• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2010

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

510 рет
көрсетілді

АҚЖАЙЫҚТЫҢ АХУАЛЫ АЛАҢДАТАДЫ Өзен – Жер-ананың тұла бойына нәр тарататын тіршілік тамыры. Сол себепті ол мемлекеттің стратегиялық ресурстарының біріне жатады. Өзендер басқа да табиғат байлықтары секілді өзіне назар аударуды және “жаңғыру” үдерісі үшін қорғай білуді қажет етеді. Трансшекаралық сулар мәселелері бойынша қазақ­стандық-ресейлік бірлескен жұмыстарды атқаруды рет­тейтін құқықтық-келісімдік база сонау 1990-жылдары қабыл­данған құжаттармен бекітілген болатын. Ол құжаттар бүгінгі заман талабына жауап бере алмайды. Өйткені, соңғы он жылда көптеген кешенді экологиялық мәселелер жинақталып қалды. Соның ішінде Жайық өзені аясы бойынша тол­ған­дырып отырған мәселелер өте көп. Орал тауынан бастау алатын әйгілі асау өзеніміз суы аз Қазақ­стан ғана үшін емес, Ресей үшін де ерекше мемлекеттік маңызы бар күретамыр болып табылады. Өзен­нің ұзындығы 2 мың 428 шақырым болғандық­тан, акваториясы мен қойнауы шекаралас отырған екі елдің аймақтарының тұрмыс-тіршілігінің негізі болып келеді. Сондай-ақ ол – Каспий бассейні бекіре тұқымдас балықтарының жалғыз табиғи түрде уылдырық шашатын мекені. Соңғы жылдары Жайық өзені маңайындағы экологиялық жағдай күрделене түсті. Жайықтың бір сағасы – Елек өзеніндегі алтыва­ленттік хромның мөлшері кейбір кездерде мөлшерден бірнеше есе асып түседі. Ресей Федерациясы мен Қазақстанның көптеген зауыт­тары өздерінің өзенге ағызатын өндірістік суларының көлемін азайтпай отыр. Өзен арнасының батпақтану үрдісі тоқтар емес. Осыған байланысты бүгін жүйелі түрдегі өзен түбін тазарту мен жаға­сын бекіту, арнасын тосқауыл­дардан тазарту, соңғы он жылдықта 30 есе азайған Жайық-Каспий бекіре тұқымдас балықтарының көбеюін қалпына келтіру секілді жұмыстарды атқару қажет. Екі елдің ғалымдары да осындай ұстанымға келіп отыр. Қазақстан үшін тағы бір өзекті мәселе – өзен ағысын Жайық бассейнінің жоғары ағысындағы ірі су қоймаларымен жасанды түрде реттеу. Осының өзі өзен ағысының төменгі жа-ғында су ре-сурстарының азаюына әке-ліп соғуда жә­не өзен ағы­сын әрі қарай реттеу жос­пары Жайық­қа эколо­гия­лық қауіп төндіріп отыр. Қазақстан мен Ресей трансшекара­лық суларды қорғау туралы Хельсинки ке­лісімін заң-дастырды. Алайда, оның ережелерінің жалпы сипаты басқа құжаттарда нақтылауды қажет  етеді. Өйткені, бұл арадағы тәжірибе өзеннің барлық аясы үшін су-шаруашылық мақсаттарына жетуге бағытталған кешенді бағдарламаның жоқты­ғын, әр облыспен жекелеген суды қорғау міндеттерін шешу талпы­ныстары ешқандай да нәтиже бермей отырғанын көрсетеді. Бәріміз де Сырдария мен Әму­дария өзендерінің су ресурстарын  есепсіз пайдаланудың соңы Арал теңізінің қасіретіне душар еткенін білеміз. Енді Жайықтың осындай жағдайға тап болмауы үшін бірлесе отырып қимылдауымыз қажет. Осы жылдың соңына дейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзеннің экожүйесін сақтау бойын­ша қазақстандық-ресейлік үкімет­аралық комиссия құруды тапсырған болатын. Сарапшылар Жайықты құтқарудың арнайы қорымен толықтыруды ұсынып отыр. Бұл біркелкі бассейндік басқаруды ұйымдастыру мүмкіндігі мен әлемдік қоғамдастыққа трансше­каралық өзендерді өзара пайдала-нуда инновациялық үлгі көрсетуге мүмкіндік беретіні анық. Бірлескен және келісілген әре­кеттер жасау қажеттілігі Орынбор, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары жұртшылығы тарапынан оң қабылданып отыр. Осы өңірлердің белсенділері бірлесіп, 8 рет Жайық өзені бойына экспедиция ұйымдастырды. Оның соңы тегеурінді халықтық қозға­лысқа айналды. Экспедиция жұ­мыс­тарының қорытындысы бойын-ша Қазақстан мен Ресей мемле­кеттерінің және үкіметтері басшы­ларының атына осыған байланысты ұсыныстар жолданды. Өзіміздің осы ниеттерімізді іс жүзіне асыру үшін бірқатар мәселелерді шешу маңызды деп есептеймін. Атап айтқанда, екі мемлекеттің трансшекаралық су ресурстарын қорғау мен үнемді пайдалану аясында нормативтік-құқықтық базасын үйлестіру үшін шаралар қабылдау қажет. Екі мемлекеттің сумен қамтамасыз етілуін есептей отырып, суды таратудың негізгі қағидаларын жасау және қабылдау керек. Бірлескен су шаруашылығы шараларын, әсіресе, өзен арнасын тосқауылдардан тазарту бойынша қаржыландыру мәселесін шешу де өте маңызды. Қазақстан мен Ресей арасында өзеннің экожүйесін сақтап қалу жөніндегі қор құру арқылы және Жайық өзені трансшекаралық сула­рын үнеммен пайдалану және бір­лесіп қорғау туралы келісімге қол қою мәселесі де күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар, Қазақстанда да, Ресейде де Жайық өзені мәсе­леле­рін шешу бойынша мақсатты және үйлесімді мемлекеттік бағдар­ла­маларды жасау және енгізу қажет. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар жеке желілерін дамыту үшін Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы айма­ғындағы Жайық өзені жағалау­ларының бойына ерекше қорғала­тын табиғи аймақтарын анықтау туралы нормативтік-құқықтық актілер қабылдау мәселесі де шешімін тапқаны жөн. Сондай-ақ бассейндік жүйелерге негізделген су ресурстарын басқарудың жаңаша жүйесін қалыптастыру қажет. Осы позициялардың негізінде Жайық өзені бассейні айналасында қалыптасқан жағдайға алаңдаушы­лық білдіріп отырған Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Премьер-Миинистр Кәрім Мәсі­мов мырзаға ұсыныс жолдады. Онда депутаттардың, барлық мүд-делі министрліктер мен ұйымдар­дың, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдікте­рінің қатысуымен Жайық өзені бассейні экожүйесінің ахуалы, оны қорғау және Ресеймен бірлесіп суды пайдаланудың кешенді мәселелерін реттеу үшін Үкімет деңгейінде арнайы кеңес отырысын өткізу қажеттігі айтылды. Алдағы уақытта Ақжайықты қорғауға байланысты кешенді мәселелер жоғары деңгейдегі келелі бас-қосулардың талқысына түсіп, нақты шешімдерге келуге ықпал етеді деп ойлаймын. Тек осындай бірлескен нақты қадамдар жасау арқылы ғана мақсатымызға жете аламыз. Елена ТАРАСЕНКО, Мәжіліс депутаты. ДЕПУТАТТЫҚ ТОПТЫҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ Парламент Мәжілісінде “Жаңа Қазақстан” депутаттық тобының кезекті отырысы өтті. Оты­рыста Қазақстанда бүгінгі таңдағы ком­пьютерлік бағдарла­маларға және тұрмыста қолда­ны­латын жоғары технологиялық өнімдерге қазақ тілін енгізу мәселесі қаралды. Сонымен бірге, қазақ тілін үйре­тудегі компьютерлік бағдар­ламаларды жетілдіру, қазақ тілді ІT-мамандарды дайындау, ұялы байланыс қыз­метіндегі қазақ тілін қолдану­дың жай-күйі талқы­ланды. Аталған отырысқа депутат­тық топтың мүшелері, минис­трліктер мен БАҚ өкілдері қатыс­ты. Көтерілген мәселелер бойынша Индустрия және жаңа техноло­гиялар министрлігі тех­никалық реттеу және метро­логия комите­ті­нің, Мәдениет министрлігі тіл комитетінің, Байланыс және ақпарат минис­трлігі байланыс және ақпарат­тандыру комитеті­нің төраға­лары баяндама жасады. Отырыста ақпараттық тех­нологияларға қазақ тілін енгізу мәселесі бойынша жүйелі жұ­мыс жүргізу қажеттігі айтыл­ды. Мемлекеттік тілді дамытуға арналған бағдарламада осы мәселелерді шешу жолдары жоғары мемлекеттік деңгейде қаралуы тиістігі ұсынылды. Депутаттық топтың отырысында қабылданған ұсыныстар Үкіметке жолданды. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. Сізді не толғандырады? БҰЛ МӘСЕЛЕ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ Бүгінгі таңда Шығыс Қазақ­стан облысы, Семей қаласын жылумен қамтамасыз ету жүйе­сінде 2010-2011 жылдың  жылу беру маусымына дейін кезек күттірмей шешуді қажет ететін бірнеше өзекті мәселелер бар. Біріншіден, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған ТЭЦ-1 энергокөзінің қондырғылық қуаты – 410 Гкал/сағ, алайда, бүгінгі таңдағы өндіретін нақты қуаты – 140 Гкал/сағ, қосымша энергокөздер­ден алынатын қуат – 200 Гкал/сағ. Бұған қоса, жұ­мыс істеп тұрған 7 жылу қазан­ды­ғының 5-уі 1930-1950-жылдар аралығында салынғандығын ескеретін болсақ, қазіргі уақытта мұндағы техноло­гиялық жабдық­тардың барлығы­ның тозығы жеткен, соның салдарынан бүгінгі таңда 60 Гкал/сағ. жылу қуаты жетіспейді. ТЭЦ-1 энергокөзінен жылы­натын Семей қаласының сол жа­ғалауына қажетті жылу қуатының жетіспеушілігін толтыру мақса­тында 2009 жылдың қыркүйек айынан бастап  су жылытатын 2 қазаны бар арнайы қазандық құрылысы басталды. 2011 жылы, жаңа қуат көзін іске қосқанға дейін, “Теплокоммунэнерго” мемлекеттік қазыналық кәсіп­орны сапалы жылу беруді толыққанды қамтамасыз ете алмайды. 2010-2011 жылдың жылу маусымында жұмыс істеп тұрған қазандық­тарды тоқтатпау үшін, сол ар­қылы қаланың барлық әлеумет­тік-тұрмыстық объектілерінің үздіксіз қызмет етуін, жылудың уақтылы берілуін  қамтамасыз ету үшін ТЭЦ-1 энергокөзінің 4 жылу қазандығын күрделі жөндеуден өткізудің жоспары құрылды. Екіншіден, цементшілер кен­тінде орналасқан орталық жылу пункті (ЦТП-506) мен Жаңақұ­ры­лыс ауданында орналасқан жылу пунктінен (ЦТП-410) тарайтын барлық ауданішілік желілер апатты жағдайда тұр. Сол себепті өткен жылу маусы­мында қазан­дық­тардың қалыпты жұмыс істеу режімі бірнеше мәр­те бұзылды, аталған аудандарды жылумен қамтамасыз етуде көп­теген кедергілер орын алды. ЦТП-506 және ЦТП-410 жылу пункттерінің ауданішілік жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізуге сметалық құжаттамаға сәйкес 135,676 мың теңге қаражат керек. Үшіншіден, 2006 жылдан бері қалада жылу жүйесі объектілерін модернизациялау мен қайта құру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаның аясында Юность кенті мен Әуезов даңғы­лы бойындағы магистральді, сондай-ақ ауданішілік жылу желілері, “103-103А” және “Ғаб­басов” қазандықтары жөндеуден өткізілді. Кейбір жерлерде жылу көздерін жалғайтын жаңа желілер салынды. Алайда, қайта құрылған желілерді гидравли­калық жөндеу жұмысы сметалық есептерде ескерілмеген. Сол себепті қазіргі кезде қаланың жылу желілерінің гидравликалық жүйесін жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл істі жүзеге асыру 120 млн. теңге көлемінде қаражат қажет етеді. Өкінішке қарай, оңалту про­цесінен өтіп жатқан кәсіпорында да, қалалық бюджетте де аталған жұмыстарды жүзеге асыруға қаржы жоқ. Осы айтылған мәселелерге бай­ланысты Үкімет Семей қаласының ТЭЦ-1 жылу көзінің 4 қазандығын жөндеу жұмыста­рына 244,0 млн. теңге, ЦТП-506 және ЦТП-410 жылу пунктте­рінің ауданішілік жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізуге 135,676 мың теңге және жылу желі­лерін гидравликалық жөн­деу­ден өткізуге 120 млн. теңге қаражат іздестірсе, сауапты іс атқарғаны болар еді. Әйтпесе, проблема баяғы жартас – бір жартас күйінде қала беретіні анық. Ерболат ӘПСӘЛЯМОВ,ь Мәжіліс депутаты. Өшпес даңқ АКАДЕМИЯҒА БАТЫРДЫҢ ЕСІМІ ҚАШАН БЕРІЛЕДІ? “Мың өліп, мың тірілген” қазақ халқы тарихта небір зұлматты жылдар мен  қанды қырғындарды бастан өткеріп, бүтіндей бір ұлттың жойылып кетуіне жол бере жазда­ған қаншама сұрқия саясат пен арамза әрекеттерді бастан өткерді. Солардың  “ат ауыздығымен су іш­кен, ер етігімен су кешкен” ең бір қайғылы кезеңдері  Ұлы Отан соғысымен байланысты. Осы соғыста жан алысып, жан берісіп, Отанының жолында жанын құрбан еткен есіл ерлердің ерлік істері мәңгілік халық жадында сақ­та­лары сөзсіз. Бұл соғыстың қаншама халықтар үшін, қаншама елдер үшін зарлы болғаны сонша­лық, оның зардабы соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан асса да ұмытыла қойған жоқ. Қайта керісінше, осы соғыспен байланыс­ты бұрын бұрмаланып келген немесе тиісті деректердің жоқтығы­нан мүлдем кереғар түсінік қалып­тастырып келген көптеген факті­лердің беті ашылып, көптеген жауынгер азаматтардың еленбей келген ерліктері тарихтан лайықты орнын алуда. Өкінішке қарай, жоғарыда келтірілген деректер Ұлы Отан соғысына қатысып, батыр атанған қазақ азаматтарының бізге белгілі болғандары ғана. Уақыт өте келе сұрапыл соғыстың бізге беймәлім жақтары ашыла бастаған сайын, қазақ батырларының саны әлі де арта түсер деген үміт те жоқ емес, әрине. Жалпы, қазақтан шыққан Ұлы Отан соғысы батырларының қата­рында кеңестік жүйе саясатының кесірінен ерлігі кезінде дұрыс баға­ланбай, көпшілік арасында талай тартыс тудырып келген асыл аза­мат­тардың бірі, Ұлы Отан соғы­сын­да Рейхстагқа ту тігіп, алғаш рет Ұлы Жеңістің жалауын желбіреткен  Рақымжан Қошқарбаев екені баршамызға мәлім. Батыр дүниеден өткеннен кейін, 1999 жылғы 7 мамырда Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті Жарлығымен  Р.Қошқар­баевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Бүгінде Ақмола облысының Қосшы ауылындағы орта мектеп оның есімімен аталады. Дегенмен, батырдың рухына тағзым ретінде мұндай дәрежелер­мен шектеліп қоймай, Қаржы полициясы академиясының ұжы­мы, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Целиноград ауданы жұртшылығының қолдау­ларымен Қаржы полиция акаде­мия­сына Рақымжан Қошқарбаев­тың есімін беру туралы құжаттар жинап, үстіміздегі жылғы  сәуір айында Мәдениет министрлігіне Үкімет жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясында қарас­тырып, Жеңіс  күнінің 65 жылды­ғына академияға батыр есімін беруді сұраған болатын. Алайда, аталған академияға Р. Қошқарбаевтың есімін беру туралы мәселе бүгінгі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Ер есімін ел есінде сақтау – парыз. Тағдыр тәлкегінде мойымаған Рақымжан Қошқарбаевтай ұлды ұрпаққа дәріптеу – парыз. Ер есімін елге оралту – ол да парыз. Академияға батыр есімін берудің мақсаты мен басты идеясы – болашақ қаржы полицейлері мен кеденшілерінде Отанымыз – егемен, тәуелсіз Қазақстан және оның даңқты ұлдары үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру. Аталған мәселеде кедергілер болмаса, оны шешетін уақыт жетті. Жалпы, бұл бастамаға не нәрсе кедергі келтіруі мүмкін, еш нәрсе де. Демек, академияға батырдың есімі жедел берілуі тиіс. Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты. АПАТ АЙМАҚТАРЫ ДЕПУТАТТАР НАЗАРЫНДА Парламент Мәжілісінің депутаты Сағынбек Тұрсынов Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап, Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарында табиғат апаттарынан зардап шеккен тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен бөлінген қаржының тиімді жұмсалу жайы туралы сұраған еді. Жақында депутатқа Премьер-Министрдің қолы қойылған жауап хат келіп түсті. Онда былай делінеді: “Бүгінгі таңда Алматы облысы, Қызылағаш ауылы толықтай қалпына келтіріліп, 200 үй жаңадан салынып, тұрғындарға берілді. Ауылды абаттандыру жұмыстары одан әрі жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысындағы зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету, құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр. Осы күнге дейін Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында орын алған төтенше жағдайлардың салдарынан болған ауыртпа­лық­тар­ды жоюға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен жалпы 8 233,0 млн. теңге бөлінді, атап айтқанда: Шығыс Қазақстан облысына – 4 003,2 млн. теңге (1 439,4 млн.теңге игерілді); Алматы облысына – 4 229,8 млн. теңге (2 940,3 млн.теңге игерілді). Аталған шығындар шеңберінде зардап шеккен өңірлердің халқына материалдық көмек көрсетумен қатар, тұрғын үйлерді жөндеу, сумен жабдықтау жүйелерін, электр энергиясы желілерін қайта құру, жаңа тұрғын үйлер салу сияқты шаралар көзделген. Алматы және Шығыс Қазақстан облыста­рына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында барлық жергілікті органдар тарапынан қаржы аударылды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысына – 700,0 млн. теңге (88,3 млн.теңге игерілді); Алматы облысына – 870,0 млн. теңге (565,5 млн.теңге игерілді). Қазіргі уақытта, су тасқынынан зардап шеккен жеке тұлғаларға мал сатып алу үшін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы жеңілдендірілген несиелендіру жүйесін іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл ретте, қор Шығыс Қазақстан облысының шағын несие ұйымын несиелендіру кезінде мерзімі 5 жылға дейінгі уақытқа жылына үстемақысы 5,5%-ды құрайтын несие мөлшерлемесін бекітті. Қазіргі уақытта, жүргізілген конкурстың нәтижесі бойынша, “Ертіс” шағын несие ұйымы” ЖШС жеңімпаз болып танылды. Соңдай-ақ қор 2010 жылғы 5 мамырдағы несиелік келісім-шартқа сәйкес су тасқынынан зардап шеккен жеке тұлғаларға мал сатып алу үшін келешекте несиелендіру мақсатында серіктестікке 350 млн.теңге сомасында несие қорын аударған. Несиелер беру келесі талаптарға сәйкес жүзеге асырылады: - пайыздық ставкасы 7%-дан жоғары емес; - негізгі қарызды теңдей үлеспен өтеу – 5 жылға; - бір қарыз алушыны несиелендірудің ең жоғарғы сомасы 1 000 АЕК-ке дейін (1 413 000 теңгеге дейін); - несиелендіру мерзімі 60 айға дейін. Бұл ретте, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі 5% көлеміндегі пайыздық мөлшерле­мені субсидиялайды және қарыз алушы (жеке тұлға) 2%-дық мөлшерде төлейтін болады. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мал сатуға мүмкіндігі бар шаруашылықтардың тізімдері мен шығын сомасын және ауыр таби­ғат жағдайларының салдарынан өлген малдың санын анықтап, серіктестікке жолдады”. “Өкінішке қарай, Үкімет басшысы жеке компаниялар мен жеке тұлғалардан түскен қаражаттың көлемі мен оның жұмсалу барысы жөніндегі сауалға жауап бермепті. Десек те, қиын-қыстау жағдайда бүкіл ел болып зардап шеккен тұрғындарға үлкен бауырмалдық, жанашырлық танытты. Қызылағаш ауылындағы оқиғаның ертесі күні-ақ барлық жерлерде адамдар қолұшын созып, материалдық және қаржылай көмек беріп жатты. Бұл халқымыз­дың ауызбір­шілігінің, бауырмалдығының айқын көрінісі болды”, – дей келіп депутат алдағы уақытта да осы мәселе депутаттардың назарында болатынын ескертіп, егер құқығы бұзылған, көмекке қол жеткізе алмаған тұрғындар болса хабарласуын өтінді. Достық дәнекері ЕЛШІМЕН КЕЗДЕСТІ Парламент Сенаты Халық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов Корея Респуб­ликасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ли Б¿н-хвамен кездесті, деп хабаралады осы палатаның баспасөз қызметі. Әңгімелесушілер көпжақты Қазақстан-Оңтүстік Корея ынты­мақтастығының серпінді даму қарқынын, келісімдік-құқықтық базаны одан әрі жетілдірудің келешегін атап өтті. “Қазақстан Корея Республика­сымен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға, барлық деңгей­лердегі, оның ішінде парламент­аралық байланыстарда тұрақты қатынас орнатуға мүдделі”, – деді Қ.Сұлтанов. Оның пікірінше, достық пен өзара түсіністік аясындағы қатынастарды дамытуға екі мемлекеттің басшылары жасаған сапарлары тың серпін бермек. Елші Ли Б¿н-хва екі ел пар­ламенттерінің арасындағы байла­ныстарды нығайтудың маңызды­лығына тоқталып, палата басшы­сының жетекшілігімен қазақ­стандық парламентшілерді Корея Республикасына ресми сапармен келуге шақырды. Басты байлық САНИТАРЛЫҚ АВИАЦИЯ — МАҢЫЗДЫ САЛА Санитарлық авиация Кеңес Одағы кезінде ауыл тұрғындарына өте қажетті және мемлекет тара­пынан қомақты көмек көрсетілетін саланың бірі болған еді. Бірақ, 90-шы жылдардан бастап санитарлық авиацияны қаржыландыру жеткі­ліксіз болғандықтан, бұл медицина­лық көмек еліміздің өңірлерінің, әсіресе, шеттегі ауыл тұрғында­рының қолы жетпейтін қызмет түрі болып қалды. Дегенмен, қазір елімізде оң қа­дамдар жасалуда. Өткен жылы “Ха-лық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының Кодексі қабыл­данды. Оның 50-ші бабына сәйкес санитарлық авиация – шұғыл медициналық көмек ұсыну нысаны болып бекітілді. “Халық денсаулы­ғы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекске сәйкес Үкіметтің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысымен санитарлық авиа­­ция тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне енгізілген. Сонымен, заңдар қабылданып, соған орай заңнамалық актілер мен қаулылар шығарылды. Ал тұрғын­дарымыз болса: “Республикада санитарлық авиация қайтадан жаңаратын кез қашан келеді?” деп күтумен жүр. Ал үстіміздегі жылы Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында орын алған апаттар мұндай жағдайда тікұшақтардың өте қажет екенін айқындап берді. Қанша адамның өмірі тікұшақтың арқасында аман қалды! Сол секілді жай күндерде де ауыл тұрғындары қатты сырқатқа тап болған жағдайда оны ауруха­наға жеткізудің қиындығы өте көп. Мәселен, қала тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсеткенде шетелдік автокөлік жіберіледі, ал ауылдарда көп жағдайда ескі “УАЗ” мәшинелері жүреді. Бұл, әсіресе, әйелдер босанатын кезде үлкен қолайсыздықтар туындатады. Осы орайда төмендегідей сауал­дар туындайды: қазіргі кезде сани­тарлық авиация туралы заңнама қалай орындалып жатыр, ол үшін мемлекет тарапынан қанша қара­жат бөлінген? Заң бойынша қай облыстарда және қашан санитар­лық авиациялардың жұмысы бас­талады? Міне, бұл сауалдардың қалың оқырмандарды қызықтыра­тыны тағы даусыз. Енді Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі не дер екен? Тито СЫЗДЫҚОВ, Мәжіліс депутаты.