Егер естеріңізде болса, атақты Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбеті» құрлық пен сулық атты екі алапаттың мәңгілік толас таппас сұрапыл айқасы туралы толғаммен басталатын еді ғой. Ғажайып хикаятқа арқау болған Сахалиндегі Охот теңізі әлі ортайған жоқ. Асау толқындары жағасындағы шың-құздардың жақпар тастарын жалап, аласұрып жатқаны жаһанға аян.

Ал біздің Арал... Ар жағын айтсаң жан-жүрегің жүдейді. О, тоба, обыр құм телегей теңізді жұтып қойды. Кезінде алып кемелер жүзген кең шалқар айдыны тартыла-тартыла, табаны ақ тозаң ұшқан ұшы-қиырсыз құм-шағылға айналды. Шөл даланың шөптесін өсімдіктері мен сексеуіл, дүзген, шеңгел, жыңғыл, жиде секілді сусыз жерде де тамыр тартып, тұқым жаятын төзімді ағаштардың арасындағы ашық алаңқайларды басқан ақ кеуек қабыршықтар ғана Тұран ойпатының ортасында ертеде тулаған теңіз болғанын еске салып тұрғандай. Анау жылы Аралға барғанымызда осының бәрін өз көзімізбен көріп, қамығып қайттық.
Рас. Кеңес кезінде ептеген үміт оты жылт еткен еді. Сонда ғой аралдық Жарасқан ақын Әбдірашевтің төбесі көкке жеткендей төкпелейтіні:
«Жағасына шығып қалған шалаңы,
Теңіздердің ашылады таланы,
Қандасына донор болып қарт Сібір,
Арал қайта арнасына толады».
Бірақ... Болмады. Толмады. Орыстың озық ойлы деген жазушылары өре түрегеліп, өздерінің өзендерін Орталық Азияға қарай бұрғызбады. Жазушы Залыгин бастап бәрі зар иледі емес пе...
Қалың қазаққа белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлының өзара өзектес үш кітабы – «Шеге құм», «Толқын» және «Шағаланы» оқысаңыз, еріксіз ойға батасыз. Автор – баяғыда жүгірген аң, ұшқан құсы жыртылып-айырылған, қалың нуы қасқыр-қарсақты қойып, жолбарыстай тарғыл жонды шеріңіздің жортар жолы болған тамаша табиғаты бүгінде баяғы ажар-көркінен айырылғанымен, айналайын адамдары атадан мирас асыл қасиеттерінен айнымаған осы Аралдың тумасы.
Ол туып-өскен қазіргі «Қаратерең», бұрынғы «Қосарал» – арғы-бергісі айшықталып тасқа басылған тарихи ауыл. Басына бақ қонған бір замандарда мұнда кімдер келіп-кетпеген. Айдауда азап шеккен Тарас Шевченконың өз қолымен еккен тәбәрік талдарының тұқылы соның куәсі емей немене? Ұлан-ғайыр даламен ұзын аққан Сырдарияның ұлы теңізге құяр тұсында қоныс тепкен. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей арнайы сапарлап, аунап-қунап қайтқанымызда қаратереңдіктердің қара тілге келгенде қара жорғадай жосылатынын көріп, көңіл көншіткенбіз. Бұл жөнінде осы жинақтардың біріне жазған алғысөзімізде айттық, білем.
Алтын бастаулары осындай болған Омарұлының ендеше осалдық танытар жайы жоқ. Үйлесім тауып үндескен үш кітапты оқыған жанның өзі де мұны аңғарары анық. Тұрлаулы тірлігінің тұғыры іспетті туған жерін қалам қуаты жеткенше әспеттеп жүрген Бауыржан бұл жолы да әдемі дәстүрінен жаңылмаған. Өскен өңірінің өткені мен бүгінгісін, ел шетінде, жел өтінде өмір кешкен жерлестерінің ешкімге ұқсамайтын ерек мінездерін емірене жазады. Кейбір кейіпкерлерінің былайғы жұртқа біртүрлілеу көрінер іс-әрекеттерін әдемі әзілмен, қазақы қалжыңмен жеңіл қағытады. Еріксіз жымың етесің.
Сырдың жылы ағысындай сырлы жинаққа енген тұғырлы тұлғалар мен жалпақ жұртқа танымал жақсы-жайсаңдар жайындағы портреттік очерктер, алақандай эсселер, басқа да оқылымды дүниелер жанрлық жаңалықтарымен ерекшеленеді. Қаламгердің тақырып таңдаудағы тапқырлығы, сөз саптау мәнеріндегі мәттақамдығы, деректер мен дәйектердің дәлдігін сақтаудағы ұқыптылығы, көсемсөз талаптарына сай көркемдік кеңістігінің кеңдігі, тағысын тағы журналистік шеберлік белгілері бірден көзге ұрып тұрады.
Кейінгі буын әріптестеріміз үшін үздік үрдіс қалыптастыруға негіз қалаған үлгілі үштаған «Шеге құм», «Толқын», «Шағала» оқырман қолында тозып, көкірегі ояу көпшіліктің рухани олжасына айналарына сенім мол.
Автордың өзі айтқандай: «Шеге құм» дегеніміз – қара жер, «Толқын» дегеніміз – ағын су, «Шағала» дегеніміз – көк аспан. Жер. Су. Көк. Үш тоғыс. Үш кеңістік. Үш кие. Үш қиян. Үштаған...»
Айтпақшы, тартымды триптихтағы татымды мақалалардың басым бөлігі әлемді жаулаған әлеуметтік желіде жарияланғанын атап өтуге тиіспіз.
Жаңалығы мол жазбалардың оқырманы күннен-күнге көбейе бергей!