Биылғы жылғы 30 сәуірде «KEGOC» АҚ акционерлерінің алғашқы жылдық жалпы жиналысы болып өтті. Онда бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Сол күні акционерлердің жалпы жиналысының қорытындысы бойынша республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихаты болды. Оған «KEGOC» АҚ басқармасының төрағасы Бақытжан Қажиев, басқарма төрағасының орынбасары Жаңабай Бексары және «KEGOC» АҚ-тың экономика жөніндегі атқарушы директоры Айбек Ботабеков қатысып, журналистерді қызықтырған сұрақтар төңірегінде ой өрбітті.
«Құрметті журналистер бүгін «KEGOC» АҚ акционерлерінің жалпы жиналысы өтті және бұл жиналысты «KEGOC» көпшілікке ортақ компания ретінде алғаш рет өткізіп отыр. Өздеріңізге белгілі, өткен жылдың аяғында «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында Қазақстандық қор биржасына (KASE) «KEGOC» АҚ акциялары орналастырылған болатын», деп бастады сөзін «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.
Естеріңізге сала кететін болсақ, 2014 жылғы 18 желтоқсанда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес және бағынысты ұйымдарының акциялар пакетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 қыркүйектегі №1027 қаулысымен бекітілген бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын («Халықтық IPO» бағдарламасы) іске асыру шеңберінде «KEGOC» АҚ компанияның жай акцияларын оған жазылу жолымен қазақстандық қор нарығына алғашқы орналастыруды іс жүзіне асырды. Бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында «KEGOC» АҚ-тың орналастырылған жай акцияларының саны – 25 999 999 (жиырма бес миллион тоғыз жүз тоқсан тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз) дана. «KEGOC» АҚ-тың бір жай акциясының орналастыру бағасы 505 (бес жүз бес) теңгеге бағаланды.
– Соның нәтижесінде 13 млрд. теңгеден астам мөлшерде қаражат тартылды. 40 мыңнан астам қазақстандықтар «KEGOC» акцияларын иеленуге мүмкіндік алды, – деп жалғастырды одан әрі сөзін Бақытжан Қажиев.
Бүгінгі өткен жалпы жиналысқа компанияның барлық акционерлері және олардың өкілдері қатысты. Енді олар Қазақстан Республикасындағы ірі электр желілік компанияны басқару құқығын иеленді. Алғашқы жылдық жалпы жиналыстың күн тәртібі бойынша акционерлердің қарауына мынадай мәселелер енгізілді:
- «KEGOC» АҚ-тың жылдық есебін бекіту туралы;
- жылдық қаржылық есептемені, таза табысты бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және 2014 жылға арналған «KEGOC» АҚ-тың бір жай акциясына шаққандағы дивиденд мөлшерін бекіту туралы;
- «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін анықтау, оның мүшелері мен төрағасын сайлау және басқа да мәселелер.
Акционерлер KEGOC-тың 2014 жылғы жылдық қаржылық есебін бекітті, бұл құжатта компанияның өткен жылғы таза табысы 8,6 млрд. теңге көлемінде болғаны атап көрсетілді.
– Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, біздің дивидендтік саясатымызға сәйкес таза табысымыздың кемінде 40 пайыз дивиденд төлеуге жұмсалуы мүмкін. Бұл дегеніміз, KEGOC есепті кезеңдегі таза табысының барлық 100 пайызын дивиденд төлеуге жібере алады деген сөз. Бүгін акционерлердің жалпы жиналысы 2014 жылғы таза табыстың 99,97%-ын KEGOC-тың жай акцияларын ұстаушыларға бөлу туралы шешім қабылдады. Ал компанияның бір жай акциясына шаққандағы сома 33,13 теңгені құрайды. Дивиденд 2015 жылғы 25 мамырдан бастап төлене бастайды, – деді басқарма төрағасы журналистермен жүздесуде.
Акционерлер бас қосуының күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе, «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін анықтау, оның мүшелері мен төрағасын сайлау болатын. Өйткені 2015 жылғы 8 мамырда «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің 2012 жылғы 8 мамырда сайланған құрамының 3 (үш) жылдық өкілеттік мерзімі аяқталмақ.
Соған орай, акционерлердің жалпы жиналысы «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесін 6 адамдық құрамда сайлау туралы шешім қабылдады: «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып Қуаныш Әбдіғалиұлы Бектеміров сайланды. «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі 3 (үш) жыл болып белгіленді. Директорлар кеңесінің құрамына екі жаңа тәуелсіз директорлар – Даминик Фаш және Януш Биалек сайланды. Доминик Фаш – Франция азаматы, Сорбонна түлегі, инженер. Орыс тілін еркін меңгерген. Ірі энергетикалық компанияның президенті, директорлар кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған. Ал Януш Биалек – Ұлыбритания және Польша мемлекеттерінің азаматы, Варшава Технологиялық университетінің түлегі, инженерия саласы бойынша ғылым докторы (PhD), электротехника саласы бойынша магистр. Қазіргі уақытта Сколковский ғылым және технология институтының энергетикалық жүйелер жөніндегі «Сколтеха» зерттеу орталығында жұмыс істейді. Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын «Таратушы электр желілер динамикасы, тұрақтылығы және оларды бақылау» атты ірі зерттеу жұмысын басқарады. Тәуелсіз директорлардың екеуі де орыс тілдерін жетік меңгерген.
Журналистермен өткен жүздесу барысында акционерлердің жалпы жиналысында қаралған мәселелер мен қабылданған шешімдер туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен бірге, компания басшылары журналистер тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Осы ретте компания туралы түйіндей айтатын болсақ, «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының Біртұтас электр жүйесінің (БЭЖ) жүйелік операторы функциясын атқарады. Компания балансында Ұлттық электр торабын (ҰЭТ) құрайтын кернеуі 35-1150 кВ, ұзындығы 24,5 мыңнан аса шақырымды құрайтын электр жеткізу желілері және трансформаторларының қондырмалы қуаты 36,38 ГВА болатын 77 қосалқы электр станциясы бар. Компанияда ЕТМ (еншілес және тәуелді мекемелерді) қосқанда, 4,7 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».