«Хабар» телеарнасында 15 жылдық үзілістен кейін жаңаша форматтағы «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының алғашқы саны эфирге шықты. Жаңартылған жоба ұлттық спорт тақырыбын арқау етіп, өзекті мәселелерді шешудің оңтайлы жолы айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бағдарламаның алғашқы шығарылымында екі жетекші жоғары оқу орны – Нархоз университеті мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерінен құралған қос команда өзара пікір таластырды.
Жоба еліміздегі 100-ден астам жоғары оқу орнының ішінен іріктелген 32 университет командасы арасында өтеді. Турнир олимпиадалық жүйе бойынша ұйымдастырылып, жеңген команда келесі кезең – 1/8 финалға өтеді. Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Әлихан Байменов, «Көкпар» федерациясының президенті, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров, Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Рамазанова, дәстүрлі садақ атудан көшпенділер ойынының жеңімпазы Бақберген Сәлімов, Qazaq Debate қозғалысының негізін қалаушы Ерболат Мұхамеджан бастаған азаматтар қазылық етті.
Пікірсайыс барысында Нархоз университетінің өкілдері ұлттық спортты дамытудағы нақты жетістіктерге тоқталды: 2023 жылы елімізде 113 жаңа спорт нысаны салынғанын, сондай-ақ 26 нысанның жаңғыртылғанын атап өтті. Сонымен қатар, Ұлттық спорт университетінің құрылысы да көтерілді. Олар ұлттық спортты халықаралық деңгейге шығару үшін ортақ ереже мен жүйе қажет екенін баса айтты.
Қарсы тарап ұлттық спорт пен ұлттық ойындардың аражігін нақты ажыратып, спортты бұқаралық сипатқа айналдыру қажеттігін алға тартты. Олар Орталық Азияда жүргізілген сауалнама нәтижесіне сүйеніп, респонденттердің 30%-ы футболды көретінін, ал небәрі 3,8%-ы ғана ұлттық спортты таңдағанын мысал етті.
Қазылар шешімімен жеңіске жеткен Нархоз студенттері ұлттық спорт тек тарихи мұра емес, болашақтың маңызды бөлігі екенін дәлелдеп шықты. Олар оның ережелерін заман талабына сай, түсінікті әрі тартымды ету қажет екенін жеткізді.
Аталған жобаны жүзеге асыруға ҚР Парламенті Мәжілісі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау білдірді.