• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2015

Нақты іс-әрекеттер алгоритмі

515 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр МӘКЕНМЕН әңгіме Әлемдегі бүгінгі өзгерістер мен күрделі кезеңдер ешбір мемлекетті бейтарап қалдыра алмайды. Оларды алаңдатпай қоймайды. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы осындай жаһандық сын-қатерлердің алдын алудан туындағаны белгілі. Бұл стратегиялық құжат бүгінде – Ұлт жоспары. Бес институттық реформамен және 100 қадаммен толықтырылды. 100 қадам – нақты іс-әрекеттер алгоритмі. Бұл қазақ елінің әлемдік дамудағы рөлінің өсуінен туындайды. Өйткені, еліміз бүгінде өзге мемлекеттерге, соның ішінде Орталық Азия аймағына ықпал жасай алатын, әрі дағдарыстар мен қауіп-қатерлерден оңтайлы жол тауып шыға алатын біріктіруші елге айналды. Жаһандық маңызы бар осынау міндеттер – Қазақстан үшін дамудың жаңа жолына түсу – заңды құбылыс екенін көрсетеді. Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына түсу мүмкіндігі де Елбасы белгілеп берген 100 қадаммен шегенделмек. Әрі мұның өзі көпэтносты және көп конфессиялы қоғамның басты негізі мен жетістігі болып қала бермек. Осы айтылған міндеттерді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмыла шешу – ел өңірлеріне де жауапты міндеттер жүктейді. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.МӘКЕНМЕН әңгіме осындай бағытта өрбіді. – Бақтияр Мәкенұлы, Елбасы белгілеп берген бес институттық реформамен оқырмандарымыз жақсы таныс екеніне ешқандай күмәніміз жоқ. Сондықтан осы реформалар аясында қандай міндеттер қойылғанын қайталамай, өңірде оны орындау үшін нендей алғышарттар белгіленіп отырғаны жөнінде әңгімелеп бергеніңіз жөн шығар. – Әлбетте. Бұл ретте біздің міндетіміз – азаматтардың «Мәң­­­гілік Ел» патриоттық актісіне белсене қатысуын, оған өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін қосуын қамта­масыз ету болмақ. Бүгінде Қазақ­стан­ халқы Ассамблеясы белгі­леген­ «Үлкен ел – үлкен отбасы» жо­басының мәні мен маңызы өте жоғары. Аталған ауқымды жоба қазақ­стандық біртектілік пен азамат­тық қоғамның тұтастығын қа­лып­тастыруға қызмет жасай алады. Соған сай бүгінде ел ай­мақ­­­­­та­рында, соның ішінде Орал өңі­рін­де «Ме­рей­лі отбасы» ұлттық жо­ба­сының алғашқы кезеңі мәреге жетті. Бүгінде өңірлерде Ұлт жоспарына сай қолға алынған қабырғалы қағидаттың бірі – республикамызда 2020 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұғырнамасынан бастау алады. Әсіресе, мұнда ішкі туризмді өркендетуге және ай­мақтарда мәдени туристік клас­терлерді құруға айрықша көңіл аударылмақ. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысының мүмкіндігі мен әлеуеті және тарихи-мәдени мұрасы мол деуге болады. Атап айтқанда, еліміздің көне де жаңа қалаларының бірі – Орал өзінің туристік тартымдылығымен және бай тарихи шежіресімен ерекшелене алады. Бөкей ордасы ауданында орналасқан тарихи өлкетану музейінде де бүгінде туризмді дамыту жөніндегі халықаралық нормативтер мен талаптарға сай іргелі істер қолға алынды. Бұған қоса, Орда – Нарын құмы аума­ғындағы тамаша табиғи ландшафтар да тарихи өңірдің туристік тар­тымдылығын көтере түсері кәміл. Тұтастай алғанда, біз туристік саланың, соның ішінде сыртқы және ішкі туризмді дамыту үшін облыстың барлық әлеуетін ашуды ойластырып отырмыз. Бұл үшін туристік кластерді дамыту мен оны іске асыру жөнінде арнаулы шешім қабылдау қажеттілігі туындайды. Айталық, «Қазақстан энциклопедиясы» интернет-жобасының мақсаты елдің әр азаматына және шетелдік туристерге еліміз жөнінде мол, терең әрі жан-жақты деректер мен мағлұматтар беру екені белгілі. Өңірлерде жасалатын жобалар да осы арнадан тамыр тартса игі. Өз кезегінде мұның өзі бұқара халықтың қатысуымен және БАҚ өкілдері мен туристік компаниялардың көмегімен іске асатын шаруа. Батыс Қазақстан Ресейдің бес губерниясымен шектеседі. Көршілес, шекаралас тұрғындар Орал өңірінің бүгінгі жәй-күйіне үлкен қызығушылық танытып отырғаны да шындық. Осы сұра­нысты өтей алсақ, ойға алған мақсатымыздың орындалғаны. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі күні ішкі туризм бағыттарына баса көңіл бөлудің рөлі жоғары. Бұл үшін санаторийлік-курорттық ем алу мен демалу бағаларын ың­ғай­ластырудың тиімділігі мол. Бұған қол жеткізу үшін даму тұт­қасы болып табылатын барлық фактор­ларға экономикалық талдаулар жасалуы қажет деген ойдамыз. – Мектеп пен жасөспірімдер туризмі мәселесі тасада қалып жүрмей ме? – Жоқ, олай болмайды. Рас, бү­гінде оның әлеуеті мен мүмкін­дігі толық әрі жан-жақты ашылып бола қойған жоқ. Сайып келгенде, мектеп туризмі – қазақстандық патрио­тизм рухына тәрбиелеудің негізі. Мұның бәрі бізден мақсаткерлікке бағытталған жүйелі жұмыс пен нақты шешімді талап етеді. – Ұлт жоспары мен бес инсти­туттық реформа өзегінде бұған дейін айтылған Жалпыға Ортақ Ең­­бек Қоғамы ұлттық жобасын­ одан әрі тереңдету туралы да атап­­­ көрсетілген. Бұған не дейсіз? – Бұл үшін біз қарапайым еңбек адамдары мен жұмысшылардың және еңбек пен құрметке бөленген әулеттердің жетістіктерін ұдайы үлгі-өнеге етіп көрсете білуге тиіспіз. Мұндағы басты мақсат – қарапайым еңбектің қадір-қасиеті мен мәртебесін көтеру. Қараңыз, қазіргі мектеп оқушыларының басым бөлімінің сана-сезіміне жұмысшы мамандығы туралы ой кіріп те шықпайды. Есесіне олар жоғары төлем төленетін мамандықтар туралы көбірек толғанады. Еңбек адамының рөлін көтеру қажеттілігі де осында. Бұл ретте, әсіресе, жастар ресурстарының әлеуетін барынша тиімді пайдалану қажеттілігі айқын аңғарылады. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының басты мәні – жасампаз еңбектің бәсін көтеру болса, бұл үшін кәсіптік бағдарлауға бірінші кезекте назар аударудың берері мол демекпіз. Сонымен бірге, бүгінде облыс­та «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын іске асыруға орай қажетті іс-шаралар кешені белгіленді. Соның бірі – тарих пәні мұғалімдері үшін этномәдени бірлестіктердің бірінің базасында ұйымдастырылу көзделген арнайы курстар. Осы шеңберде ЭКСПО-2017 көрмесіне әзірлік пен оған өңірдің қосатын үлесі туралы іс-шаралар шоғыры белгіленді. Бұл іс алдағы жылы Астана қаласына экскурсиялық сапар ұйымдастырудан бастау алмақ. Оның құрамында негізінен жас география пәнінің мұғалімдері болмақ. Тұтастай алғанда, «Мәңгілік Ел» идеясын одан әрі асқақтату үшін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінде практи­калық іс-қимылдар жоспары бе­кітілген. Мұнда этномәдени бірлес­тіктер мен қоғамдық ұйым­дардың мемлекеттік органдар­мен байланысына және олардың бірлесіп атқаратын ортақ қызме­тіне үлкен көңіл бөлінген. Қалай дегенде де, қазіргі күні Ұлт жос­парын орындауға бәріміз бір кісідей жұмыла кірісуіміз қажет. Ел Үкіметі бұл ұлы істі жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Бұл орайда өңірлердің міндеті оған белсенді түрде қатысу, бір бүйірде қалып қоймау деп түсінеміз. Мұнда жоғарыдан тапсырма күтпей-ақ, Ұлт жоспарына өз ұсынысымызды айтып, нақты істерді қолға алғанымыз орынды. Осы мақсатта бүгінде өңірде қала, аудан әкімдері мен басқарма басшылары өз салалары бойынша аталған бағдарламаны іске асырудың кезеңдік жоспа­рын жасауды ойластырып отыр. Сондай-ақ, медиа-жоспар құру шара­лары қарастырылып, қабыл­данған қадамдарды көрсету үшін спи­керлердің тізімдері түзілуде. Облыстық ішкі саясат депар­та­менті мен жастар ісі жөніндегі бас­қармалар әлеуметтік зерттеу­лер жүргізуді жүзеге асырып, мем­лекеттік әлеуметтік сұраныс тақы­рыбын кеңейте түсуге қам жасауда. Яғни, ең басты міндет Ұлт жоспарында қойылған міндеттерді ауыл тұрғындарының арасына жеткізу болып отыр. Қысқасы, Ұлт жоспары – ел болашағын бекем бағдарлай білген кемел құжат. Ел болашағы да біздің бәріміздің Ұлт жос­парына деген көзқарасымыз бен іс-қимылымыздың қандай болатынына байланысты десек, қателеспейтін шығармыз. Сондықтан, аталған жос­пар бейне-бір бәріміздің үстел үстін­дегі кітабымызға айналуға тиіс. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бәрімізге ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетіп берді деп білеміз. Әрқайсымыз өз үлесімізді қосқан жағдайда ғана 100 қадамның ғұмыры ұзақ әрі мәңгілік болмақ. Сонымен бірге, институттық реформаны іске асырудың тетіктері де әжептәуір жеңілдемек. Осы арқылы бәріміз еліміздің өсіп-өркендеуіне алғышарт қалай аламыз. Халқымыздың «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» деген даналық сөзі де осындайда айтылса керек. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН,  «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы. Суретте: Бақтияр МӘКЕН.