• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2010

БӘЙТЕРЕКТІҢ БҰТАҚТАРЫ

619 рет
көрсетілді

Біз – қазақстандықтармыз! “Егемен Қазақстан” ел газеті ретінде мемлекет өміріндегі елеулі оқиғалардың қай-қайсы­сына да қатысып, өз үнін қосып отырады. Осы ойдың тағы бір дәлелі – басылымның кеше Ас­та­надағы Бейбітшілік және ке­лісім сарайында өткізген фото­көрмесі. “Ертең осы ғимаратта Еуро­па­дағы Қауіпсіздік пен ынтымақ­тастық ұйымының төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясы ашы­лады. Осы оқиғаның алдында “Еге­мен Қазақстан” республи­ка­лық газеті” акционерлік қоғамы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, “Қазақстан – достық пен келісім мекені” атты фо­токөрме ұйымдастыруды орын­ды деп тапты”, деді көрмені ашар­дағы кіріспе сөзінде басылым басшысы Сауытбек Абдрахманов. Көрмеге осы тақырыптың таң­далуы да, оның ЕҚЫҰ аясындағы алқалы жиын өтіп жатқан ғима­ратта ұйымдастырылуы да заңды. Расында да, Қазақстан Республи­касының өз тәуелсіздігінің 20 жыл­ға да жетпейтін тарихында әл­ем­ге әйгілі мемлекетке айна­лу­ында, саясаты тұрақты, эко­но­ми­касы қуатты ел ретінде мойындалуында, кешегі кеңестік кеңістіктегі елдер ара­сынан тұңғыш рет, Азия құрлығындағы мемлекеттер арасынан тұңғыш рет, түркі тілдес мемлекеттер арасынан тұңғыш рет Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалыққа сайлануында осы мәселенің, яғни көп тілді, көп дінді, көп этносты елде достық пен келісім ахуалын сақтауға қол жеткізуінің де үлкен орны болды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаев егемендіктің елең-алаңынан, тәу­елсіздіктің таңсәрі шағынан біздің басты байлығымыз – бірлік екендігін, көпэт­носты мемлекеттің әлсіздігі емес, қайта қуаттылығының бір белгісі ретінде қа­рауға болатындығын талмай айтып, кең байтақ Қазақстанға әр ғасырда, әр кезеңде, әр түрлі жағдайда келген барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға қажетті жағдайларды жасаумен келеді. Соның арқасында талайлар ұлт­аралық шиеленістер алдымен осы жерден шығады деп болжам жасаған Қазақстан керісінше, достық пен келісімнің үйре­нерлік үздік үлгісіне айналды. Қазақ­стан­ның этносаралық татулықты сақтаудағы моделі бүгінде бүкіл әлемге танымал болып отыр. Басылым басшысы ұлы Абайдың: “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп”, деген өлең жолын мысалға келтіре отырып, Қазақстан халқы ақын атаның осы аманатына адалдығының арқасында сүттей ұйып, ортақ Отанының – тәуелсіз Қазақстанның өркен жайғанына куә бо­лып отыр. Президентіміз Қазақстанның басты байлығы оның жер қойнауындағы қазынасы, мұнайы мен газы емес, адам­дары, адамдардың жүрегіндегі жылылық, жарастық, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай татулық, деген ойды үнемі айтады. Көрме экспонаттары береке басы бірлік, ырыс алды ынтымақ екенін сурет өнерінің бейнелі тілімен танытуды мақсат тұтады. С.Абдрахманов көрмені ұйымдас­ты­руға жасаған көмегі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыс айтып, Ассамблея Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановқа сөз берді. Ол Астана төрінде ашылған “Қазақ­стан – достық пен келісім мекені” атты фотокөрменің өткізілуіне жоғары баға беріп, оны ұйымдастыруға атсалысқан “Егемен Қазақстан” газетіне алғыс сезі­мін жеткізді. Алдағы кезде ата басы­лымның жолымен басқа да бұқаралық ақпарат құралдары халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты көрсетуге арналған іс-шараларды көптеп өткізуге тілектестігін білдірді. Сөз орайында Ассам­блея Төрағасының орынбасары осындай көрмелер арқылы еліміз тәуелсіздігін алған кезден бері тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Қазақстан хал­қының бүкіл тыныс-тіршілігін көруге болатынын, мұның өзі Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың жүргізіп жатқан саясатына көрсетілген қолдау екенін, біздің бәрі­міздің ортақ шаңырақта тұрып жатқан­дықтан, бір-біріміздің жақсы­лы­ғымызды асырып, өзге елдерге үлгі бо­лар­лықтай істерімізді әлемге таныту әрбір азаматтың міндеті мен парызы деген пікірін білдірді. Расында да қазір біз алысқа бармай-ақ айналамызға қарасақ, Қазақстанның басқа елдерге үлгі боларлықтай жүргізіп отырған саясатын үлкенді-кішілі болып әлемге таныту қай-қайсымыздың да бо­рышы­мыз екені сөзсіз. Өйткені, бүгінде еліміз­де халықтар арасында бірлікті сақтау, ынтымақты нығайтуда мән-маңызы жағынан ғасырға татитын істер көп. Мұны ең алдымен қазақ халқының өзінің кең жазиралы даласындай, кеудесі кемедей көңілімен, ғасырлар бойы ата-бабамыздан бойымызға тарап келе жатқан қонақжайлығымен, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін мінезімен, әр нәрсені терең ойлап, бажайлай алатын сана-сезімімен, алыстағыны анық аңға­ратын ой-парасатымен, өресінің биік­тігімен байланыстыруға болады. Қазіргі кезде осының бәрі қазақ халқының кеңпейілдігімен, бірлікті басты мақсат деп санайтын, өзге ұлттарды өзім деп білетін қасиеті Елбасының тәуел­сізді­гіміздің ақ таңы арайлап атқан кез­ден бергі саясатымен астарласып жат­қаны әмбеге аян. Сонымен бірге халық­тар арасындағы достық пен ынтымақ­тастықты 1995 жылы Мемлекет басшы­сының Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі бірлікті сақтауға қосып отырған үлес-салмағымен де байланыстыра кеткеніміз жөн. Фотокөрме жұмысының барысында Ас­сам­блея мүшелері – Парламент Мә­жі­лісінің депутаттары мен ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері еліміздегі ауыз­­біршілік пен тұрақтылық жөнінде біл­дірген пікірлерінде жоғарыда келтірілген мәліметтермен толық келісетіндерін баса айтты. Украин ұлттық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Тамара Шир­мер мен Чешен-ингуш ұлттық-мәдени орталығының өкілі Салман Героев тақырыпқа тұздық ретінде фотокөрменің мән-маңызын, оның адамның бойына отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда атқаратын рөліне тоқталып, елімізде халықтар арасындағы бірлікті сақтауда, ынтымақты нығайтуда істелініп жатқан іс-шаралардың маңыздылығы жөніндегі ой-пікірлерін білдіре кетті. Мәселен, Т.Ширмер украиндардың Қазақстанға алғаш рет табан тіреген сонау XVІІ ға­сырдан бастап жергілікті ұлтпен біте қай­насып, қазірде 450 000 қандаста­ры­ның қазақ халқымен тату-тәтті өмір сү­ріп келе жатқанын айтса, С. Героев өт­кен ғасыр­дың 40-жылдарынан бері Кав­каз халық­тарының Қазақстанға еріксіз келгендерін, уақыт өте келе елімізді өз Отанындай көріп кеткендерін, жақында Ресейде олар “Қазақстан – менің екінші Отаным” атты басқосу өткізгендерін атап көрсетті. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Людмила Хочиева Ассамблея тұжырым­дамасында айтылған: “Қоғамда Қазақ­стан – біздің ортақ Отанымыз деген ұғым түпкілікті орнығуы қажет. Қандай ұлт­тың өкілі болғанына қарамастан, дос­тық, татулық пен келісім ахуалын орнықтыруға жәрдемдесу – әрбір азаматтың борышы”, деген түсінік баршамыздың бойымызда қалып­тасу керектігін, өйткені, біздің бір-бі­рімізге тірек болып, сыйласып өмір сүру ең маңызды да құнды қа­сиет екенін, оны сақтау бәрі­міз­ге зор тарихи сын болу керектігін атап өтті. Одан әрі ол елімізде та­ту-тәтті өмір сүріп жатқан ұлт­тар­дың қазақ топырағы, қазақ халқы арқылы қаншама тағдыры өзгер­генін, бүгінде оларға бәрі өз ана тілдерін, салт-дәстүрлерін сақ­тауға барлық жағдайдың жасал­ға­нын, сондықтан олар Қазақстанды бар­шамызға алтын ұя бола білген мем­лекет, бәріміз де үлкен үйдің уық қанаттарымыз, ортақ шаңы­ра­ғымыз қазақ халқы, қазақ мәде­ниеті деп сезінетіндерін айтты. Бұл орайда халық қалаулы­сының Мәжіліс мінберінен, мер­зімді басылым беттерінен Қазақ елінің әрбір жетістігін, тағдырдың жазуымен осында қоныс аударған өзге ұлттардың ерекше мақтан тұтатынын тілге тиек етіп келе жат­қаны белгілі. Қазір Қазақ­стандағы саяси тұрақтылық пен халықтар арасындағы татулықты биік мінберлерден ғана емес, қа­рапайым жұмысшы отбасы­ла­рының, қазақ даласына келіп, осы жердің топырағы мен ауасын жанындай жақсы көретін басқа ұлттар­дың да, шетелдіктер мен сондағы аузы дуалы саясаткерлердің де жасырмай айтқысы келетіндерін көріп жүрміз. Осы жағынан алғанда, еліміз мерейінің өскені, барша­мыздың мәрте­беміздің өскені деп білеміз. Қорыта айтқанда, тақырып аясы жа­ғынан алып қарағанда сан-салалы, көріністерді қамту мәселесіне келгенде өте ауқымды бұл көрнекі бейнелілік сипатқа ие мәдени шарада еліміздің тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Отанымызда тұрып жатқан 130-ға жуық этнос өкілдерінің татулығы мен ынты­мақтастығын, соның негізінен келіп шыға­тын ел бірлігі мен тыныштығын сақтаудағы ерен еңбегі жарқын көрініс тапқанын атап айту жөн. Көрмеге қазіргі заманғы озық дизайндық, жоғары техникалық орындаушылық шеберлікке ие түрлі-түсті 62 жұмыс қойылған. Олар еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып келе жатқан жұмысын, аймақтар мен өңірлердегі ұлттық мәдени орталықтардың тыныс-тіршілігін қамтып отыр. Бұл фотокөрмеде сонымен бірге елімізді өзінің Отаны, тағдыры, өмірі деп білетін этнос өкіл­де­рінің тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрлері анық әрі айшықты түрде жан-жақты көрініс тапқан. Дастан КЕНЖАЛИН.