Мың бір мысал 28 Наурыз, 2025

Жақсылық пен жамандықтың арасы

234 рет
көрсетілді

Жазушы Михаил Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романының әлқиссасы «Фауст» шығармасының мына үзіндісінен басталады: «Бөлшегімін қара күштің – адамды зар қақтырып, Көксегенім – жаманшылық, жасайтыным – жақсылық». Бұл гәп қара ниетіне қарамастан, «ізгіліктің» салтанат құруына ыждағатты болған зұлымдық бейнесіндегі Мефистофельге тиесілі.

Асылында бұл эпиграфтың символдық мәні терең. Романның арқатірек ойы осы десек те қателеспейміз. Мұнда жақсылық пен жамандықтың күресі ғана емес, сонымен бірге бұл ұғымдардың қаншалықты өзара байланысты, кейде тіпті ажырағысыз болатынын ақылмен аңғарамыз. Романның басты кейіпкері, Мефистофель бейнесіндегі Воланд бір қарағанда жамандықтың рәмізі секілді көрінеді. Бірақ оның әрекеттері қоғамға әділет пен ізгілік орнатқысы келген жанның әрекетінен аумай қалады.

Жоқ, біз мұнда кітапқа герменевтикалық талдау жасағалы тұрған жоқпыз. Мақсатымыз – романға өзек болған идеяның шынайы өмірдегі көрінісін пәлсапалық тұрғыда зерделеу.

Біз бәріміз жақсылық пен жамандықтың не екендігін, оның қалай көрініс табатынын анық болмаса да түйсікпен түсінеміз. Қалыптасқан дүниетанымға сәйкес, құдай адамға жақсылық қалайды, ал әзәзіл жамандық қалайды. Бірақ, аңдағанымыздай олардың бұл ниеті әрекетке айналғанда бастапқы қалпынан қарама-қарсы бағытта жүзеге асуы мүмкін. Өміріңізде біреудің аяқтан шалуы, қиянат жасауы кейін өзіңізге мың мәртебе қайырлы болғанын түсінген кезіңіз болған шығар, қадірлі оқырман. Мұндай жағдай керісінше де болуы мүмкін. Сонша асыққан, құштар болған арман-мақсатыңыз сізді жар жағасына бір-ақ тіреуі ғажап емес. Бұл жеке пенденің басындағы жақсылық пен жамандықтың алмасып келулері. Енді бұл нәрсе қоғам өмірінде қалай жүзеге асады?

Ойшыл жазушы Лев Толстойдың «Ақымақ Иван» туралы ертегісі бар. Бір замандарда ауылда тек адал жандар ғана қалыпты. Олар ешқандай қулық-сұмдықты білмейді, байлықты көксемейді, әскер жинауды мұрат етпейді. Бір-біріне құдайдың разылығы үшін ғана қызмет көрсетеді, одан ақы дәме етпейді. Осылайша барлығы барақатты ғұмыр кешеді. Бұлардың бақытын көріп, әзәзілдің зығырданы қайнайды. Бұдан алдын ол бұл ауылға өзінің жас шайтандарын жіберіп жік салмақшы болған. Бірақ ол ойы іске аспады. Шаруаға енді өзі кірісу керек болды. Бұның алдында әзәзіл Иванның екі ағасының ауылын қалпақпен ұрып алған. Көпес ағасы Тарастың байлығын арттырып жіберіп, ауылының адамдарын тойымсыз дүниеқоңызға айналдырса, жауынгер ағасы Семеннің әскерін одан сайын қуаттап, халқын қанішер етіп тастайды. Қараңыз, әзәзіл елдің байлығын арттырды, әскери әлеуетін күшейтті. Бір қарағанда жақсы әрекеттер. Ал түптеп келгенде... Мефистофельдің сөзі осы тұста түсінікті бола түседі.

Сөйтіп әзәзіл ақымақ Иванның ауылына келеді. Бұларды жолдан тайдырайын десе, халқы ешқандай дүние, атақ-мансапқа қызықпайды. Ауылға құдайы қонақ бейнесінде келген әзәзілдің бір кезде қарны ашады. Пәленнен нан алайын деп, ақшасын ұстатып жатса «ақшаны қайтемін, құдайдың разылығы үшін тегін ал» дейді. Ал әзәзіл құдайдың аты аталған асты іше алмайды. Асқазаны әбден шұрылдаған ол Иванның бүкіл халқын жинап алып, ашуға булығып сөйлейді. Даусы естілу үшін биік мұнараға шығыпты. «Сендер ақымақсыңдар», дейді. Амалы қалмаған ол халықтың осынысын бетке басады. «Сендер әлі күнге дейін қолмен жұмыс істеп, әуре болып жүрсіңдер. Алақандарың ойылғанша күректі тастамайсыңдар. Бұл ақымақтық. Бұдан былай қолмен емес, баспен жұмыс істеңдер», деп шыңғырады әзәзіл. Сондағы ақымақ Иванның айтып тұрған сөзі екен мынау: «Көкем-ау, баспен жұмыс істе дейсің. Баспен қалай жер қазамыз? Ыңғайсыз емес пе?» демесі бар ма? Мына сөзді күтпеген әзәзілдің быт-шыты шығады. Әбден әлсіреген ол талмаусырап барып мұнараның қабырғасына басын олай да, былай да соғып, төменге құлдилай жерге сіңіп, жоқ болып кетеді.

Ал ақымақ Иван  «баспен жұмыс істеу деген қабырғаға басыңды соққылау болса, ондай жұмысты істемей-ақ қойдым» деп желкесін қасып отыра береді. 

Қазір адамзатты «ақылды» қылу үдерісі жүріп жатыр. Жасанды интеллект пен сол тақілеттес жаңа технологиялардың кернеуі күннен күйге күшейіп келеді. Бірақ байқап жүргеніміздей қоғамның одан жүрегі жұмсарып, мейірленіп бара жатқаны шамалы. Керісінше адам бастапқы қалпын жоғалтып, мораль шеңберінен асып бара жатқандай. Мұны қалай түсіндіреміз? Толстой ертегісіндегі мұнарадағы үндеу бүгінгі қоғамдағы жарнама жазуларына қатты ұқсайтыны қалай? Түптеп келгенде жақсы деп үңілгеніміз жаман, жаман деп түңілгеніміз жақсы болып шықса қайтеміз? Не де болса жүрек көзімен қарау керек...