• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2010

ГОРНОВОЙЛАР КӨШБАСШЫСЫ

558 рет
көрсетілді

Виктор Деркачқа қаншама жылдан бері бұл іс үйреншікті болса да, әр қайталанған сайын жүрек қобалжытпай қоймайды. Бүгін де горновойларға, газшы­ларға, слесарьларға нұсқау беріп, бірде жоғары шығып, бірде төмен түсіп, автоматтандырылған тетік­терге, аспап-құралдарға үңіліп, пультті бұрап, бәрін бақылап-басқаруға дамыл таппай жүр. “Шойын ағызар уақыт таяп қалды. Тездетіңдер қимылды. Сақ бол­ың­дар” деген дауысы жиі-жиі естіледі. “Виктор Иванович, біз дайынбыз” деп горновойшылар кезек-кезек дауыстайды. Домна пеші алдын­дағы шынылы ойыққа тақай түсіп көз жүгірткен ол темпера­ту­раны жоғарылату үшін бір түймені басып қалып, от алауы көгілдірлене беріп, 1900 градусқа жеткенде “Уақыт болды” деген бұйрығы естілуі мұң-ақ пеш шүмегі ағытылды. Астауша бойын қуалаған шойын селі үлкен қазанға сарқырай құйыла жөнелді. Жігіттер жүзі жарқын. Кезекті шойын алу әдеттегідей сәтті басталуына қуанышты бәрі. Әсіресе, аға өндіріс мастері Виктор Деркач мойнынан ауыр жүк түскендей енді бойын жеңіл сезінді. Отыз жыл бойында қаншама шойын ағызылды десеңші. Алайда әр сәтіне қатты алаңдайды. Іс ойдағыдай аяқталғанда барып қөңілі жайланып қалады. Біраз жыл қатардағы горновой болды. Анатолий Шацков, Төлеген Адам-Юсупов сынды шеберлермен қоян-қолтықтаса шойын селдетті. Солардың арқасында тәжірибе ба­йып, майталман маманға айнал­ды. Комбинат жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бітіріп, инженер-металлург атанды. Аға өндіріс мастері міндеті жүктел-геніне де мінеки, біраз жыл болып қалыпты. Қазір 100 горновойдың еңбегін ұйымдастыру, бүткіл жұмыс үдерісін үлгілі үйлестіру жауап­кершілігі мойнында. Әзірге өзі де, қамқорлығындағы әріптес­тері де ұятқа қалып көрген жоқ. Бұл күнде домна цехында бірнеше пеш бар. Бұдан 50 жыл бұрын іске қосылған біріншісінен кейін екіншісі, үшіншісі, төртіншісі сап түзеді. Соның 3-ші пеші күнделікті жұмыс орны. Өтпелі кезеңдегі өндіріс құлдыраған шақта оны сөндіруге тура келген бо­латын. Тек жағ­дай оңалғанда ғана оған қайта-дан тыныс бітіру-ге мүмкіндік ту­ған. Бұған дейінгі 2700 текше метр­лік көлемі 3200-ге жеткізілді. Пеш 2 метрге биік-тетіліп, көрігінің диаметрі 1 метрге ұлғайтылды. Тиісінше фурма­ларының саны 26-дан 32-ге, шойын босататын леткасы 3-тен 4-ке өсірілді. Құю ауласы жаңартылып, жүк көтеру тетіктері мен летканы бұрғылау және бітеу жабдықтары алмастырылды. Шихта түсіру, таразы қондыр­ғылары жаңартылды. Техноло­гия­лық үдерістерді басқару жүйесі автоматтандырылып, компью­тер­ленді. Теміртауға кезекті бір жұмыс сапарында қайта түлеп, жаңғырып, жаңарған пешті көрген Елбасы металлургтер қуанышын бөлісті. Кокстың шығыны тө­мендеп, өндірілетін шойын көлемі ұлғайған бұл пеште қазір жылына екі миллион тоннаға жуық шойын қорытылады. Сондай домна пеші жұмысына бас-көз болуды Виктор Деркач биік сенім санайды. “Осында қазақстандық тұңғыш шойын алынғанына 50 жыл толып отыр. Еліміз экономикасындағы елеулі оқиғаны тамаша табыс­тармен қарсы алдық. Бізге мұнда болашақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек еткені зор мақтаныш. Екінің бірі төзе бермейтін, кез келгеннің қолынан келмейтін істе шыңдалыс ізі Елбасының жемісті, қажырлы қызметінен байқалады. Комбинат­тың дамуға бет бұрып, айтарлық­тай жетістіктерге ілгерілеуі Нұрсұлтан Әбішұлының көмек-қолдауы арқасында екенін білеміз. Өрлеуге қолайлы жағдай барына көзі жеткен, оған мүмкіндік кеңдігіне сенім ұлғайған инвестор кә­сіпорын қуатын арттыруға жыл­дан жылға аса ынталы. Мұның өзі әлбетте теміртау­лықтарға үлкен мерей. Оның тынысына қарай қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі жақсарып келеді”, – дейді Виктор Иванович. Сөз орайында айта кеткенде Деркачтың домнадағы жұмыс өтілі 30 жылдан асады. Ал осынша жыл мұндай орында табан аудармастан еңбек ету ғажайып төзімділік деуге болады. Өз ісін шексіз сүйген, соған әбден берік металлургтерге ғана тән қасиет. Ол да сондайлар сапынан. Бет қаратпайтын жалын атқан пеш алдында жүріп еңбек етуден артық ыстық ештеңе жоқтығын айтады. Даңғайыр горновой қамқор­лы­ғындағы ізбасарларының дені өндіріске жаңадан келген жастар. Олар білетіндей бұл кәсіптің қыр-сыры терең. Асқан мұқияттылық пен ыждағаттылықты талап етуімен бірге кәсіби білік пен шеберлік қажет. Ал ол оңайлықпен қалыптас­пай­ды. Көп ретте кімнен үйренуге байланысты. Жақсы тәлімгер қол астына тап болу еңбек жолының оңғарылуы деген сөз. Осы орайда бәрі дерлік соған қуанышты. – Мен тағдырым осы кісімен тоғысқанына разымын. Төлеген Адам-Юсуповтай әйгілі металлургтің алдынан өткен ол ұстаздықтың қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Сон­дықтан бар тәжірибесін бой­ы­мызға сіңіруден аянбайды. Соны қонды­ру­ға құштармыз. Еңбегіміздің берекелі болуы да соның арқасы. Мартен мен домна пештерінде, конвер­тор­ларда балқытылған болат пен шо­йын­ның беріктігіндей біздің бір­лігіміз де мықты. Виктор Ивано­вичтің осындай қасиеттерін бөле-жара айтар едім, – деп пікір білдірген Сергей Летау сөзін шойын алушылардың қай-қайсысы да қостайды. Кезінде Қазақстан Магниткасы атағын Алтынбек Дәрібаев, Арғын Жүнісов, Сергей Дрожжиндер дүрілдетсе, енді осы Виктор Деркач тәрізді тарландар жаңғыртып жүр. Иә, қай кезде де алып өндіріс ерен еңбек саңлақ­тарына кенде болған емес. Магнитка мақтаныштары дегенде Виктор Ткаченко, Валерий Маслов, Ермек Төлеубаев сияқты әріптестерінің есімдерін атайды. Өзінен гөрі өзгенің еңбегін дәріптеуге ынтық. Бүгінде бұрынғыға қарағанда өндіріс көп өзгерген. Жаңа техника, автоматтандырылған жұмыс жүйесі біліктілікті ұдайы көтеріп отыруды алға тартады. Деркачтың қарама­ғын­да­ғыларға қояр басты талаптарының бірі де осы. Мұны білетін ұжым мүшелері соған талпынады. Рас, кезіндегідей көл-көсір жоспар көлемі жоқ. Нақты тапсырма бар. Ол боса-болмасын тыңғылықты орын­далады. Бір ауысымда 10 мың тонна шойын ағызу В.Деркач бас­таған жігіттердің дағдылы қимылы. Қазір аталған домна пешінің горновойшылары үлкен толқыныс үстінде. Алғаш шойын алынуының 50 жылдығына орай мерекелік балқыма өткізіледі. Соған қатысушылар ортасында Виктор Деркач та болады. Айқын НЕСІПБАЙ. ТЕМІРТАУ.