Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Евгений Кочетов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Астанаға көшірудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ол Алматыдағы бірқатар аниматорлар «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Астанаға көшіруге қарсылық білдіріп жатқанын, оның үстіне анимацияны дамытуға арналған стратегияның әлі толық әзірлеп бітпегенін айтты.
«Біз қазір анимацияны дамытудың алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатырмыз. Ол жоспарда қаржыландыру тетіктері де қарастырылған. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Астанаға көшіру туралы пайымдар да бар. Ондай пайымға не негіз болып отыр?
Біріншіден, бұл жерде Astana hub орталығы орналасқан. Анимациялық қызмет ІТ-индустрияның да бір бөлшегі болып есептеледі. Astana hub-тағы импульс анимацияның дамуына да серпін береді деген үміт бар.
Екіншіден, бұл жерде жыл сайын Comic Con фестивалі өтеді. Бұл жалпы тұтас анимация саласына арналған, бүкіл ТМД аумағындағы ең негізгі шараға айналып үлгерді.
Үшіншіден, креативті индустрияны қолдауға арналған мамандандырылған қордың құрылатынын айттым. Осы себептерді негізінде бірлестікті Астанаға көшіру туралы пайымға келіп отырмыз деуге болады», деді Евгений Кочетов.
Вице-министрдің айтуынша, жоспар бар болғанымен нақты шешім әлі қабылданбаған.
«Анимацияны дамытудың стратегиясын дайындап болған кезде шешім белгілі болады. Қазіргі пайымымыз осындай. Меніңше, бұл «Қазақанимацияны» әрі қарай дамыту тұрғысынан барынша қисынға келетін жоба сияқты. Біз аниматорлардың бәрімен байланыстамыз, олардың уәждерімен де таныспыз. Мәселе әлі талқылау процесінде. Аниматорлармен бір-екі рет кездестік те. Бәрінің пікірі ескеріледі. Онсыз ешкім шешім қабылдамайды», деп сендірді Евгений Кочетов.