Атырау облысында 100 жасқа толғандар көп емес. Ғасырлық белесті бағындырған жанның бірі – Ұлжан Темірболатова.

Ол 1925 жылы Индер ауданындағы Жарсуат ауылында өмірге келген. Құжатындағы туған күні – 25 ақпан.
«Бала кезіміз қиындықпен өтті. Ойнай да алмадық. Алдымен ашаршылықпен тұспа-тұс келді. Ел ішінде ішерге тамақ табылмаған кезде үлкендер Жайық өзенінен балық аулады. Одан кейін қуғын-сүргінді көрдік. Енді ес жиямыз-ау деп жүргенде, соғыс өрті лап ете түсті. Сол кезде ер-азаматтың бәрі майданға аттанып, әйелдер мен жасөспірімдер ауыр еңбекке араласты. Әсіресе аналарымыз күні-түні жұмыс істеп, бар қиындықты тайсалмай көтерді», дейді Ұлжан әжей.
Жастайынан ауыр еңбекпен шыңдалған ол теміржол салу ісіне қатысқан. Фашистер Ресей Федерациясының Астрахан облысында теміржолды бұзып кеткен. Аталған теміржолды қалпына келтіруге 10-ға жуық құрбысымен Ұлжан Темірболатова жіберілген.
«Жұмыстың жеңілі болмайды ғой. Теміржол салу өте қиын екен. Әсіресе бұғанамыз әлі қата қоймаған жасөспірім шақтағы топырақ тасығанымыз, ауыр рельстерді қолмен төсегеніміз әлі есімнен кетпейді. Балғаның салмағы ауыр еді. Төбемізден жау ұшағы ұшқанда, тығылатын қалқа таба алмай, жан-жаққа қашамыз. Жау ұшағының дауысы масаның ызыңы секілді естіледі. Өзіміз алдын ала қазып қойған шұңқырға тығылуға мәжбүр боламыз. Ішетін тамақ та, киетін киім де тапшы болды. Бүгінгі ұрпағымыз сондай қиындықты көрмесе екен», дейді ғасыр жасаған әже.
Кейін сұрапыл соғыстан оралған майдангер Мәтжан Ғұбайдуллинмен отау құрған. Олар 2 ұл, 3 қыз дүниеге әкеліп, тәлімді тәрбие берді. Ал 1957 жылы Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылына қоныс аударған. Күйеуі бұрынғы «Селхозтехника» мекемесінде жұмыс істеген. Ал өзі «ПМК-907» мекемесінің сылақшысы болып еңбек етті.
Ғасырлық белесті бағындырған Ұлжан Темірболатова 5 перзентінен 40-тан астам немере-жиен мен шөбере көріп отыр. Былтыр оған «Қызылқоға ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Келіні Жазира Есенғазының айтуынша, 100 жастағы кейуана далаға ешкімнің көмегінсіз шығады. Мал-жанның амандығын тілеп отырады.
«Әжеміз денсаулығы жақсы, ешқандай шағым айтпайды. Немере-шөберелерін маңдайынан сүйіп, жиі еркелетеді. Күн сайын батасын беріп, әулетіміздің берекесін арттырып, ынтымаққа ұйыстырып отыр», дейді Ж.Есенғазы.
Жүз жасаған жүрек иесінің балаларының үлкені 75 жасқа толған. Одан кейінгісінің жасы 60-тан асқан.
«Адамның қанша ғұмыр сүретіні бір Аллаға ғана аян ғой. Жұмыс ауыр болса да ерінбедік, адал еңбек еттік. Балаларымыз аман өсіп, үбірлі-шүбірлі болса екен деп тіледім. 100 жасқа толамын деген ойым болған жоқ. Бұл – жас күнімдегі көрген бейнетімнің зейнеті шығар», дейді Ұ.Темірболатова.
Оны ауылдастары «Құрылысшы әже» деп атайды. Ал немерелері мен шөберелері үшін одан мейірімді жан жоқ. Немересі Талғаттың пікірінше, әжесі бата жаттатып, үлкендердің әңгімесін тыңдатады.
«Біздің әжемізді қонаққа да, тойға да шақырушылар көп. Сондай қонақтыққа да, тойға да немерелерін ертіп барады. Үлкендердің әңгімесін тыңдаймыз. Қариялар бізге батасын береді. Бата жаттатып, өнегелі әңгімесін айтып отыратын әжемізді тыңдаудан жалықпаймыз», дейді Т.Ғұбайдуллин.
Атырау облысы