Ыстық – табиғи құбылыс
Шілдеге жетпей шыжып кеткен биылғы жаз халқымызды біршама абыржытып жіберді. Оның себебін білмеген көпшілік әртүрлі, сан-саққа жүгірткен болжамдар айтып, сәуегейлік жасап жатыр. Осындайда қайтсе де танылып қалуға тырысатын кейбір пысықайлар мұны ақырзаманның анық белгісі дейтін де болыпты. Бірақ оң болжам жасап, сенімділігі күшті ой айтушылар да жоқ емес. Сондайлардың бірқатары оны былтырғы қыстың ерекше суық болғанымен байланыстырады. “Қыс суық болса, жаз ыстық болады” деген қағидаттың көрінісі деседі олар. Біз редакциямызға келген танымал жұлдызшы Назарбек ҚОЖАМСЕЙІТОВТІ әңгімеге тартып, аталған мәселе төңірегінде сұрастырған едік:
– Ыстықтан қорқатын ештеңе жоқ, бұл – табиғаттың көлденең апатсыз қарапайым ерекшеліктерінің бірі ғана. Оны былтырғы қыстың ерекше суық болғанымен байланыстыру орынды. Табиғатта бәрі де теңгерімді, қыстың суығы әдетте жаздың ыстығымен шығады. Шілде айының алғашқы онкүндігі де ыстық болады. Айдың 9-10-ы кезінде ғана ауа райы біршама салқындап, қысқа мерзімді нөсер жаңбырлар жауады. Одан кейін қайтадан күн ысып, 22-лерінде жаңбыр жауу қайталанады, сол кезде ауа райы да аздап салқындайды.
– Астық шығымдылығы қалай болмақ, биыл солтүстікте көп уақыт жауын жаумай, жұрттың бәрі тасаттық беріп жатқан көрінеді ғой...
– Тасаттық берген дұрыс, ол да Аллаға табынудың жолы. Астық шығымдылығы шамалы болатыны қазірдің өзінде білініп қалды. Менің болжамым бойынша, жылдағы орташа түсімнің 22-25 пайызындай ғана астық алынады. Бірақ соның өзі елімізге толық жетеді. Былтырғы мол астықтың әлі күнге өтпей, қамбаларда жатқанын ескерсек, иншалла, еліміз нансыз қалмайды.
– Қазір еліміз қала күні мерекесінің қарсаңында тұр. Мереке күнгі ауа райы қалай болар екен?
– Өте тамаша болады, оған толық сенімім бар. Аспан ашық, жарқырап тұрған күннің астында халық тамаша көңіл-күйде болады.
– Ал “ақырзаман болады” деген болжамдар сіздіңше қаншалықты шындыққа сәйкеседі?
– Ол – бос сөз. Біздің ғаламшарымыз 2011 жылы 25940 жылда бір болатын галактикадағы құбылысқа тап болғалы тұр. Ол күні біршама уақыт күн тұтылып, жер бетін тұтасымен қараңғылық басады. Бірақ одан ешқандай қорқыныш жоқ. Соны кейбіреулер “ақырзаман” деп қорқытатын болыпты. Дегенмен, адамдарға ынсап керек. Қай күнде адам құдайын ұмытпай, аман-есен, ауырмай-сырқамай, түрлі қайғыға ұшырамай аман өмір сүріп жатқанына тәубешілік жасап отырса, Алла да құр тастамайды. Бірақ кейбіреулердің ынсапсыздығы жағаңды ұстатады. Әнеукүні шығыста болған тасқында бір оңбағандар бір пар етікті бір қойға сатыпты. Сөйтіп, жұрт қайғы жұтып жатса, олар жұрттың қайғысынан ақша таппақ болыпты. Осындай ынсапсыздықтан сақтану керек.
– Алдағы күздің болжамы қандай?
– Биылғы күз де жақсы болады. Бағбандар тамыз айындағы үсіктен қорқатын еді, биыл ондай болмайды. Тек жиын-терімнің бәрін қазанның 10-ына дейін бітіру керек, өйткені одан әрі ұзақ мерзімді күздің қара жауындары басталады.
– Әңгімеңізге рахмет, Назеке...
– Е, құр рахметке тойдық қой, осының бәрін ақшаға сатып алу керек қой, бірақ ешкім де менің еңбегімді елеп, ақы төлегісі келмейді. Бәрін де тегін алғысы келеді. Қазіргі заманда ондай болмайды ғой. Мен Алматының ауасын тазарту әдісінің жобасын да жасап қойдым, соны әкімдікке ұсынсам, еш жауап жоқ. Бәрі ақы төлеуден қашады... Ал Ресейдің “Гидрометцентрі” ынтымақтастық жасайық, бізге кел деп отыр...
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.