• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2010

ШЫРАЙЛЫ ОҢТҮСТІКТІҢ ШЕЖІРЕСІ

511 рет
көрсетілді

Көрме Тұңғыш Президент Музейінде Оңтүстік Қазақстан облысы музей­лері қорларынан ұйымдастырылған “Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі” атты көрме болып өтті. Оған Пар­ламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Аталған көрме 2008 жылдан бері жемісті өтіп келе жатқан “Алға ұмтылған Қазақ­стан” атты аймақаралық көрме жобасы аясында өткізіліп отыр. Жиылған жұрт алдында сөз алған Тұңғыш Президент Музейі­нің директоры Алма Сағынғали аталмыш шараға белсене араласқан бір топ азаматтарды алғыс хаттар­мен марапаттаса, делегацияны бастап келген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаев көрмеге әкелінген сан ғасырлық тарихы бар жәдігер заттар оны тамашалаған барша жұртты тамсандырмай қоймайды деді. Көрменің ашылуында белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шой­бековтің оңтүстіктің киелі жер­лерін жыр жолдарымен өрнектеп таныстыруы, оңтүстікқазақстандық дәстүрлі әншілердің әннен шашу шашуы жиылған жұртты бір серпілтіп тастады. Бұл көрмеге Оңтүстік Қазақстан өңірінің ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи, археологиялық, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік жәдігерлері қойылған. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысында көнеден сыр шертетін қалалар мен кенттердің, қорғандар­дың, түрлі мәдени ескерткіштердің, ғажайып сәулет өнерінің баға жет­пес үлгілері, тұтас және жартылай сақталған қалдықтары аз емес. Осы өлкеден шыққан Әбу-Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Қор­қыт ата жырлары өшпес мұраға айналған. Көрме экспозициясы екі бөлім­нен тұрады десек, Отырар мемле­кеттік архелогиялық қорық-музейі мен “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік та­ри­хи-мәдени қорық-мұражайы қор­ларынан әкелінген сан ғасыр­лық тарихы бар баға жетпес архео­логия­лық жәдігерлер,сонымен қатар XІXғ. аяғы XX ғ. басындағы материал­дық мәдениет ескерткіш­тері мен зергерлік бұйымдар қойылған. Көрмені тамашалаған қонақтар музей алаңында “Шеберлер қала­сының” сәндік-қолданбалы өнер туындыларымен танысып, сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Ұлттық киімдер коллекциясының авторы Халима Жантөрееваның әйелдерге арналған ұлттық киім үлгісінің жиынтығы да көрермен назарынан тыс қалмады. “Шырайлы Оңтүстік шежіресі” көрмесі алдағы уақытта бір ай бойы өз жалғасын таппақ. Қызғалдақ ЗҰЛПЫХАРҚЫЗЫ, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті.