Кеңгір су қоймасы 97,9 пайызға толып тұр. Қаракеңгір өзені арнасына салынған Кеңгір бөгені 1952 жылы іске қосылған. Ұлытау облысына қарайтын үш қаланы сумен қамтамасыз етіп отыр. Жақында бұған дейін «Kazakhmys Distribution» ЖШС құзырында болып келген Кеңгір су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылды.
Кеңгір жасанды көлінің жалпы сыйымдылығы 319 млн. текше метр. Наурыздың 21 - 3 сәуір аралығында су қоймасына шамамен 75 млн. текше метрден астам су келді.
Ұлытау облысы Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері Қуандық Аманқанұлы: «Қазір су қоймасы 97,9 пайызға толып тұрған соң артық суды сыртқа ағызып жатыр. 5 және 4 шандорлар ашық тұр. 4 және 5 шандор 1 метрден, яғни 16,8 млн. текше метр суды жіберіп жатыр», дейді.
Қар қалың түскен Ұлытаудың басындағы қар ерігенше әлі су келетінін білетін жауапты адамдар жағдайды бақылауда ұстап тұр.
Әзірге жағдай тұрақты. Төтенше жағдайлар департаменті жанынан құрылған штаб жұмыс істеп жатыр.
Ұлытау облысы