың махаббаты, ақындар айтысы, жыраулар өнері, ат бәйгесі – бәрі айшықты көркемделген. Барлық бояудың түсі ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен әсем байланысқан.

Сонымен бірге Алматыдағы тұрғын үй қабырғасына салынған «Сұлушаш» мозаи­касы да сәтті туындының бірі. Қазақша киінген әдемі ару күміс алқа ұстап тұр. Оны көргенде құлағыңызға сол алқаның сыңғыры естілгендей болады. Еліміздегі монументті өнердің ең сирек кездесетін түрі – витраж. Қазақша айтқанда, бұл түрлі-түсті әйнектерден жасалатын ою-өрнекті немесе декоративті композиция. Осы өнер түрін М.Кенбаев пен Н.Цивчинский біраз дамытты. Олар республикалық Сән үйінің басқышын безендірген витражды панно жасады. Витраждың сюжеті Сән үйінің әдемілігін көрсетеді. Танымал суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камиль Муллашев монументтік өнерде Молдахмет Кенбаевтың ешкімге ұқса­майтын қолтаңбасы бар екенін айтады.

«1964 жылы Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түстім. Осында Әбілхан Қастеевтен бастап, қазақтың мықты суретшілерінен тәлім алдым. Жетпісінші жылдары Алматыда өнер комбинатында істедім. Мұнда клубтарды, мәдениет үйлерін, басқа нысандарды безендіру жұмыстары жүргізілетін. Бір жағынан, бұл жұмыс суретшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартты. Осы комбинаттың ішінде Молдахмет Кенбаевтың шеберханасы болды. Оның шеберханасы ерекше еді. Бірде Молдахмет аға менің істеп жатқан жұмысымды көріп, шеберханасына шақырды. Бір мекемеден тапсырма алған екен. Соны маған берді. Сөйтіп, ол кісімен жақын араласып кеттім. Мінезі жұмсақ, бауырмал болатын. Оның кескіндеме жанрындағы туындыларында қазақ өмірі көркем бейнеленген. Бояудың түсі мен тереңдігін дәл табатын. Монументті өнерге де қосқан еңбегі зор. Осы салада өз қолтаңбасын қалдырды», деді ол.

Молдахмет Кенбаев шығарма­шылықпен бірге педагогтік қызметті де қатар алып жүрген. Біраз жыл өзі білім алған Алматы көркемсурет училищесінде еңбек етті. Одан кейін қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Т.Жүргенов атындағы өнер академия­сында оқытушы болды. Профессор дәре­жесін алды. Алдынан қаншама шәкірт түлеп ұшты. Соның ішінде есімдері елге таны­мал С.Айтбаев, М.Қисамединов, А.Рах­манов секілді талантты суретшілерді айрық­ша айтуға болады.

Қылқалам шеберін көзін көргендер оның өмірде өте қарапайым, сыпайы бол­ғанын айтады. Дабыра-дақпырттан бойын­ аулақ ұстаған. Шығармашылықпен алаң­сыз айналысқан. Соның нәтижесінде тама­ша туындыларымен отандық бейнелеу өнері­нің қазынасын байытты. Сүбелі үлес қосты. Алматыдағы көркемсурет учи­лище­сінде оқып жүргенде хореография учили­щесінің бишілер класында оқитын Зағила есімді қызбен танысып, екеуі отбасын құрды. Өмірге төрт ұл, бір қыз әкелді. Бала­ларының бәрі әке жолын қуған кәсіби сурет­ші. Үлкен ұлы Алпамыс – елімізге белгілі қылқалам иесі.

 

Биыл көрнекті кескіндемешінің туғанына 100 жыл толады. Бұдан біраз жыл бұрын Алматыда оның тұрған үйіне мемориалды тақта орнатылды. Ал туған жері – Қостанай облысында ардақты азаматтың есімі өз деңгейінде ұлықталған дей алмаймыз. Осы мерейтойы аясында Қостанай, Арқалық қаласындағы білім орындарына, бейнелеу өнері мектептеріне суретшінің есімі әбден сұранып тұр. Көше берілсе де артық емес. Шын мәнінде, Молдахмет Кенбаев – бейнелеу өнерінің бәйтерегі. Мұндай тұлғалар ғасырда сирек туады. Ал оларды құрметтеу, тағзым ету – елдіктің ісі. 

 

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»