• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2010

ДІНІ БІР, ТІЛІ БІР, ДІЛІ БІР БАУЫРЛАС ХАЛЫҚТАР ТҰЛҒАЛАРЫН ОСЫЛАЙ ҚҰРМЕТТЕЙДІ

1232 рет
көрсетілді

Газеттің кешегі нөмірінде хабарлағанымыздай, 24 маусымда Түркия астанасы Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. Салтанатты рәсімде Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахин және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөз сөйледі.Еңселі ескерткішті тұтастай көмкерген аспанкөк түсті мата жайымен түсіріліп, бауырлас Қа­зақ­стан мен Түркияның мем­ле­кеттік әнұрандары орындалған соң, мінберге Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек көтерілді. Қала басшысы ескерткіштің ашылу салтанатына жиналған көпшілік қауымға алғысын білдіре келіп, сөзін Қазақстан мен Түр­кияның тереңнен тамыр тартқан туыстығынан бастады. Түрік пен қазақ халықтарының тарихи және мәдени құндылықтары ортақ,  деді Мелих Гөкчек. Екі ел арасында ыстық ықыласқа негізделген қа­рым-қатынас та, екі бауырлас ха­лық арасында үлкен сүйіспеншілік те бар. Біздер 2001 жылдан бастап Анкара мен Астана қалалары ара­сында түрлі салада ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасып ке­леміз. Мәдениет күндері өткізіледі, халықтар арасында достық және мәдени байланыстар нығая түсуде. Қала мэрі бұдан кейін Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың саясаттағы, халықаралық қоғамдастықтағы беделіне тоқ­тал­ды. Мелих Гөкчектің атап өтуінше, Президент Н.Ә.Назарбаев қазақ­тың данышпан көшбасшысы бо­лып табылады. Тұңғыш Президент ретінде елдің тәуелсіздігін бекем ор­нықтырып қана қоймай, респуб­ликаның өтпелі кезеңнен тез және дағдарыссыз өтуін қамтамасыз етіп, Қазақстанды қысқа мерзім ішінде әлемнің беделді мем­лекет­терінің қатарына қосты. Көшбасшылық және асқан көрегенді қасиетке ие Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдың қалалар ғасыры болатынын алдын ала бол­жап, деді қала басшысы әрі қа­рай, санаулы жылдар ішінде Азия даласында әлемге танымал мега­полиске айналған көрікті де үлкен Астана қаласын салды. Сонымен қатар, Түркия төрағалықты қабыл­дап алған Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жөнін­дегі кеңес Н.Ә.Назарбаевтың жобасы болып табылады. Мелих Гөкчек, сондай-ақ Қа­зақ­стан басшысының түркі дүние­сін ынтымаққа шақырған баста­ма­ларын да атап өтті. Оның айтуын­ша, Қазақстан Президенті ұлы түркі әлемінде өзара ынтымақ­тас­тықты орнықтырып, нығайтуға да зор үлес қосып келеді. Өткен жылы Нахчывандағы саммитте Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­ма­сымен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру ту­ралы келісімге қол қойылды. Ал 2009 жылы қазан айында Астана­да­ғы Есіл өзенінің жағалауындағы саябаққа Мұстафа Кемал Ататүрік­тің ескерткіші де тікелей Нұрсұл­тан Назарбаевтың қолдауымен ашылды. Анкара әкімдігі мен қала мәс­лихаты, деді Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек сөзін қо­ры­тын­дылай келіп, Нұрсұлтан На­зарбаевтың әлемде бейбітшілікті қамтамасыз ету мен түркі әлемі бірлігіне және Анкара мен Астана арасындағы қатынастарға қосқан үлесіне алғысымыз ретінде, сон­дай-ақ 70 жасқа толу мерейтойы қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев­тың ескерткішін Анкараның ең әсем де көрікті жері – Ататүрік бульвары мен “Жастар” саябағы қиылысқан тұсқа орнату туралы шешім қабылдадық. Осындай ұлы көшбасшымыздың ескерткіші қаламыздың көркіне көрік қосып, ажарландыра түседі. Қазақстан Президенті – Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың ес­керткіші Анкарадағы ең ұзын, мемлекеттік мекемелер мен көп қабатты тұрғын үйлер молынан орналасқан түрік халқының ұлы перзенті Мұстафа Кемал Ататүрік бульварының бойына орнатылған. “Жастар” саябағы мен Ататүрік буль­варының қиылысында алыс­тан менмұндалайды. Түркия Ұлы Ұлттық Мә­жі­лі­сінің Төрағасы Мехмет Әли Ша­хин сөзіне екі ел арасындағы дос­тық қатынастарды, қазақ-түрік бай­ланыстарын тереңдетудегі Қа­зақстан Президентінің атқарған ке­лелі істерін арқау етті. Төр­аға­ның атап өтуінше, Нұрсұлтан На­зарбаев Анкараға сапармен кел­ген­де Түркияның Еуропа Одағымен қатынасты нығайтқанын Қазақ­стан қолдайтынын білдірген. Бірақ Азияны да ұмытпау керектігін, Шығысқа да Түркияның бет бұр­ғаны жөн екендігін айтқан. Түркия Еуропамен ынтымақтастықты нығайту барысында Азияны да, Шығысты да ешқашан ұмытпай­ды. Бүгінде Түркітілдес мемлекет­тер­дің Парламентаралық Ассам­блеясы құрылды. Астанада ашылған Ататүріктің ескерткіші және бүгін ашылып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың Анкарадағы ескерткіші қандай мағына береді, деп жалғастырды сөзін М.Ә.Шахин. Екі ірі саяси тұл­ға өз елдерінің ғана емес, туыс екі халықтың да ірі саяси қай­рат­керлері болып табылады. Астана­да­ғы Ататүріктің ескерткіші сіз­дерге бізді еске түсіртсе, Анка­ра­дағы Назарбаевтың ескерткіші мұндағы түріктерге қазақ халқын әрқашан еске түсіртеді. Уақыты келгенде бауырлас екі халық – қазақ пен түрік аудармашысыз сөйлесетін болады. Мехмет Әли Шахин осылай дей келіп, Анкара қаласының бас­шылығына қалада Қазақстан Рес­публикасының Президенті – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көше беру жөнінде ұсыныс білдірді. Біз діні, тілі және ділі бір халықтармыз, деді Мәжіліс Төр­аға­сы осы жайында. Анкараның ең көрікті әрі орталық көшелерінің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін берген жөн деп білемін. Бұл Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығай­та түсер еді. Шешендер сөйлеп жатқанда, Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың еңселі ескерткішіне ауық-ауық қарап қоямыз. Өзгелер де солай етуде. Арнайы жаб­дық­талған орынжайдағы орындық­тар­да отырған түркиялық қазақ қан­дастарымыз Елбасының ес­керт­кішінен тіпті көз алар емес. Ал Қазақстан Республикасы Пар­ламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөзін Мұста­фа Кемал Ататүріктің көрегенді сө­зінен бастады. Түрік мемле­кеті­нің негізін қалаушы Мұстафа Ке­мал Ататүріктің мына бір сөзіндегі үлкен көрегендік мені әрдайым таңғалдырады, деді Мәжіліс Төр­аға­сы. Ол: “Күні жеткенде Кеңес Одағы да тарайды. Әлемде жаңа тепе-теңдік салтанат құратын бо­лады. Кеңес Одағының қол астын­да өзімізбен тілі бір, діні бір, ділі бір туыстарымыз тұрып жатыр. Біз оларды қолдауға әзір болуға тиіс­піз”, деген еді. Міне, осындай көп­тен күткен күнге қазақ халқы 1991 жылғы 16 желтоқсанда қол жеткізді. Сонда біздерге бірінші болып қол созған, Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланған сәттен небары 14 минөт өткенде еліміздің тәуелсіздігін әлемде бірінші болып таныған ел нақ осы Түркия бол­ғанын біз ешқашан ұмытпаймыз. Осы достық пен бірлікке бастаған тарихи қадам тұрақты қатынаста­рымыздың берік негізін қалады. Орал Мұхамеджанов одан соң, тү­ріктің танымал тұлағалары жө­нін­де ой қозғады. Төрағаның атап өткеніндей, қазақстандықтар Ел­басы Н.Назарбаевтың бастама­сы­мен өздерінің жас та жауһар Аста­насының төрінде Ататүріктің ес­керт­кішін орнатты. Түрік халқы­ның тағы бір әйгілі перзенті, әлем­ге танымал мемлекет қайраткері болған Тұрғыт Өзалдың атына Алатаудың баурайындағы Алматы шаһарында көше берілді. Сөйтіп, елінің мақтанына айналған түрік халқының ардақты ұлдары кезінде ата-бабаларымыз бірге қоныс қыл­ған алтын бесігіміз – Алтайдың аясына қайта оралды. Қазақ елі біздің мемлекеттер арасындағы стратегиялық әріптестік пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту ісіне Түркияның қосып отырған үлесін жоғары бағалайды. Сарапшылардың пікірінше, 2010 және 2011 жылдар Қазақстан мен Түркияның жылдары болады, деп жалғастырды сөзін Мәжіліс спикері. Қазақстан 2010 жылы 56 мемлекетті қанатының астына бірі­ктірген ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп жатса, ал 2011 жылы Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төраға­лық етеді. Ал Түркия болса, шама­мен 3 миллиард халық тұратын мемлекеттердің басын қосып отырған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің төрағасы қызметіне кірісті. Осылайша біздің елдеріміз қазір Еуропа мен Азияның аса маңызды бірлестіктеріне басшы­лық жасауда. Мұның символдық мәні бар. Біздің елдерге  Еуразия қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ма­ңызды бейбіт бастамалар көтеруге бірегей мүмкіндік туып отыр. Сон­дықтан Қазақ елінің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Түркі­лер өркениеттің дамуына орасан зор үлес қосты. Ал ендігі жерде түбіміз бір, тіліміз бен діліміз бір болған соң, осы бірлігіміздің қаді­ріне жете білуіміз керек, сөйтіп, бұл артықшылығымызды біздің елдеріміз арасындағы өзара қаты­насты жақсарту ісіне тиімді бағыт­тай білуіміз керек. Біздер осындай өнегемізбен бүкіл адамзаттың бейбітшілік, келісім, өзара құрмет жолымен жүруіне ықпал ете аламыз”, – деуі жайдан-жай емес. Орал Мұхамеджанов келесі кезекте түркі халықтарының алдын­да сіңірген аса зор еңбегі үшін Анкараның орталығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнату жөніндегі түрік ағайын­дардың шынайы бауырластық шешімін қазақстандықтар аса зор ықыласпен қабыл алғанын жет­кізді. Нұрсұлтан Назарбаев – әлем­дегі маңызды оқиғалар бары­сына жарқын да елеулі үлес қосқан тарихи қайраткер, Қазақстан та­рихында Түрік Республикасындағы Ататүрік сияқты айрықша орын алады, деді әрі қарай. Бүгінгі күні Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев Президент қана емес, Қазақстан Республикасының негізін қалау­шы, халық санасында ұлт таныған Елбасы болып табылады. Н.Ә.На­зарбаев дара тұлғалық қасиетінің арқасында қоғамның күш-жігерін жаңа мемлекеттіліктің негіздерін қалауға бағыттап, туған елінің дү­ниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, спикер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2008 жылы тарихта бірінші рет Түркітілдес мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясы, ал 2009 жылы Нах­чы­ван қаласында Түркі елдерінің кеңесі құрылып, бауырлас елдердің достығына және өзара тиімді ынтымақтастығына үлкен әлеует қосқанын атап өтті. Түркия Пре­зи­денті Абдулла Гүлдің: “Нұрсұл­тан Назарбаев түркітілдес мем­лекет­тердің топтасуы үшін көп іс тын­дырды, сондықтан да Қазақ­стан­ның ғана емес, бойында түр­кінің қаны бар барлық халық­тардың көшбасшысы болып табылады”, деген сөзін келтірді. Мәжіліс Төрағасы сөзінің қо­рытындысында Елбасының қа­жыр­лы еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсеткен туысқан түрік халқына шын жүректен алғыс ай­тып, осы елеулі тарихи оқиғаның біздің халықтар арасындағы дос­тық байланыстарын одан әрі тереңдете түсуге ықпал ететініне сенім білдірді. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін ашу салтанатының ресми бөлігі аяқ­талған соң, ескерткіш алдындағы алқызыл лента қиылды. Сол-ақ екен, қаумалаған жұрт ескерткіш алдында естелік суретке түсуге ұм­тылды. Ал біз, журналистер жұрт­шылықпен сұхбаттасуға жүгірдік. “Қазақстан Президентінің ескерткіші екі халық арасындағы шынайы достықты білдіреді, деді “Окан” холдингінің директоры Бекир Окан. Ол – Түркия мен Қазақстанның ынтымақтастығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Өткен жылы Астанада Ата­түрікке ескерткіш ашылған болса, бүгін Назарбаевқа ескерткіш ашылып отыр. Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы ел болып табылады. Санаулы жылдар ішінде Астана қаласы бой көтерді. Мен Назарбаевты Орталық Азия­ның Ататүркі деп есептеймін”. “Бүгінгі күнді қазақ халқы үшін тарихи күн деп санаймын, деді Ыстамбұл қаласында тұратын қандасымыз Әбулақап Қара. Осы мерекеге біз арнайы келдік. Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Анкарада еңселі ескерткіштің ашылуы қазақ-түрік қатынас­тары­ның ең жоғары деңгейге жеткенін көрсетеді. Нұрсұлтан Назарбаевты Түркияның қайраткерлері жоғары бағалайды. Өйткені, Қазақстан басшысы өз елін небәрі 19 жыл ішін­де халықаралық деңгейге көтер­ді. Екіншіден, Түркияда Назарбаев бейнесін түркі дүние­сінің бірлігі деп ұғынады”. “Қазақстан Президентін өте құрметтеймін және сыйлаймын, деді бизнесмен Зюлькиф Жейлан. Астана мен Анкара бауырлас қала­лар. Нұрсұлтан Назарбаевтың ес­керткішінің ашылуы Түркия халқы үшін ерекше жағдай. Себебі, түр­киялықтар Назарбаевты өте құр­меттейді. Ол түркі халықтарының бірлігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұл – Қазақстан Прези­денті­не көрсетілген ерекше құрмет”. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.