Аймақтар 11 Сәуір, 2025

Ардагер фототілшінің көрмесі өтті

77 рет
көрсетілді

Марқакөл ауданы, Қазақстан ауылының тумасы, ардагер фототілші Қалиғұмар Қабдешевтың 85 жасқа толу мерейтойына орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада көрмесі өтіп,«Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» атты кітабының тұсауы кесілді. Салтанатты шараға айтулы азаматтармен қатар жас журналистер қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Ең әуелі ардагердің ізбасар інілері ізгі тілектерін айтып, әннен шашу шашқан. Содан кейін салтанатты шараның қонақтары ақын Ұлықбек Есдәулет пен ардагер фототілші Нұрмамбет Қизатов, Қазақстан Журналистер академиясының Президенті Сағымбай Қабашұлы, «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысының Вице-президенті, баспагер Валерий Айтмұқашұлы көрменің көк лентасын қиды.

Бүгінгі сурет, ертеңі тарих деген тәмсіл дөп айтылған. Көрме соның дәлеліндей еді. Күні кеше таспаға тартылған фотосуреттер бүгін тарих болып, көрмеде тұр. Көрермендер қызықтап, кешегі күннен естелік айтысып жатты. Қалиғұмар Қабдешев тіпті әскер қатарында жүріп, небір фотосуреттер түсірген екен. Ең алған оң түстік полюске барып, фотосурет түсірген де Қалиғұмар ақсақал еді. Сонау 1965 жылдары Антарктидадан түсірілген сол суреттері де көрменің төрінен табылды.

«Әскер қатарында жүріп, оң түстік полюске барып, сол жақты фотосуретке түсірген тұңғыш қазақ Қалиғұмар Қабдешев еді. Сол заманнан бастап, бертінге дейінгі фотосуреттері көрмеге қойылып, кітапқа енді. Сонымен қатар, Дінмұхамед Қонаевтың іс сапарларын да фотоаппаратқа басып жүрген абыз ақсақалымыз еді», дейді кітаптың құрастырушысы Дәурен Мақсұтханұлы.

Келген қонақтардың кейбіреуі көрмеден өздерін танып, мәз-мәйрам болысып жатқан. Олар өткеннен естелік айтысып, шараның екінші бөліміндегі дөңгелек үстелде бас қосты. Шара тізгінін ұстаған фототілші, ұстаз Асылхан Әбдірайым мерейтой иесінің өмір жолы туралы азды-көп ақпарат бере келе сөз кезегін ақын Ұлықбек Есдәулетке берген.

«Қалиғұмар Қабдешұлы мен менің ауылымның арасы жүз шақырымдай ғана. Жерлестігіміз өз алдына, бұл кісінің өнерін қатты сыйлаймын. Көрме залына енгенде, тарихпен қауыштық. Әр саланың мықтылары бар. Ал фотоөнердің мықтысы, абызы – Қалиғұмар ақсақал», деді ақын Ұлықбек Есдәулет.

Жалғасын тапқан шарада Шығыс Қазақстан облысы әкімінің құттықтау хаты оқылып, Марқакөл әкімдігі атынан ақсақалға шапан жабылды. Ізін басып келе жатқан әріптес бауырлары да қолпаштап, құрмет көрсетті. Еске салсақ, Қалиғұмар Қабдеш театр мен кино саласына да зор еңбегі сіңген. Асанәлі Әшімов, Досхан Жолжақсыновтарға арналған фотоальбомы да жарық көрген.

«Менің өмірімді, өнерімді етене жақсы білетін біреу болса, ол Қалиғұмар Қабдешұлы. Жүріп өткен жолымды таспалады, альбом етіп қаттады. Енді елге барып, көрме қойсам дейді, сәтімен болса екен», деп ақ тілегін жолдады әйгілі актер Асанәлі Әшімов.  

Иә, ардагер фототілшінің ендігі жоспары, туған жері Марқакөл өңірінде жеке көрмесін өткізу.