• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2010

ҚАРУСЫЗДАНУ – БЕЙБІТШІЛІК КЕПІЛІ

4420 рет
көрсетілді

Бейсенбі күні Ашғабадта Орталық Азия және Каспий бассейні ай­ма­ғындағы қарусыздану проблемалары жөніндегі халықаралық конференция болып, оның жұмысына ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қатысты.Конференция жұмысын Түр­кі­менстанның Сыртқы істер ми­нистрі Рашит Мередов ашып, жүр­гізіп отырды. Алдымен ол Түркіменстан Президенті Гурбан­гулы Бердымұхаммедовтің кон­фе­ренцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Онда Түркіменстан басшысы осынау форумның әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға үлес қосарына сенім білдіріпті. Форум­ның жұмысын дайындауға аймақ­та­ғы барлық елдердің және аса ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері белсене қатысты. Бейбітшілікті сақтау жолында Түркіменстанның атқарып жатқан әрекеттері, әлемдік ұйымдардың осы бағыттағы жұ­мыс­тары, соның ішінде ЕҚЫҰ төр­ағасы Қазақстанның да өрелі бас­тамалары белсенді түрде қолдауға лайық, делініпті құттықтауда. Құт­тық­таудан кейінгі сөз БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі жо­ғарғы өкілі Сержиу де Куэйрес Дуартеге берілді. Ол Түркі­мен­стан­ның БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында көтерген бастамасы­ның негізінде болып отырған осы­нау аймақтағы қарусыздану ісіне арналған үлкен форумның жұмы­сына сәттілік тіледі. Біз мұндай бас­тамаларды әрқашанда қолдап оты­рамыз, деді ол өзінің сөзінде. Әлем­дік қоғамдастық осындай шаралар­дың көбірек болып, ға­ламшардың барлық аймақтарында да қару­сыздану бағытындағы әре­кеттер жасалғанын қалайды. Өйт­кені, қарусыздану – бейбітшілік кепілі. Осыдан кейін құттықтау сөз айту кезегі ЕҚЫҰ-ның Іс басын­да­ғы төрағасы, Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа берілді. Ол биылғы жылы қарусыздану бағытында үлкен табыстарға қол жеткізілгенін айтты. Соның ішінде АҚШ-та болған Ғаламдық саммиттегі әлем­дік лидерлердің біртектес пози­ция­сы, Ядролық қару-жарақты тарат­пау жөніндегі келісім-шарттың болжамды конференциясының үміт тудырған қорытындылары, АҚШ пен Ресей арасында ШҚҚ-3 (СНВ-3) шартына қол қойылуы – осының бәрі әлемдік қоғам­дастықтың қуана қабылдаған жаңалықтары екенін атап көрсетті. Түркіменстан басшысының бастамасы да әлемдік қауіпсіздікке өзіндік үлес қосатыны сөзсіз. Біз­дің аймағымыз табиғи ресурстарға өте бай болғандықтан, геострате­гия­лық жағдайға ие бола отырып, әлемдік саясаттың маңызды ай­мақ­тарының біріне айналуда. Соның ішінде біздің аймағымыз әлемдік ең өзекті проблемалардың қиылысында екені белгілі. Бұл жерде мен Ауғанстанды қалпына келтіру, Иранның ядролық бағдар­ла­масы және қарусыздану үдеріс­те­рі ғана реттей алатын Таулы Қа­рабақ проблемасын айтып отыр­мын. Есірткінің заңсыз айналымы, ұйымдасқан қылмыс, терроризм сияқты нәубеттер де осылармен тығыз байланысты. Сонымен бір­ге, Каспий теңізі табанының құ­­қықтық мәртебесін шешу мәселе­сін де назардан тыс қалдыра ал­май­мыз. Осы жағдайларды ескер­сек, біздің аймағымыздағы ты­ныш­тық әлемдік тұрақтылыққа әсер ететіні сөзсіз, деді Қ.Сауда­баев. Одан әрі ол Орталық Азия аймағындағы елдердің қауіпсіздік бағытында жасап жатқан әрекет­тері турасында әңгімеледі. Соның ішінде Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигонының жабылғанын ауызға алды. Қырғызстан оқиғалары ту­ралы айтқанда, Қазақстан оған қат­ты алаңдаушылық білдіретінін жария етті. ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы ретінде ұйымның осы бағыттағы жасап жатқан ша­ра­лары қатарында үстіміздегі жыл­дың 26 мамырында Вена қала­сында болған кезекті отырыста жеңіл қару-жарақтар мен ату қаруларын залалсыздандыру және оны іске асыру қадамдарының нақты сызбасы жасалғанын атады. Сөзінің соңында ол қарусыздану мен қару-жарақты таратпау бағы­тын­дағы әлемдік проблемалар Президент Н.Назарбаевтың баста­масымен үстіміздегі жылы өтетін ЕҚЫҰ саммитінде де талқыла­натынына сенім білдірді. Осыдан кейін конференцияда ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бри­шамбо сөйлеп, Ұйымның жұмыс­тары, соның ішінде қарусыздану, әлемдегі тұрақтылықты сақтау ісі Қазақстан төрағалығының басты мақсаттарының бірі болып отыр­ғанын атап көрсетті. Түскі үзілістен кейін конфе­рен­ция жұмысы пленарлық оты­рыс­та жалғасты. Онда Иран Сырт­қы істер министрі М.Моттаки, Қазақстан сыртқы саясат ве­дом­ствосының басшысы Қ.Саудабаев және басқалар сөйледі. Соның ішінде Қанат Бекмырзаұлы Қазақ­стан­ның қарусыздану және тарат­пау идеясын берік ұстанып келе жатқанын, ядролық қатердің азаюы­на өзіндік зор үлес қос­қанын және осы іске басқалардың да қосылатын уақыты келгенін айтты. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен 29 тамыз Ядролық сынаққа қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні деп жарияланғандығын еске са­лып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға келген сапа­рын­да ядролық державалар басшы­лары­ның бәрін Қазақстаннан үлгі алуға шақырғанын көлденең тартты. Одан әрі Орталық Азия елдерінің өңірді ядролық қарудан азат аймақ жасау туралы келісімге Семей қаласында қол қоюы осы бағыттағы жаһандық жетістік­тер­дің бірі болғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті арттыру үшін ядролық материалдарды таратпау және ядро­лық терроризмге қарсы іс- қимыл жоспарын ұсынып отыр­ғанын жеткізді. Ядролық қарудан азат аймақ көлемін ұлғайту жолында Қазақ­стан жаңа бастамалар көтеріп отыр, деді Қ.Саудабаев. Қазақстан Каспий теңізіндегі әскери іс-шара­лар­ды шектеуді қалайды. Біз Каспий теңізі достық, тұрақтылық және өзара сенім мекені болса екен дейміз. Қазақстан 2004 жыл­дан бері Каспий теңізіндегі қару-жараққа бақылау орнатудың бес­жақ­ты тетігін жасау туралы баста­ма көтеріп келеді. Осындай шара­лар өзара сенімді нығайтар еді. Қырғызстандағы жағдай туралы айт­қанда қару-жарақ пен оқ-дәрі­лердің үлкен көлемі ондағы халық­тың қолына бақылаусыз түсуі ала­ң­даушылық туғызбай қоймайды. Отты қарулардың заңсыз айналы­сын көптеген елдердің үйлесімді әрекетінің арқасында ғана шек­теуге болады. Осылай дей келіп, Қ.Саудабаев БҰҰ-ның кәдімгі қару-жарақ тіркелімін жетілдіру қажеттігін айтты. Біздің осынау ұсыныстарымыз қызығушылық тудырар деген үміттеміз, деді ол. Конференция жұмысына Қа­зақ­стан, Иран, Әзірбайжан және Тәжікстан сыртқы істер минис­тр­лері, Ресей, Өзбекстан сыртқы іс­тер министрлерінің орынбасар­ла­ры және Қырғызстан сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы қатысты. Түскі үзіліс кезінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, еліміздің Мемлекеттік хат­шысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Иран Ислам Республика­сының Сыртқы істер министрі И.Моттакимен және ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбомен екіжақты кездесулер өткізіп, бір­қатар өзекті мәселелерді талқылады. Жақсыбай САМРАТ.