Биыл Ұлытау облысында жаппай киіктің қырылуы орын алды. Жыл басынан бүгінге дейін 6000 - ға жуық киік өлексесі жиналды. Бұл сан тұрақты емес, әлі де өзгеруі мүмкін.
Осы жағдайға байланысты Жезқазған мен Қаражал қалаларында арнайы штаб құрылды. Оған Табиғат инспекторлары мен қатар Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері жұмылдырылды. Қостанай, Ақмола, Қызылорда облыстарынан «Охотзоопром ӨБ» РМҚК қызметкерлері көмекке келді. Олар қыста өліп қар астында қалған өлекселерді күн жылынбай тұрып, жинап алуда тынбай жұмыс істеп жатыр. Өлекселерді жинауда Кеңгір су қоймасында кедергілер де көп. Мұздың жұқа болуы қауіпті болып тұр. Соған қарамастан «Охотзоопром ӨБ» РМҚК бас директорының орынбасары Бахтияр Рамазан Кеңгір су қоймасын тазалап тастауға жергілікті төтенше жағдайдың құтқарушылары жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Әркім дала жануарларының өлу себебін білгісі келеді.
«Жануардың неден өлгенін Зоология институтының мамандары зерттеу жүргізіп жатыр. Қардың қалың түсуі, азықтың азаюына байланысты аштықтан қырылу себебі де бар. Қыс айында табиғи жолмен және бұралқы иттерге таланып өлген киік ұшаларын кездестіруге болады. Бүгінгі күні Ұлытау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес Ұлытау облысы бойынша ОШжЖД аумақтық инспекция қызметкерлері, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК инспекторлық құрамы, ТЖД және Жезқазған қалалық әкімдігінің қызметкерлері, Қаражал қаласының әкімдігі бірлескен түрде ұшаларды мал қорымына тастады. Ол үшін Жезқазғанда алты арнайы техника, Қаражал қаласында арнайы техникалар мен 11 топ жұмылдырылды. Өлекселер арнайы мал қорымдарына тасталып, жойылып жатыр. Механикалық зақымдары жоқ. Оларды жою туралы комиссия мүшелерімен акт толтырылып, қол қойылды», деді Ұлытау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Закария Тұралиев.
Көпті көрген ақсақалдың сөзіне құлақ түрейік. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев:
«Біздің «Охотзоопром ӨБ» РМҚК - ның бір ақпаратын оқып отырсам «Ақбөкен Жайық және Бетпақдала популяциясы» деп жазыпты. Ал енді кеңес үкіметі тұсында ақбөкендер Бетпақдала мен Үстірт популяциясы деп бөлінетін. Үкімет пен ғалымдар тарапынан нақты дұрыс шешімдер қабылданбағанының кесірінен жыл сайын жүздеген мың киік әртүрлі себептермен өліп жатыр. Бірде оған кінәлі улы шөп деді, бірде егінге сепкен химикаттар деді, биыл қыс қатты қар деген уәжді айтады, әйтеуір сылтау табылады.
Ал енді мемлекет тарапынан ол жануарға бөлініп жатқан қаржы шексіз. Былтыр киікті қой секілді бағу тәсілін кіргіземіз деп даурықты. Бүгінгі таңда қазақ даласында қойды бағатын қойшы табылмайды. Ал енді ұзын аяқ киікті кім бағады? Бұндай шешімдерге не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.
Жоғарыда айтылғандай кеңес дәуірінде киіктің Қазақстанда екі ірі популяциясы болған. Бетпақдала мен Үстірт популяциясы. Мысалы Бетпақдала популяциясының киіктері қар түсе Бетпақдалаға бет алатын. Ол жерде жазғы уақытта су болмайды, шөлейт жер. Ал ол жердегі алуан түрлі шөптер күзге таман піседі, суық ұрғанда ащы шөптердің уыты қайтады да, қар түссе ол жерді маңыраған киік жайлайтын. Ол кездерде Сарыарқаның қысы қатты, қардың қалыңдығы метрден асатын. Сол уақыттағы бұл киіктер неге Сарыарқада қалмай Бетпақдалаға барды? Ол кездері Бетпақдала киіктері қар ери бастағанда Сарыарқа даласына келіп лақтайтын, сосын лағы өссе Солтүстікке қарай Есілді жағалап, күзде қармен жарыса Бетпақдалаға бет алатын. 2000 жылдардың басында киіктің Бетпақдала популяциясы толығымен жойылды. Сол кезде жоғарыда айтылған «Охотзоопром» тағы да сондай мекемелер құрылып, киіктің Үстірт популяциясын сақтап қалу шарасын бастаған. Олардың мәліметі бойынша 2003 жылы киіктің басы 21 мың бас болған екен, ал 2023 жылы оның саны 1 миллион 915 басқа жетіпті. Бұл екі миллиондай киіктің мәселесі Орал, Жайық төңірегіндегі егістік аймақтарға үлкен зиян келтіре бастағаны мәлім. Содан кейін олардың біраз бөлігін Ырғыз өзенінің бойымен баяғы Бетпақдала популяциясының арнасына түсірді. Нақтылап айтсақ оларды малша айдады. Киіктің соңында жүздеген машинамен «бақташылар» жүрді. Бұл жануарлар сол «баққанның» әсерінен байырғы табиғи жүрісінен жаңылып қалды. Бір сөзбен айтқанда біздің «ғалымдар» киіктің миын су етіп жіберді. Меніңше оларды баяғы өрісіне салып үйретпей бұл жануарлар өмір сүре алмайды. Сонымен қатар бұларды бағудың, ол үшін қыруар қаржыны шашудың керегі де жоқ. Киік дегенің өзінің тұяғымен, өзін өзі асырайтын жануар. Сондықтан бұл мәселеге мемлекет тарапынан көзқарас өзгеруі қажет деп ойлаймын, дейді.
Киіктердің қырылуының бір сыры сарыарқаның сайын даласының экологиялық мүшкіл жағдайымен ұштастырады. Қалай десе де түйіні шешілмеген мәселе көп. Бірақ жаппай қырылып жатқан киіктердің обалын кім көтереді?
Ұлытау облысы