Биыл Қызылордада Жұмысшы мамандықтары жылына байланысты «Үздік мамандық», «Топ 100 студент», «Еңбек жолы», «Үздік шебер», «Парыз», «Үздік жыл жұмыс берушісі» конкурстары, «НаурызФест» жұмысшы мамандықтары фестивалі, «Ворлскилс» чемпионаты, «Өз ісінің шебері» байқаулары өткізіледі.
Жалпы, статистикалық мәліметтер өңірдегі еңбек нарығында 334,8 мың адам жұмыспен қамтылғанын көрсетіп отыр. Осының 52,2%-ы – жұмысшы мамандықтары. Олар негізінен экономиканың көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, сауда, құрылыс пен өнеркәсіп салаларында басымдау болып тұр. Атаулы жыл аясында жұмысшы мамандықтар бойынша білім алатын жастар қатарын көбейту мақсатында мемлекеттік тапсырыстың көлемі 700 орынға артып отыр.
Орта буын мамандар әзірлейтін колледждерге де талап күшейе түседі. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Есенбаевтың айтуынша, білім сапасына байланысты оқу орындарының арнайы рейтингі қалыптастырылады. Бұл оқу орындарының бәсекеге қабілетті кадрлар даярлаудағы әлеуетін айқындайтын басты шарт болмақ. Биыл халықаралық талаптарға сәйкес шетелдік оқу орындарымен әріптестік байланысқа жол ашылады. Қазір Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі Германия мемлекетінің Лейпциг университетімен педагогика, психология мамандығы бойынша, сондай-ақ Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі АҚШ-тың білім ұйымдарымен ынтымақтастық орнатты.
Өңірдегі 28 колледждің 19-ында жұмысшы кадрлар даярланады. Биыл кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдар әзірлейтін мамандықтарға профилизациялау жүргізіліп, бірнеше оқу орындарында қатар даярланатын мамандықтар мен біліктіліктер бойынша мемлекеттік лицензиялар кері қайтарылады.
«2024–2025 оқу жылында республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 4 608 орынға мемлекеттік тапсырыс бойынша талапкерлер оқуға қабылданды. Оның ішінде кәсіпорындардың сұранысы бойынша 356 орын мақсатты мемлекеттік тапсырыс негізінде 3 жақты келісімшартпен жүзеге асырылып отыр. Биыл 400 студент мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылданады», дейді басқарма басшысының орынбасары.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл 9-сыныпты бітірушілер арасынан жұмысшы, орта буын мамандықтарын игеруге ниетті жастарды толық тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарына сәйкес 5 308 орындық мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр. Бұл ретте аймақтағы еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандықтардың ұзақмерзімді болжамын есепке алған жаңа кәсіптер атласы әзірленуі керек. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті осы мақсатта 20 қызметкерді арнайы оқудан өткізген. Жыл соңына дейін даярланатын мамандықтар атласында ихтиолог, омарташы, аңшылық және аң өсіру шаруашылығы, құс шаруашылығы, жылыжай шаруашылығын ұйымдастырушы, тоқыма өндірісі, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу технологиясы, саябақ шаруашылығы, нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі, ет және ет өнімдерін өндіру, қалдықтарды қайта өңдеу, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаушы оператор, IT-роботтехника, IT-мехатроника мамандықтары қамтылмақ.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы да атаулы жылға байланысты ауқымды шаралар жоспарлап отыр. Соның бірі – биыл еңбек нарығы зәру болып отырған мамандықтар бойынша 525 жұмыссыз қысқамерзімді курстардан өтеді. «Скиллс Еңбек» электронды білім порталы арқылы тегін біліктілігін арттыру сабағынан былтыр облыста 3 мың жұмыссыз өтсе, биыл 20 мыңнан аса адамды қамту межеленген.
«Жыл ішінде «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуын ұйымдастыру» жобасы аясында өңірде Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу де жалғасын табады. Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан осындай жәрмеңкелерде талай жерлесіміз жұмыс күші жетіспейтін аймақтардан өзіне қолайлы кәсіп тауып, қоныс аударып жатыр. Сонымен қатар биыл «Еңбек жолы» конкурсы аясында қызметінде үздік деп танылған, аймақ дамуына еңбегі сіңген жандар дәріптеледі. Бұл конкурсқа қатысуға өтінімдер «Ең үздік еңбек әулеті», «Өндірістің ең жас жұмыскері», «Жұмыс іздеуші жастардың ең үздік тәлімгері», «Өндірістегі ең үздік қарапайым жұмысшылар» аталымдары бойынша қабылданады», дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ж.Дәулетбаева.
ҚЫЗЫЛОРДА