Аймақтар 22 Наурыз, 2025

Түркістан төрінде «Ән мен әнші» мерекелік концерті өтті

157 рет
көрсетілді

Киелі Түркістан Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Ұлыстың ұлы күні – көктемнің, жаңарудың, бірліктің мерекесі ғана емес, ұлттық рух пен мәдениеттің тұтас көрінісі. Осы орайда, Түркістан қаласында ұйымдастырылған ауқымды іс-шаралар легі халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік думанды «Ән мен әнші» атты концертпен жалғастырды.

 Бұл мерекелік кеш Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Күндізгі Наурыз тойының думанынан шабыттанған түркістандықтар мен қала қонақтары кешкі уақытта ән мен жырдың мерекесіне куә болды. Түркі дүниесінің рухани астанасына айналған киелі шаһарда  қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсетіп, халыққа тамаша көңіл-күй сыйлады.

Кешке қазақ музыкасының мақтаныштары – Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісова бастаған өнер иелері қатысты. Бұл қос әнші – қазақ эстрадасының символына айналған дара тұлғалар. Олардың орындауындағы әсем әндер тыңдарман жүрегіне жетіп, әрбір тыңдаушыға ерекше әсер қалдырды.

Сонымен қатар, сахнада Тамара Асар, Әбдіжаппар Әлқожа, Мөлдір Әуелбекова Айдар Тұрғамбек, Айгүл Иманбаева және Нұрболат Абдуллин сынды тағы басқа да әншілер өз өнерлерін ортаға салды. Олар тек танымал хит әндерін емес, ұлттық әуендер мен халық әндеріне негізделген ерекше шығармаларды да орындап, кештің сәнін келтірді.

Әсіресе, қазақтың дәстүрлі әндері мен заманауи өңдеудегі музыкалық қойылымдар көрерменді ерекше әсерге бөледі. Жанды дауыстағы керемет орындаулар, сахнадағы әсем безендіру мен жарық шоулары концерттің сәнін арттырып, тыңдарманды өнердің сиқырлы әлеміне жетеледі.

«Керуен сарай» кешені халыққа лық толып, қала қонақтары мен тұрғындары музыка әуенімен тербеліп тұрды. Түркістан аспанын ән мен жыр тербеп, көктемнің ерекше лебін сездірді. Әсіресе, халықтың сүйікті әншілері сахнаға шыққанда, көрермен бірге шырқап, кештің атмосферасын одан әрі жандандыра түсті.

Бұл концерт тек әдемі ән кеші ғана емес, ұлттық мәдениетімізді насихаттайтын, рухымызды асқақтататын үлкен мерекелік думан болды.