Табылды Досымов талайдың жүрегін ырғағы бөлек әнімен, өзінен басқа ешкім қайталай алмайтын дауысымен баурады. Оның әндерінен қазақтың болмысы мен мінезі байқалып тұрады. Тау көтерген Толағайдай тұлғалы талант заманымыздың сал-серісі секілді еді.

Ол әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң Алматыда аялдамады. Өзінің балалық шағы өткен Индербор кентіндегі қарашаңырағына оралды. Бәлкім, әндерінің дені жұртшылыққа кеңінен танылған асқақ Алатау етегіндегі Алматыны аңсаған шығар. Бірақ алыстағы аудан орталығында тұрғанымен, бозбала күнінен серігіне айналған гитарасын бұрышқа сүйеген жоқ.
Студент кезінде қазақтың талантты шайырлары Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржановтың, өзге де ақындардың өлеңдеріне бірнеше ән жазды. Сөзін де, әнін де өзі жазып, гитарамен орындаған төл шығармасы көп. Қазір оның «Ұнатамын мен сені», «Биіктік», «Сәйгүлік» және басқа да әндері жиі орындалып жүр.
Табылдының қай әнін тыңдасаңыз да жалықтырмайды. Көңілді сергітеді, рухты серпілтеді. Мұңға батыратын әндерінің өзі ойландырады. Ән иірімі тереңіне тарта түседі. Бір әні келесіге жетелей береді. Тыңдай бергің келеді. Студент кезінде шығарған әнінің бірі «Мен қазақпын...» деп аталады. Алғашқы шумақтағы «Мен қазақпын, жүре алмайтын, Шаттанбаса, күлмесе. Мен қазақпын, Ішкен асын тастай салар жыр десе. Мен қазақпын, Ашуланып, талақ қылар тірлікті, Шайға бола бір кесе» деген жолдардан ұлттың болмысы тайға таңба басқандай өрілген.
Жұртшылықтың назарын аударған шығармасының қатарында «Биіктік» әні де бар. Бұл әнде оның өкініші де, үміті де көрініс тапқан. Өкініші – «қара алтындай» қазынасы мол Атырауына тау әкеле алмағаны. «Ұнатады шыңда көңіл шырқауды, Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды. Толағай боп туылмадым, әттең-ай, Атырауға әкелер ме ем бір тауды» деген жолдардан мұнайлы өңірдің ала шаңы аспанға көтерілген жазық даласы елестейді.
Ақынның үміті қандай асқақ еді? «Алты Алаштың алыптары берсе дем, Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем. Биіктікті айналайын, туған ел, Қыранының қанатымен өлшеген». Өзі жырлағандай, обаны – адыр, ал адырларды төбе дейтін өңірде аспанға қол созған қыр баласы екенін мақтаныш етті.
Алла ақынның аузына сөз салады дейтін тәмсіл рас секілді. Табылдының кей өлеңінен оның тағдыры аңғарылады. «Атыңды сенің айтамын ән қылып неге? «Қозым-ау» деші күлімдеп Баяндай маған. Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме, Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...» деп жырлағанындай, 45 жасында өмірден өтті.
Табылдының өлең-өмірі мен өнерінің нүктесі қойылған жоқ. Дәл солай боларын мына бір шумаққа сыйғызыпты. Мұны «Үтірмен сені бітірдім, Бітірмей, жырым, нүктемен. Бергі жағында үтірдің, Өлең-өмір тұр бітпеген. Осылай деуді құп көрдім, Оқырман, сен қой нүктесін. Адамдық ғұмыр біткен күн, Ақындық ғұмыр бітпесін!» дегенінен аңғаруға болады. Оның нүктесі қойылмаған ән нотасы әлі талай ұрпаққа жалғасады.
Өнерін бағалайтын, кейінгі ұрпаққа насихаттайтын елі бар да таланттың аты өшпейді. Шығармашылық мұрасы жоғалмайды. Соның дәлеліндей 2019 жылы туған жері – Индербор кентінде еңселі ескерткіші орнатылды. Белгілі мүсінші Бақытбек Мұхаметжанов сәулеттік композицияны қоладан құйды. Биіктігі – 2 метр 60 см. Табылды Досымовтың 45 жаста өмірден өткенін білдіретін 4,5 метрлік гранитке өлеңдері қашалып жазылды.
Батыр тұлғасымен, бардтық өнерімен ел жадында сақталған Табылды Досымовтың ең құнды мұрасы – өлеңдері мен әндері. Ал оның көзі тірісінде қолынан тастамаған гитарасы мен өзге де бұйымдары құнды жәдігер ретінде сақталуы қажет.
Бардтың «Жалған дүние» деп аталған өлеңінде «Сол жаққа аттанасың бәрі барған, Қалады көкірегіңде алып арман. Қалады ауызыңда сары тісің, Қалады гаражыңда сары «Волгаң» деген шумақ бар. Жайық жағасындағы ауылда жүріп, бардтық өнердің заңғар биігіне көтерілген талантты композитор неге бұлай жазды екен? Үлкендер айтатындай, түйсігі бес күндік жалған өмірдің өлшеулі екенін сезгені ме? Әлде кездейсоқтық па, көзі тірісінде мінген «Волга» көлігі иесін күткен ақбоз ат секілді үйінің ауласында тұр.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың айтуынша, ақын әрі композитордың шығармашылығын дәріптеу – бүгінгі буынға парыз. Оның шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау көзделіп отыр.
«Биыл бард-ақын Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл толады. Осыған орай ақын мінген «Волга» автокөлігі реставрациядан өткізіледі», дейді Д.Шамұратов.
Жаңартылатын «Волгасы» жәдігер ретінде музейге қойылады екен. Қазақтың рухын көтеретін, кейде мұңға батырып, кейде ойнақы әзілмен езу тарттырар әндерінің қолжазбалары мен ноталары да Табылды Досымовтың өнерінен сыр шертіп тұрғаны жөн.
Атырау облысы