Қазақстан және Қырғызстан шекарасында 16 наурызда басталған «Тосқауыл – 2025» бірлескен операциясы 12 сәуірге дейін жалғасады. Операция ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек, Қарасай аудандары бойынша шекара басқармаларының аумағын қамтиды, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстан және Қырғызстан шекаралық ведомстволары арасындағы келісім негізінде өтіп жатқан операцияның нәтижесінде ұсталғандар аз емес.
Сондай оқиғалардың бірі, 2 сәуір күні сағат 17:00 шамасында Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының ҚР тұңғыш президенті атындағы шекара бөлімшесінің учаскесінде болған.
Ерікті жасақшы Н.Тлеубердиев шекараның бойында белгісіз адамның жүргенін байқап, бұл туралы бірден шекара бөлімшесіне хабар берген. Көп ұзамай, аға лейтенант Е.Сауырбаев бастаған «Дабыл» тобы мемлекеттік шекарадан бірнеше шақырым жерден Қазақстан азаматы ұсталған.
Әйел адамның айтуынша, ол тау ішінде мал іздеп жүрген. Нарынқол ауылының тұрғыны, жеке басын куәландыратын құжатын үйінде ұмыт қалдырғанын айтқан. Алайда мұндай уәж шекара режимін бұзушыларды жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан, шекарашылар қолға түсірген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалады.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.