АСТАНА. 11 ақпан. Қазақстандағы ең атағы жоғары боксшы қыз Марина Вольнова қазіргі күндері ана атануға дайындалып жүр. Бұл туралы «Казахстанская правда» хабарлады.
Қазақстанда бокстан ұдайы бір қалыпты өнер көрсетіп, жоғары табыстарға жетіп келе жатқан бірден-бір боксшы Маринаның соңғы жарысы күзде Инчхонда өткен Азия ойындары болды. Сол сайыста ол тағы да өзінің жоғары деңгейін танытып, қола медальдің жүлдегері атанды. Ал Ойындардан кейін Маринаның жаңа өмірі басталды: ол қолғабын шегеге ілді, тұрмыс құрды...
Осылайша Марина Вольнова жаңа өмірдің табалдырығынан аттады. Лондон Олимпиадасының жүлдегері қазір Астана қаласында тұрады. Ана болуға дайындалып жүр. Қазақстан боксының мақтанышы болған қыздың қандай жоспарлары бар екен. Мұны одан Kazpravda.kz тілшісі сұрады.
– Ұмытпағандарыңыз үшін рахмет, – деді Марина тілшіге. – Жүктілік кезеңі жақсы өтіп жатыр. Жаратқан қолдаса, мамыр айында ана боламын. Мен тұрмысым үшін шексіз бақыттымын. Бала тәрбиесіне психологиялық жағынан дайындалып жүрмін. Бәрі жақсы болуға тиіс!
- Боксты қойған кезіңізде сіз ұлттық құрамаға сөзбен де, іспен де көмек беретініңізді айтып едіңіз...
- Иә, менің жарыстардан алған тәжірибем мол. Құрамадағы құрбыларым үшін де қашанда әзірмін. Әлем чемпионаты алдында қыздар маған келіп кетті. Өте жақсы әсер етті. Мен қолымнан келгенше оларға дем беріп бақтым.
Білесіздер ме, мен Қазақстан үшін Чеджудің табысты болатынына сендім. Біздің құрамадан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Назым Қызайбайдың жеңісіне қуаныштымын. Мен оның қалай жұмыс істейтінін жаттығу кезінде көргенмін. Мен үшін оның осындай жетістікке жетуі таң қаларлық нәрсе болған жоқ.
Қазақстанның әйелдер боксы үдемелі түрде дамып кеелді. Қазір біздің командамен жұрттың бәрі санасады. Соңғы нәтижелер (өткен жылы Қазақстан құрамасы Азиада мен планета жарысында екі жүлдеден алды) – осыған дәлел. Біз кез келген қарсыласпен тең шайқасуға дайынбыз.
- Сіздің рингке қайта оралуыңыз мүмкін бе? Немесе жаттықтырушылық жолға ауысасыз ба?
- Әзірге бұл сұрақтар ашық күйінше қалсын. Дәл қазіргі сәтте менің мүлде басқа жоспарларым бар.
Еске сала кетейік, Марина Вольнова Қазақстан әйелдер құрамасындағы Олимпиаданың қола жүлдегері, әлемнің күміс және қола жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионы деген атақтарды жеңіп алған жалғыз боксшысы. Ол 75 және 81 килоға дейінгі, 81 килодан ауыр салмақтарда өнер көрсетті. Жаттықтырушы Берік Мыржықпаевтың шәкірті. Қазақ тілін өте жетік біледі.
Руслан Игілік.