Ақтөбе өңірінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдық мерейтойы аясында көптеген мәдени-көпшілік шаралар өткізілуде. Соның бірі – Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өткізілген «Жерім менің» патриоттық әндер байқауы. Байқауды қазылар алқасының төрағасы, композитор, Кеңес Дүйсекеев ашып, өнер додасына қатысушыларды құттықтады. Облыста биыл екінші рет және алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған көрнекті композитор, Ақтөбе өңірінің тумасы Бейбіт Оралұлының әндерін орындаушылардың байқауына сәттілік тіледі. Бейбіт Оралұлы туралы жылы лебіз білдіре келіп, жас орындаушыларға өнерде өз биіктерін бағындыруға деген ізгі ниетін білдірді.
Байқауға еліміздің барлық аймағынан және Ресей, Әзербайжан, Қырғызстаннан 17 жас орындаушы қатысты. Байқаудың шарты бойынша олар Бейбіт Оралұлының бір әнін және өз қалауы бойынша бір ән орындады. Байқауға қатысушылардың өнерін қазылар алқасының төрағасы, композитор Кеңес Дүйсекеев, мүшелері – композитор Бейбіт Оралұлы, композитор, Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Сардар Фараджев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Алтынай Жорабаева, композитор, продюсер Ренат Ғайсин, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылбек Еңсепов, әнші Гауһар Қаспақова бағалады.
Байқау шымылдығын ақтөбелік Сәбит Бегман Бейбіт Оралұлының «Махаббатым өмірдегі менің» әнімен ашты. Өнер сайысына үкілі үмітпен келген жас әншілер кезегімен сахна төріне көтерілді. Нәтижесінде байқаудың Гран-при жүлдесін Қарағанды облысынан келген әнші Арайлым Жөкенова жеңіп алды. Бірінші орынды Батыс Қазақстан облысының әншісі Айымбек Сартықова иеленді. Ақтөбелік Нұржан Оразов пен Әзербайжан Республикасының жас таланты Фахри Казим-Ниджат екінші орынға табан тіреді. Оңтүстік Қазақстан облысының «Семсер» тобы мен жас әнші Гүлхан Жуашбаевға, ақтөбелік Лаура Таусароваға үшінші орын бұйырды.
Жас әншілердің шеберлігін шыңдаған байқау Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Бейбіт Оралұлының 60 жылдық мерейтойына арналған «Ауылым – ақ бесігім» атты шығармашылық кешке ұласты. Кеш барысында мерейтой иесі атына жылы лебіздер айтылып, сый-сияпат жасады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТӨБЕ.